Basty bet

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Қар көшкінінен қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған турнир өтті

91678 әскери бөлімінде Отан алдындағы қасиетті борышын адал және абыроймен атқарып, еліміздің тыныштығын қорғау жолында 2017 жылғы 17 ақпанда жауынгерлік оқу тапсырмаларын орындау кезінде арнайы мақсаттағы таулы егерлік ротасының жауынгерлері аға лейтенант Мошабаев Әлішер Қырықбайұлы, кіші сержант Қыдырбаев Мақсат Тұрарұлы, Ерісбаев Әуесбай Көмекбайұлы, Арапбаев Әмір Жаңабайұлы, ефрейтор Тұрысмағамбетов Мұхит Балмағамбетұлы, қатардағы Кеңес Тілеужан Қуатжанұлы, Шәкен Мақсат Құманғазыұлы табиғаттың салдарынан қар көшкіні астында қалып, қаза тапқан болатын.
Тәуелсіз мемлекетіміздің тыныштығы мен бейбітшілігін қорғау жолында өз міндеттерін абыроймен атқарып, қаза болған жауынгерлер, Қазақстан Президентінің 2017 жылғы 2 мамырдағы Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Өткен жұмада әскери бөлімде қаза тапқан аталған жауынгерлерді еске алуға арналған кіші футболдан турнир өтті.
Ауқымды шараға Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадр департаментінің бастығы генерал-майор Қайрат Көпбаев, «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы полковник Абай Жолдасов, аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов, әскери қызметшілер мен қаза болған жауынгерлердің ата-аналары, жұбайлары мен ұл-қыздары қатысты.
Шара әскери бөлімдегі қаза тапқан жауынгерлерге қойылған ескерткішке гүлшоқтарын қою рәсімімен басталды. Бақытжан Ертайұлы, Нарбай Әбілқасымұлы, әрі қарай жауынгерлердің ата-аналары мен отбасы мүшелері гүлшоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Осы арада Бақытжан Ертайұлы қаза тапқан жауынгерлердің рухына бағыштап, құран оқыды.
Жиналған көпшілік әскери бөлімнің футбол алаңының алдына жиналды.
Шараны 91678 әскери бөлімі командирінің орынбасары Ардақ Сартанов жүргізді.
«Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығының әскери оркестрінің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Әнұрнамыз орындалды.
Алғашқы сөз кезегі Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевқа берілді.
-Біздің ата-бабамыз тәуелсіздік үшін жан беріп, қан төкті. Аллаға тәуба! Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздік алған 29 жылдың ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елімізді бүкіл әлемге танытты. Жерлесіміз Баукеңе Кеңес Одағының Батыры атағын алып берді. Біз осындай батыр халықтың ұрпағымыз.
Ертең маған Отан алдында әскери антымды беріп, қызмет етіп келе жатқаныма 50 жыл толады. 50 жыл бойы антыма адал болып, қалтқысыз қызмет еттім. Талай қызмет сатысынан өттім, Ауған соғысында болдым. Қашанда Отанды қорғау – менің азаматттық парызым деп білдім.
Отан үшін қызмет ету – ең абыройлы қызмет. Керек кезде Отан үшін кірпік қақпай қызмет етіп, қорғауға кез келген ер жігіт міндетті.
Әскери қызметте командирлер әрбір сарбазды өз інісіндей, баласындай көріп, сырласып, сыйлассын. Сонда кішіде де үлкенге деген құрмет болады. Осындай адами қасиеттер арқылы біз жауынгердің рухын тәрбиелейміз. Адамның бойында адами қасиеттер әрдайым жоғары болуы керек.
Осы қаза тапқан жауынгерлердің отбасына көмектесу – бәріміздің парызымыз, міндетіміз. Бұл да ерлікке деген, әруаққа деген құрмет. Қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналарына, отбасыларына Алла тағала сабыр берсін.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген халқымыз. Әруаққа құран бағыштап еске алу – парызымыз.
Кең-байтақ жеріміз тұтас болсын, көпұлтты еліміздің бірлігі мығым болсын. Тату, сыйластық салтанат құрған отбасының балаларындай болайық. Сонда бізді ешқашан ешкім ала алмайды,- деді Бақытжан Ертайұлы.
Келесі кезекте аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы өз тілегін жеткізді:
– Отанды қорғау қасиетті де қастерлі ұғым. «Ер – елдің қорғаны» деп бағалаған дана жұртымыз ержүрек жандардың істеріне сай сый-құрмет көрсетіп келеді.
2017 жылы 17 ақпан күні жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмасын орындау барысында, табиғаттың тосын оқиғасы салдарынан болған қар көшкіні астында қалып, қаза тапқан жауынгерлеріміз өзіне тиесілі міндеттерін абыроймен, адал атқарды. Олар – біздің жерлестеріміз, бейбіт күннің батырлары. Олардың ерліктері бүгінгі Отан қорғаушыларға үлгі.
Қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналарына балаларын Отанға адал, елінің патриоты, ержүрек азаматы етіп өсіргендері үшін зор алғысымызды білдіреміз. Бұл Сіздердің ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының қайғысы. Ұлдарыңызды өмірге қайтып әкелу мүмкін болмас. Десек те, олардың рухына тағзым жасап, бас ию – біздің қасиетті борышымыз.
Есіл ерлер әрқашан ел есінде, атқарған істері мәңгілік құрмет биігінде бола бермек.
Құрметті Отан қорғаушылар!
Біз бүгін жерлесіміз, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен, сондай-ақ осы өңірден шыққан он бір генералмен мақтанамыз. Соның ішінде Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ағамыз да бар. Осындай ағаларымыздың артынан ерген Сіздердің қызметтеріңіз – еліміздің әр шаңырағының тыныштығы мен алаңсыздығының кепілі.
Өздеріңізге денсаулық, қызметтеріңіз бен еңбектеріңізге, жауынгерлік даярлықтарыңызға табыс тілеймін!
Айбынымыз әрдайым асқақ, байрағымыз қашанда биік болсын!
Келесі кезекте қаза болған жауынгерлеріміздің ата-аналары атынан Көмекбай Ерісбайұлы сөз сөйлеп, ел-жұртымызға тыныштық, амандық тіледі.
Алаңға турнирге қатысушы командалар шақырылды. Командалар дайын болғанша әскери оркестрдің сүйемелдеуіндегі музыкалық композиция орындалды.
Бірінші болып ҚР Қорғаныс министрінің кадр департаментінің командасы мен «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығы басқармасының командасы, екінші 03811 әскери бөлімінің командасы мен ҚР ІІМ Жуалы аудандық полиция бөлімінің командасы, үшінші 91678 әскери бөлімінің командасы мен арнайы мақсаттағы таулы егерлік ротасының командасы ойнады. ҚР Қорғаныс министрінің кадр департаментінің командасының құрамында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадр департаментінің бастығы генерал-майор Қайрат Рашидұлы да әдемі ойын өрнегін көрсетті.
Ойын тартысты, қызықты әрі әділ өтті. Ойын барысында Бақытжан Ертаев ойын тамашалап отырған «Жас сарбаздар» ротасының жауынгерлеріне барып, әңгімелесіп, ағалық ақылын айтып, естелікке суретке түсті.
Әскери бөлімнің асханасында қаза тапқан жауынгерлердің рухын еске алуға арналып, дастарқан жайылды. Дастарқан басына әскери бөлімнің командирі, майор Еркін Жоламанов турнирге келген қонақтар мен жауынгерлердің ата-аналарын, жұбайлары мен ұл-қыздарын және әскери қызметкерлерді жинады. Арнайы құран оқылды.
Тартысты турнир өз мәресіне жетіп, марапаттау рәсімі басталды. Алдымен, арнайы номинация жеңімпаздары марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік шабуылдаушы» аталымын ҚР Қорғаныс министрінің кадр департаментінің командасының ойыншысы Болат Оспанбеков, «Үздік қақпашы» аталымын Әнуар Жүнісов, «Үздік ойыншы» номинациясын таулы егерлік ротасының командасының ойыншысы Бауыржан Сұлтанбеков иеленді.
Ал ойынның жүлделі орындарын, яғни бірінші орынды таулы егерлік ротасының командасы, ІІ орынды ҚР ҚМ кадр департаментінің командасы, ІІІ орынды 03811 әскери бөлімінің командасы жеңіп алды.
Жеңімпаздарды турнирдің құрметті қонақтары марапаттады.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close