Аудан әкімдігінің қаулысымен қыркүйек-қараша аралығында күзгі көріктендіру екі айлығы жарияланып, өңірде жылдағы дәстүрмен тазалық шаралары толық қарқынмен жүріп жатыр. Алайда, ол тек әкімдік жариялаған қаулымен мезеттік сипат алмауы тиіс. Оған мекемелер мен ұйымдар өкілдерімен қатар, тұрғындар да белсене атсалысуы қажет.
«Тазалық сақталған жерде» дегендей, күнделікті күйбең тіршілікпен кейде айналамыздағы тазалықты қалай бұзғанымызды байқамай қалып жатамыз. Қоғамдық орындарда қоқыс тастау, темекі шегу, тұқылын тастау, шекілдеуік шағу, т.б. көңіл бөлуге тұрмайтын ұсақ нәрселер болып көрінгенімен, мұндай төзімсіз қылықтың жауапсыз қалмайтыны көбіміздің қаперімізге кіре бермейді.
Шын мәнінде адам деген Жер-Ананы мекендеуші екі аяқты саналы мақұлыққа табиғатты аялау, жанашырлықпен қарау жетіспейді.
Бәрін айт та бірін айт, бізді кейбіреулердің өзі тұратын аймақты күл-қоқысқа айналдыратыны қынжылтады. Ал бұған мысал дегеніңіз айналаңызда толып жатыр. Ауылдың іші мен сыртын бір айналып шықсаң, жеткілікті.
Тым алысқа бармай-ақ, аудандық орталық аурухана аймағына жолыңыз түссе, Қазыбек би мен Құралбай Түрікбаев көшелерінің бұрышындағы «Айболит» малдәрігерлік дәріханасының оң және сол қапталына көз салыңызшы. Дүкеннің сол қапталындағы бұрышта қағаз, целлофан қаптамалар, пластик құтылар үйіліп жатыр. Дәріхана сатушысы Құдірет Тоялы бұл қоқыстың өзіне тиесілі емес екенін, әлдекімдер әкеп тастайтынын, дүкен ғимаратының Түрікбаев көшесімен қиылысатын бұрышта бейберекет шашылып жатқан темекі қораптары мен тұқылдары, сыраның бос шөлмектері мен сусыннан босаған темір қалбырлар, басқа да қоқыр-соқырлар көз байлана сол араны демалыс орнына айналдыратындардан қалатынын айтады.
Әкімдіктер тарапынан көшелерден тұрмыстық қатты қалдықтарды орталықтанған түрде әкетудің тазалыққа әжептәуір септігін тигізгенін көріп жүрміз. Құдай ұрып кеткен немесе табиғатқа қасақана қиянат қылатын біреу болмаса, көпшілік бұрынғыдай көрінген жерге қолындағы қоқысын тастай салмайтын болды. Аптасына бір мәрте ауласынан қоқыс әкетілетінін біліп, әлгілерін бір қапшыққа жинап, сол күнге дайындайды. Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылының Озғанбай Тәукебаев көшесінің бойынан тазалық пен жинақылық лебі көзге ұрады. Әр ауланың тұсынан тұрмыстық қатты қалдықтар салынған қапшықтарды байқауға болады.
Көше тұрғындары тәртіпке үйреніпті. Соның арқасында сай-саланы ластау әрекеті тыйылған сияқты. Есесіне, ауылдардың сырт жақтары қоқыс алаңына айналғандай. Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылынан 250 метр шығаберісте құрылыс қалдықтарынан, мал тезектері мен басқа да қалдықтардан 30-40 үйінді пайда болған. Оның жанында автокөлік майының құтысы, пластик ойыншықтың бөлшектері, пластик құтылар мен целлофан қалталар бейберекет шашылып жатыр. Целлофан қалталар желді күні желбіреп, жерден-жерге ұшып жүр. Тіптен қоршаған ортаны ластауға тыйым салынатыны ескертілген тақтайшаға қарамастан қоқысты қара жолдың бойына лақтырып кете берген. Жолдың арғы бетінде де жағдай дәл осылай. Әр тұстан бой көрсеткен қоқыс үйінділері. Әлдекімнің түбінен шауып, тамырымен бірге тастап кеткен терегінің пошымы құдды иесіз қу медиенде су іздеген сарышұнақтың тұрқын көзге елестетеді.
Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы көшелердің бойы таза. Алайда, әр тұстан тұрғындар көше жақ бетке құм, топырақ секілді құрылыс материалдарын үйіп қойыпты. Қонаев көшесі, 41 үйдің тұсында көше мен үйдің арасында құрылыс қалдықтары – сынған шиферлар, кесектер үйіліп жатыр.
Ауылдың үстіңгі жағындағы ескі қоқыс полигонына барар жолдың бойынан бейберекет шашылған қоқыстарды, бұрынғы шаруашылық базасы маңында қоршалған бақшаның жанынан қоқыс үйіндісін байқауға болады.
– Өткен 2019 жылы өңірде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабымен көшенің абаттандыру қағидаларын бұзған 242 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, оның ішінде бір азаматқа бір жыл ішінде осы бап бойынша қайта заң бұзушылық дерегін жасағаны үшін 75 705 теңге айыппұл салынған. Биыл жыл басынан бері жалпы саны 260 әкімшілік хаттама толтырылып, оның ішінде екі азаматқа 69 450 теңге айыппұл салынды, – дейді аудандық ІІБ ЖПҚ бастығы, полиция подполковнигі Ербол Сейітқұлов.
– Ауданда жыл сайын көктемде және күзде көріктендіру-көгеріштендіру және тазалық екі айлығы жарияланып, мекемелердің, тұрғындардың көптеп қатысуымен айналаны, арық-атыздарды күл-қоқыстан тазалау, шығару, тал-дарақтар егу, саябақтар мен гүлзарларды күтімге алу, қураған тал-теректерді кесу, бұтау, әктеу жұмыстары қолға алынады. Дәстүрге айналған осы тазалық науқаны кезінде ауылдарымыз кір-қоңнан арылып, ажары кіріп қалады. Дегенмен, әкімдіктің бастамасымен атқарылатын бұл шаралар жеткіліксіз. Әркім жүрген жерінде тазалықты сақтауды әдетке айналдыруы қажет, – дейді аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.
Осы ретте өзіміз тазалығы мен ұқыптылығын үлгі етуден жалықпайтын қарт құрылықта табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза ұстау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып есептелетінін тағы бір мәрте еске салғымыз келеді. Жүйелі насихаттың еуропалықтардың санасына сіңгені сондай, олар айналаны ластап емес, қайта қоқыстан тазартып кетуге бейіл тұратыны біздің еліктеуімізге лайық емес пе?
Кешегі кеңес заманында елімізде қоғамдық орындарды ластап, шылым шегіп, ішімдік ішетіндерге қоғамдық ықпал ету шарасы қолданылатын. Тіптен мұндай адамдарды «Масқара тақтасына» шығарып, ел-жұрттың алдында абыройын төгіп, масқаралап жататын. Дегенмен, қоршаған ортаны ластау жаппай әдетке айналған бүгінгі күні табиғатқа залал келтірген адамға қандай шара қолданса да, жарасады.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ