Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың №70 өкімімен бекітілген аудан, ауылдық округ әкімдерінің жұмыс алгоритміне сай аудан әкімі Нарбай Ергебеков аудандық орталық кітапхананың «Білім орталығында» ауданымыздағы кәсіпкерлер, оның ішінде өндірістік саладағы кәсіпкерлермен кездесу өткізді.
Кездесуді аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы ашты. Жиын ашық әңгімелесу түрінде өтті.
– Кәсіпкерліктің өндіріс саласы аудан экономикасын дамытуда өзіндік үлес қосып келеді. Әсіресе, сүт бағытындағы кәсіпорындар. Оған себеп, ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан, сауынды сиырдың басы жылдан-жылға көбейіп келеді.
Өткен жылы 19 мың тонна сүт өндірілсе, биылғы жылы салыстырмалы түрде 102,5 пайыз сүт өндірледі деген болжам бар. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артып отыр. Бұл жақсы көрсеткіш. Алайда 4 пайызға артық орындауды қалыптастыруымыз керек,- дей келіп,Нарбай Әбілқасымұлы аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаевтан саланың тыныс-тіршілігі жайлы сұрады.
– Бүгінгі таңда аудан көлемінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4353-ті құрап отыр. Оның ішінде 2-орта, 134 шағын кәсіпорындар, 1813 жеке кәсіпкерлер және 2404 шаруа қожалық жұмыс жасауда. Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субьектілердің ішінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер саны былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 109,5 пайызды құрап отыр.
Ағымдағы жылдың 11-ай қорытындысы бойынша ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9411,1 мың теңгені құрап, былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 102,6 пайызды құрады деген Нұрлан Нұрмағанбетұлы кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіруге тоқталды.
Аудандық «Жұмыспен қамту орталығы» директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбеков те жыл соңында ауданымызда 137 азаматтың 505 мың теңгеден қайтарымсыз гранттарға қол жеткізіп жатқанын тілге тиек етті. Әрине, бұл да мұқтаж азаматтар үшін кәсіп ашуға берілген үлкен мүмкіндік.
«Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратов құс шаруашылығы, оның ішінде күркетауықпен айналысудың тиімділігіне тоқталды. Жыл соңында 505 мың грантқа ие болып отырған жандардың көбі осы күркетауық асырауды қолға алмақшы. Жақында Айшабибі ауылынан осы кәсіппен айналысатын кәсіпкер келіп кәсіптің қыр-сырын үйретпекші. Көп шығынды талап етпейтін кәсіптің елімізде ауданымызда ет экспортын дамытуға да тигізер пайдасы көп. Сонымен бірге биылдан бастап жастар жағы қолға алған кәсіптің бірі асыл тұқымды, сүтті заанен ешкісі туралы да сөз болды. Алдағы уақытта үкіметтен алған қаражатқа заанен ешкісін алып, бұл кәсіпті жолға қойған кәсіпкерлер көбейсе, бұл да ауданымыздың атын шығаратын жақсы кәсіп болмақ.
Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов, «Мешелова» сүт зауытының иесі Қуаныш Мешелов және басқалар жылыжай салу, тағы да басқа біздің ауданда жоқ жаңа бастамалар қолға алынса деген ұсыныстарымен бөлісті.
Жеке кәсіпкер Нүрилә Мәлібекова аудандағы кәсіпкерлердің сауаттылығын арттыруға арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылса деген ұсынысын жеткізді. Аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаевқа заңдағы өзгерістерді түсіндіру, кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы бағдарламалардың тиімділігін түсіндіру, ірі кәсіпкерлердің іс-тәжірибесімен жастарды таныстыру, кәсіпкерлердің есеп-қисаптарын тапсыруды үйрету, жалпы кәсіпкерлерге жол көрсету, ынталандыру, шабыттандыру мақсатында семинарлар ұйымдастыруды тапсырды.
Сонымен бірге жастардың мамандық таңдауда қателеспеуіне, кәсіптік бағдарлауға ықпал ету мақсатында іс-шаралар ұйымдастыру мәселелері де сөз болды.
-Азық-түлік қажеттілігі бүгінгі таңда әлем бойынша үлкен мәселе болып отыр. Сондықтан бұл салада кәсіпті жандандыру өте тиімді.
Шетелдіктер біздің елде кәсіп ашуға қызығады. Себебі, бізде мүмкіндік көп.
Бір жағы, біз халқымыздың денсаулығы үшін отандық өнімді өндіруді мықтап қолға алуымыз керек. Біздің Жуалының жерінде өндірілген өнім таза табиғи, сұранысқа ие.
Біз өз өлкеміздің патриоты болуымыз керек. Құр жалаң сөзбен ешкім патриот бола алмайды. Еңбек етейік, мақтаншақтықтан, ысырапшылдықтан, даңғазалықтан арылайық. Үйренейік, ізденейік.
Президентіміз кәсібін жаңа ашқан кәсіпкерлерді 3 жылға дейін салықтан босатуды тапсыруда. Бұл да кәсіпкерлерге кәсібін жолға қоюға берілген үлкен мүмкіндік.
Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында халықтың 50 пайызы кәсіпкерлікпен айналысса, еліміздің экономикасы едәуір дамитыны туралы айтқан. Расында солай. Сондықтан жаңа бастамаларды қолға алайық, еңбек етейік,- деп аудан әкімі кездесуді қорытындылады.
Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ.
«Жаңа өмір»