Жұмыспен қамту еліміздегі ең өзекті әрі маңызды мәселелердің бірі екені белгілі. Осы ретте, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының м.а. Нұрлан Әнуарбековтың мәліметінше, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында аудан көлемінде жалпы 37 инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады деп жоспарланған екен. Бұл жобаларда 864 жұмыс орындарын ашу, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы негізінде 431 жергілікті жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыру межеленген. Нысандарға мемлекеттік бюджеттен жалпы 2 млрд 599 млн 297 мың теңге бөлінген. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің ішінде 4 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауыз су жүйесінің құрылысында 7 нысан, газ жүйесі құрылысында 8 нысан, аудан ортылығының көшелерін ағымды жөндеу бойынша 10 нысан, каналдар мен су қоймаларын жөндеу бойынша 8 нысан. Аталған нысандарда жұмыс жасайтын азаматтарға мердігерлер тарапынан 85 000 теңге еңбекақы төленуі көзделген.
Интеграциялық картаның жоспарына жалпы 836 жұмыс орны енгізілген. Бүгінгі таңда 37 жобаның ішінде 33 нысанда жұмыстар басталып, жергілікті тұрғындардан 275 адам жұмысқа орналастырылған, яғни орындалуы 63,2 пайызды құрап отыр.
Аудандағы төрт инфрақұрылымдық жобада жұмыстар әлі басталмаған, яғни Ақсай ауылдық округінде «Қайрат» және «Шетбұлақ» су қоймаларын жөндеу жұмыстары, мердігерлер «Big Building» ЖШС, «Жарқынбек» ЖШС, Қарасаз ауылдық округіндегі «Береке» су қоймасын жөндеу, Ақтөбе ауылдық округіндегі «Жарбұлақ» су қоймасын жөндеу, мердігер «Big Building» ЖШС. Бұл нысандарға жалпы жергілікті тұрғындардан 15 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Ауылдық округ әкімдері мен Халықты жұмыспен қамту орталығы жоспарға сәйкес қалдықтағы бос жұмыс орындарына кезең-кезеңімен жергілікті азаматтарды жұмысқа орналастыру шараларын жүргізуде. Алайда осы бағытта бірқатар кемшіліктер орын алуда. Кейбір ауылдардағы жұмыссыз азаматтар белсенділік танытпай, тіпті, жұмысқа орналасудан бас тартуда. Атап айтқанда, Күреңбел ауылдық округіндегі газ жүйесі құрылысына жоспарланған 32 жұмыс орнына небәрі 12 жергілікті тұрғын қатысуда. Ал Жетітөбе ауылдық округінде құрылыс жұмысына 74 адам тартылуы жоспарланған. Бүгінгі күні оның орындалуы 43 пайызды құрап отыр.
Ауыз су жүйесі құрылысына Жетітөбе ауылдық округі бойынша 46 адамды (орындалуы-4 адам), Шақпақ ауылдық округі бойынша 24 адамды (орындалуы-15); Қарасаз ауылдық округі бойынша 70 адамды (орындалуы- 48), Көкбастау ауылдық округі бойынша 33 адамды (орындалуы-16) жұмысқа тарту жоспарланған.
-Биылғы жылы аудандағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тарту қолға алынып отыр. Себебі, ауданда жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың саны көп. Мұны ескере отырып, жобаны іске асырушы мердігер компаниялар жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуды мақұлдап отыр. Бірлесе отырып жұмыс жасауды қолдайды. Жұмысына тиянақты, жауапкершілігі жоғары азамат болса, жұмысқа алуға дайын. Алайда кейбір ауылдық жерлерде бұл жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға азаматтар белсенділік танытпауда. Қазір көбісі науқандық жұмыстарда жүр. Кейбірі масылдыққа салынуда. Әрине, мен ешқандай азаматты мәжбүрлеп жұмысқа тарта алмаймын. Жұмыс істеу, істемеу әркімнің өз еркінда. Бірақ екі қолға бір күрек табылғанына қуанбай, қара жұмыстан қашатын жандар да бар. Өкініштісі осы.
«Қанағат қарын тойғызады» деген қазақ халқын да жақсы сөз бар. Бірақ бұл сөздің маңыздылығын бүгінгі күні ұмыт қалдырғандай. Бұлай деуімнің себебі, тұрғындарды өз елді мекендерінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға шақыру кезінде 85 000 теңге жалақыны азсынған жандарды да кездестірдік. Көбісі мұндай ауыр жұмыстарға араласқысы келмейді. Кейбірі мемлекет тарапынан төленетін әлеуметтік жәрдемақымен күн көруде. Бұлай болмайды. Дені сау азамат өз күнін өзі көруі керек. Бойларын жалқаулық, еркіншектік, қанағатсыздықтан арылту керек. Жұмыстың ауыры, жеңілі болмайды. Кез келген жұмыстың өз қиындығы мен жауапкершілігі бар. Осы ретте, ұлы Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзі еріксіз ойыма келіп отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, аудандағы кейбір нысандарда жұмыс тоқтап тұр. Оған елімізде жайылған аты жаман індет те зардабын тигізуде.
Тұрғындар өз елді мекенінде жұмысқа орналасу арқылы туған ауылының дамуына үлес қосады деп білемін. Таза ауыз су мен табиғи газды тұрғындар көптеген жылдар бойы күтті. Енді осындай мүмкіндік туындаған кезде «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, біркісідей жобаларға араласып, оның сапалы әрі уақтылы аяқталуына септігін тигізеді. Сондықтан барша жергілікті тұрғындарды әлеуметтік белсенділік танытып, тездетіп осы инфрақұрылымдық нысандарға жұмысқа орналасуға шақырамыз,- дейді Нұрлан Әнуарбекұлы.
«Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қар жер де береді, құр қалдырмайды» деп ұлы ақын Абай Құнанбайұлы өзінің төртінші қара сөзінде жазып қалдырғандай, өз күшімізге сеніп, адал еңбек етуіміз керек. Дәл қазір күнді, уақытты бос өткізіп, ой қуатын заман емес, керісінше, еңбек ететін кезең. Осы ретте, біз де барша тұрғындарды туған ауылдарын түлетуге атсалысуға шақырамыз.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ