Basty bet
Әлемнің екінші ұстазы
«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деп Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде белгілеп көрсеткендей, ескірмес тарихымызды ұмытпау – ұлт үшін үлкен міндет. Осыған орай, тәуелсіздік алған кезеңнен бері әр жылды ата-бабаларымызға арнау керемет бір құбылысқа айналғандай. 2020 жыл «Еріктілер жылы» болып аталғанымен, мерекелі жыл деп саналуда. Оған себеп, биыл елімізде Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының аталып өтілуі.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз 870 жылы сол кезде дүние жүзіндегі ірі қалалардың бірі болған Отырарда дүниеге келді. Әл-Фарабидің ілім-білімге деген алғашқы ынтасы, ғылыми ойының алғашқы ұшқындары туған жері Отырарда, оның тамаша кітапханасында пайда болды. Кейіннен ол Шаш, Самарқан, Бұхара, Хорасан, Бағдат, Дамшық (Дамаск), Каир қалаларына барып білімін тереңдете түсті. Ол 950 жылы Дамшық қаласында дүниеден озды.
Ұлы ғұламаның мерейтойы тек республика көлемінде емес, ЮНЕСКО деңгейінде де аталып өтіледі. Бұл жайт – бабамыздың есімімен аталған біздің қасиетті оқу ордамыз үшін үлкен мәртебе. 1991 жылы Қазақ Ұлттық университетіне Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Ал 1993 жылы осы университетте әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Соңғы жылдары аталған оқу орнында әл-Фараби оқулары өткізіліп тұрады. Қазіргі таңда бас оқу ордамызда арнайы ашылған әл-Фараби мұражайы жұмыс істейді.
Әл-Фараби Аристотельден кейінгі дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан. Оның 200-ден астам трактаттары жарық көрген. Өкінішке орай, бұл еңбектерден біздің заманымызға 40 шақты еңбегі ғана жеткен. Әл-Фараби бабамыздың мұраларын зерттеу, насихаттау, оларды келер ұрпаққа жеткізуде көптеген іс-шаралар атқарылуда. Алайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы талабынан қарасақ, бұл жұмыстарды әлі де тереңдете түсу керек.
Әл-Фараби сияқты ғұлама бабамыздың еңбектерін толық, жан-жақты зерттеп, оны қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аудару кезінде, әлі де көп тер төгуге тура келеді. Осы тұрғыда, лингвистер мен тарихшылардың бірлесіп жұмыс атқаруы керек екендігі белгілі болып отыр. Тарихты ұмытпай, мұраларды жете зерттеп, болашақ ұрпаққа сый ретінде қалдыру – әр ұлт жанашырының міндеті. Біздің бүгініміз ертеңгі ұрпаққа тарих болса, біздің тарихымыз асыл мұра екендігін жадымызда сақтайық.
Жанна Күзембекова,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық
университетінің доценті.
Ақерке Мамыр,
ҚазҰУ магистранты