Basty bet
109 миллион теңгенің көлемінде көмек жеткізіледі
Қазіргі пандемия жағдайында көптеген адам, оның ішінде инфекцияны жұқтырған науқастар көмекке зәру. «Апат айтып келмейді» демекші, тұтқиылдан келген аты жаман ауру қоғамды әжептеуір есеңгіретіп тастағаны белгілі. Пандемия деп танылған «COVID-19» індеті біздің еліміздің де экономикасына, адамдардың денсаулығы мен өміріне елеулі әсер етуде.
Осындай күрделі кезеңде адамдар бір-бірлеріне жан жылуына сыйлап, көмек қолын созуда. Қайырымдылық шаралары Жуалы ауданында да қарқынды жүргізілуде. Қайырымдылық шараларына жергілікті кәсіпкер азаматтар, ерікті жастар, басқа санаттағы адамдар белсене қатысып келе жатқанын баса айтуға тиіспіз. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде емделіп жатқан науқастарға оттегі тасымалдайтын баллондар, тағы да басқа қажетті заттарды алуға ауданның бірқатар кәсіпкерлері көмектесіп отыр.
Жақында аудандық ауруханаға қорғаныс құралдарының алғашқы легі жеткізілді. Оны Жуалы ауданында туып-өскен, қазіргі таңда басқа өңірлерде тұратын, сонда кәсіп ашып, жемісті жұмыс жасап жатқан жерлес кәсіпкерлер ұйымдастырып жеткізген екен. Күрделі кезеңде көмек қолын созып, нақты көмек-қолдаулар жасаған кәсіпкер азаматтарға аурухана басшылығы алғыс айтып отыр.
Ауруханадағы медициналық қызметкерлер жұмыс барысында күнделікті пайдаланатын қорғаныс құралдары туралы таратып айтатын болсақ, 5000 дана «КН-95» маркалы респиратор, 5000 дана бір рет және көп рет қолданылатын арнайы қорғаныс костюмдері, бір рет қолданылатын медициналық қолғаптар бар. Жеткізілген заттардың жалпы құны 12 миллион 280 мың теңгені құрайды. Жалпы құны 109 милиион теңге болатын мұндай көмектер ауданға алдағы уақытта да жеткізіледі деп күтілуде.
-Қазіргі пандемия жағдайында жерлестерінің денсаулығын ойлап, Жуалыдан басқа жерлерде тұратын кәсіпкерлердің жасап жатқан көмегіне алғысымызды білдіреміз. Мұндай қорғаныс құралдары бізге үнемі қажет болады. Біз бұл заттарды ауруханада жұмыс жасайтын, оның ішінде пандемиямен күресіп, ауру жұқтырған адамдардың өміріне араша түсіп жатқан дәрігерлерге таратып береміз. Қорғаныс құралдары ауруды жұқтырмауда маңызды саналады. Аудан тұрғындарына айтарым, барлық санитарлық талаптарды сақтап, денсаулықтарыңызға мұқият болсын. Сонда ғана бұл аурудың алдын алып, аман-есен болыңыздар,- дейді аудандық аурухананың бас емшібикесі Гүлнар Сүлейманова.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»