Basty bet
Облыс волонтерлері көне қала жұртында болды
2017 жылдың сәуірінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаны белгілі. Аталған мақалада халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасау туралы жан-жақты айтылған болатын.
Киелі жерлер халықтың ұзақ және тарихи оқиғаларға толы өмірін, сан ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысын, тәуелсіздік тарихынан да хабар береді. Қазақстанның киелі жерлерінің тізімін жасау жұмыстары – археологтар, тарихшылар мен өлкетанушылар секілді түрлі ғалымдар қатысатын әрі мейлінше ұқыпты және ұзақ еңбекті қажет ететіні анық.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» республикалық жобасының тізіміне Жуалы ауданынан даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған қасиетті жер – Момышбұлағы, Б.Момышұлы мемориалдық музейі, Батырбек датқа кесенесі, Қызәулие, Берікқара шатқалы, Шаңылақты шайқасы өткен жер, сонымен қатар, ескі қала жұртынан Шақпақ қалашығы мен Баркуаб қалашығы еніп отыр.
2020 Еріктілер жылына байланысты Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жастардың, сонымен қатар, еріктілердің қатысуымен қасиетті Әулиеата жеріндегі киелі орындарға саяхат жасау жұмыстары қолға алынып отыр. Еріктілер осы жылдың ішінде біздің ауданда орналасқан Баркуаб қалашығына бірнеше рет келіп, көне қаланың жұртымен таныса отырып, осында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарына да қолғабыс жасауда.
Кеше ғана волонтерлерден және облыс орталығында жоғары оқу орындарында оқитын жастардан құралған топ ауданға келіп, Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылының маңындағы жергілікті жұртшылық Жылқышытөбе деп атап кеткен қалашықта болды. Айта кету керек, мұндағы басты мақсат – жастарды өлке тарихымен кеңінен таныстырып, оларға тарихи мәліметтер беру арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.
Жоба үйлестірушісі Айжан Әлібаеваның айтуынша, «Біргеміз Асыл мұра» жалпыұлттық жобасы аясында еріктілер және жастар, студенттер арнайы оқытудан өтіп, қазба жұмыстарына белсене қатыстырылуда екен. Олар жоба аясында бірнеше бағытта жұмыс жасауда. Еріктілер жылына орай ерікті жастар Баркуаб қалашығына төртінші рет келіп, қазба жұмыстарына көмек көрсетуде. Айта кету керек, «Асыл мұра» жобасы аясында 200-дей студент жұмыс жасауда.
-Еліміздің тарихында халықтың есінде қаларлық оқиғалар мол. Мұндай қасиетті тарихи орындар да жетерлік. Осы ретте мұндай жұмыстарға жастардың қатыстырылуы өте орынды деп санаймын. Себебі, жастар туған елдің тарихымен жақынырақ танысып, өздеріне мол мағлұмат ала алады. Тарихқа деген құрмет қалыптасады,- дейді Жамбыл облыстық «Жасұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Айжан Орынтайқызы.
Қалашықты тамашалауға келген студенттерге осында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан архелологиялық топтың ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Дөкей Талеев көптеген құнды мәліметтер ұсынды. Студенттер де бұл көне қаланың жұртына қызығушылық танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды деуге болады.
-Жуалы өңірі өз кезегінде Қазақстандағы қасиетті жерлердің біріне саналатыны белгілі. Қасиетті Әулиеата, Жамбыл өңірінің батысында орын тепкен осынау өлкенің топырағында өткен ғасырларда болған көптеген тарихи оқиғалар, тылсым сырлары жасырынып жатқаны анық. Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен бұл өңірде шамамен 1897 жылы әйгілі тарихшы-ғалым Василий Бартольд болған деген дерек бар. Ғалым бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысынан Верныйға дейінгі аралықта Жібек жолының бойында орналасқан ескі қалалар мен бекіністерді аралап зерттей жүріп, жолай Жуалыдағы Жылқышытөбедегі көне қаланың да басында болған. Одан кейін де, нақтырақ айтқанда, 1940 және 1970 жылдары ескі қалашықтың жұртында археолог-тарихшы В.Пацевич, сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бірқатар археолог-тарихшылары келген екен.
Біз «Бурнооктябрск» шартты атауымен танымал көне қалашықты үш жылдан бері зерттеумен айналысып, осында қазба жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Негізінен қала қабырғалары бүтін сақталып, екі мың жыл бұрынғы қалпында қалып қойған. Мұндай көне заманғы қала жұрты Жамбыл облысында алғаш рет қазылып отыр. Бұл қаланы тарихшылар біздің дәуірімізге дейінгі І және біздің дәуіріміздің ІІ ғасырларында өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің қалаларының қатарына жатқызып отыр. Өйткені, дәл осылай қала тұрғызу, үй салу салты қаңлыларға ғана тән. Ал Қаңлы мемлекетімен қатар өмір сүрген Үйсін мемлекетінің қала салу тәсілі басқа.
Біз көне қала жұртын аршып жатып тастан жасалған балта, дән үккіштер таптық. Оны аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткіздік. Қазба барысында табылған басқа да құнды жәдігерлерді зерттеу орталықтарына жіберіп жатырмыз. Бұл қалашықты мекен еткен адамдар негізінен дәнді дақылдар егіп, егін шаруашылығымен айналысқан деген байлам жасауға болады.
Бізді бір таңғалдырғаны қалашықтың қабырғаларының қалыңдығы. Қабырғаның қалыңдығы 2,5 пен 3 метрдің аралығында. Төбесі де ерекше, қалың. Осының арқасында болу керек, көне қала жұртының бұзылмай бізге жеткені. Қалашық толықтай аршылғанда ғана көп жұмбақтарға, толғандырған сұрақтарға жауап табылады деп отырмыз. Негізінен тарихымызды қарап отырсаңыз, Қаңлы мемлекетінің тарихы өте аз зерттелген. Атап айтсақ, Толстов, Подушкин есімді ғалымдар, сонымен бірге, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев ғана бұл тақырыпқа араласты, -дейді Дөкей Әбдікерімұлы.
Қалашық орнындағы қазба жұмыстары Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынып, аудан қазынасынан қаражат бөліну арқылы жүріп жатқан қазба жұмыстары аяқталғанда мұнда ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік туатын болады. Бұл көне қала жұртының «Бурнооктябрск» деп шартты аталып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» республикалық жобасына енгенін ескерсек, мұнда әлі атқарылатын жұмыстар көп.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ