Basty bet

Намысұлы

Не болғанын бәрін тәптіштеп айтып жатпай-ақ қоялық, Баукеңмен алғашқы күнгі жүргізген «келіссөзіміз» сәтсіз аяқталды. Келесі күні ол кісінің үйіне қайыра қоңырау шалдық.

– Әй, – деді телефонның екінші басындағы дауыс, – сен осы менен қанша шақырым жерде тұрсың?
Бұл күтпеген сұрақ еді. Көкбазар қасындағы Баспасөз үйі мен Гоголь көшесіндегі «Радиотехника» дүкенінің арасын кім өлшеп көрген? Бірақ сұрақтың аты – сұрақ. Оған жауап бермеуге болмайды.
– Бір шақырымдай жерде тұрмын, Бауке.
– А, онда мәселе былай, қарағым. Маған Қазақ радиосынан адамдар келмекші. Егер олардан бұрын үйге кіріп кетсең, жолыңның болғаны. Ал, кешігіп, не әлгілермен қабаттасып, қосақталып келсең, онда маған өкпелеме. Қабылдамаймын.
Баукең осыны айтты да телефонды дірілдете жөткірініп алды. Содан соң:
– Бір шақырым дегенің жүгіре білген жанға жеті-ақ минуттық жол. Немене, қозы қарның бар ма еді? Онда қарызға бір-екі минут қосуға болады, – деді.

– Жо-жоқ… Тырыли арық қарамын, Бауке…
– Олай болса, мына ыстықта сорламайтын болдың. А ну-ка, бегом марш!
…Асфальт көше бойымен аңыратып келемін. Еңкейіп отырған Емелев ескерткішінен өте бергенде, сағатыма қарадым. Редакциядан шыққаныма үш-ақ минут болыпты. Енді бір ышқынсам, жетіп-ақ қалатын сияқтымын. Санамда: «Бұл – ойын емес, бұл – тәртіп, бұл – бұйрық», деген сөздер жаңғырығады.
…Уақыт. Тарих. Осы қос ұғым бір-бірінен ажырағысыз. Белгілі бір уақыттың ішінде ұлы өзгерістер өмірге келеді, дүние жаңарып, ерлік істер туындап жатады. Ал, тарих… иә, тарих – уақыттың шежірешісі, адам баласының басынан өткен жайларының, ерлік істерінің куәгері.
Ерлікті жасайтын кім? Адам. Ол уақыт пен тарихтың әманда жадында. Әлмисақтан белгілі осы қағиданы қаншалықты қайталағанымызбен, сол оқиғаны, сол жайды өз басынан өткерген жан болмаса, біз ол жайында тіптен көп білеміз деп айта аламыз ба? Жоқ.
Кезінде Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.В.Панфилов атындағы, Ленин, Қызыл Ту және Суворов орденді 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының батальон, полк командирі болған, одан соң 9-шы гвардиялық Қызыл Тулы атқыштар дивизиясының командирі дәрежесіне көтерілген, халық батыры деп елі сыйлаған Баукеңді – Бауыржан Момышұлын көргенде, біз, міне, осыны ойлап, осыны түсінгендей, осыған көз жібергендей халде едік.
– Қоятын сұрағыңды қоя бер, бала.
– Әңгімемізді Ұлы Отан соғысының 115-ші күнінен бастасақ, Бауке…
– Е, ол күні не болып еді? Қарияның мұрты тікірейіп барып басылды. «Ашуланды-ау?» деп ойладым ішімнен. Жоқ, олай емес екен. Әлден уақытта ол:
– Айтар сөзіңді қитұрқыландырмай-ақ айтсаңшы, – деді өкпелі үнмен.
– Сол күні, Бауке, 316-шы атқыштар дивизиясы Мәскеу түбінде алғаш рет ұрысқа кірді емес пе?
– А-а… Онда бұл сұрағың орынды екен, қарағым. 41-дің күзіндегі жағдай қандай еді, панфиловшылардың алғашқы шайқас жолдары неден басталды дегенді білмек болып отырсың ғой. Ол былай…
1941 жылғы қазанда жау жаяу әскерлерінің – 42, танктерінің – 75, зеңбірек пен минометтерінің – 45, авиациясының – 31 процентін Мәскеуді басып алуға жұмсады. Біздің Батыс, Резерв, Брянск майдандарының жауынгерлері осынша нөпір күшке қарсы тұрды. Генерал-лейтенант К.К.Рокоссовский басқарған 16-шы армия өзінің қатарына біздің Қазақстанда жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясын қосып алды да, Мәскеуге апаратын Волоколамск тас жолы бойында жауға өліспей беріспей, тістесіп жатып алды.
14-16 қазан аралығында панфиловшы жауынгерлер алғаш рет шайқасқа кірді. Біз дұшпанның танк және екі жаяу әскер дивизиясына қарсы аянбай күрестік. Күш тең емес еді. Соған қарамастан уақыттан ұту мәселесі алға қойылды. Біздің жігіттер жиырма сегіз күн бойы дамыл таппады. Бұл уақыт аралығында жау небәрі 25 шақырым ғана алға жылжи алды. Соғыстың алғашқы күндерінде тәулігіне 25-30 шақырым алға басқан оларға бұл мимырт жүріс тым қымбатқа түсті десе де болғандай еді. Мұның өзі 7-31 қазан аралығында немістердің Мәскеуге жасаған бірінші шабуылының күйреуіне әкеліп соқтырды.
…15 қарашада фашистер 13 танк, 31 жаяу әскер, 7 моторлы дивизиясымен Мәскеуге екінші рет жойқын шабуылға шықты. Мұндайды тарих бұрын-соңды көріп-білмеген еді… Гитлер 1940 жылдың көктемінде Францияны жаулап алуға 11 танк дивизиясын аттандырғанда, бүкіл әлем шулаған-ды. Енді ол Мәскеуге қарсы жалпы саны 51 дивизиясын жұмсағанда, адам баласының жаны түршікті. Міне, осы сұрапыл соғыстың ортасында біздің панфиловшылар да жүрді. Жүріп қана қойған жоқ, өз қарсыластарымен қас батырларша шайқасып, шайнасып жатты.
Осы жерге келгенде Баукең әңгімесін үзді де, үстел үстінде жатқан «Қазақстан» сигаретіне қол созды. Темекісін асықпай тұтатып алып, бір нүктеге қадалып үнсіз отырып қалды. Не ойлады екен, жарықтық?
Иә, ол қиын уақыт еді. Ресейдің омбы қарларында, батпақты ормандарында күші басым жауға қарсы бірнеше күн бойы нәр татпаған, ұйқы көрмеген жауынгерлер аяусыз күрес жүргізіп жатты. Өйткені, болашақтың тағдыры солардың қолдарында еді.
Әлемнің әлдебір түкпірінде жер-жиһан гүлдеп, музыка әуеніне елтісе, Голливудта Чарли Чаплиннің қатысуымен күлдіргі фильмдер түсіріліп жатты. Ал Швейцария курорттарында тау шаңғысынан спорт жарыстары өткізілді. Алайда, дәл сол сәтте жер шарындағы адал ниетті әрбір адам СССР-дің тағдырын ойлады. Өйткені, Мәскеу түбінен осынау ұлы шайқас барша адамзат тіршілігін шешуге тиіс болатын..
– Осы кезде дивизияның даңқы шыға бастаған болар, Бауке?
– 15 қарашада,– деді бүркіт қабағын бір дір еткізген әңгіме иесі. – Оны біздің дивизиядағы бірде қуанышты, бірде қайғылы оқиғаларға ұласқан жәйттерден-ақ анық аңғаруға болатын еді. Басқасын былай қойғанда мыналарды алып қаралық. 16 қараша. Дубосеково разъезінде 50 жау танкісінің жолын бөгеген 28 батырдың қазасы. 16 қараша. 316-шы атқыштар дивизиясын 8-ші гвардиялық дивизия деп атау және оны Қызыл Ту орденімен наградтау туралы СССР Жоғарғы Советі Президиумы Указының жариялануы.
18 қараша. Иван Васильевич Панфиловтың опат болуы.
6 желтоқсан. 8-ші гвардиялық дивизия жауынгерлерінің басқа да әскери бөлімдермен бірлесе шабуыл жасай отырып, Мәскеу түбіндегі Крюково деревнясын жаудан азат етуі.
Желтоқсан айының басында Мәскеу түбінде қорғаныс ұрыстары тоқтатылып, ендігі жерде біздің әскерлердің жойқын шабуылы басталды. Отанымыздың астанасына таяп келіп қалған жаудың күші тойтарылып, 200 шақырым жерге қуылып тасталды. Дұшпан Мәскеу іргесінде 11 танк, 4 моторлы, 23 жаяу әскер дивизиясынан айырылды. Міне, айналасы жарты айға жетер-жетпес уақыттың ішіндегі осы оқиғалар біраз жайды аңғартпай ма?
Дивизияның Мәскеу түбіндегі шайқаста атағы шықты. Бірақ ол тым қымбатқа түсті. Өкініштісі сол, Қазақстанда алғаш жасақталған (ол бізде құрылған 16 дивизия, 7 бригаданың тұңғышы еді) панфиловшылар дивизиясындағы 18 мың адамның бәрінің бірдей ерлігі ел аузында қалған жоқ. Мұнда әлі де аты аталмаған ерлер аз емес. Соғыс болған соң сол да, қарағым. Сондықтан да Мәскеуге ұмтылған дұшпан атаулының жұлынын үзген жандарға әр уақытта да ата-баба тілімен айтқанда, топырақтарың торқа болсын деп басымды иіп, тағзым етемін.
Баукең осы сөзін айтып болып, сөніп қалған темекісін енді тұтата берген кезде, бөлмеге Жәмила апай кіріп, Қазақ радиосынан бір жігіттің келіп тұрғанын хабарлады.
– Ол ана бөлмеге кірсін. Қазір біз де сол жаққа барамыз. Қарсыдағы есікті нұсқай орнынан көтерілген Баукең:
– Сен де жүр. Өзіңе қажетті деген жері болса, тыңдап, жазып ал. Одан кейін ол тақырыпқа мені қайтып мазалаушы болма, – деді нығарлай сөйлеп.
Радиожурналист Юрий Шапорев төрт сұрақ әзірлеп әкеліпті. Жарты сағат ішінде оның үшеуіне жауап беріп үлгерген Баукең: «Батыр Бауыржан…» – деп басталатын соңғы сауалға келгенде, қабақ шытты.
– Мен бұл сұраққа жауап бермеймін. «Батыр, батыр…» деп несіне жар сала бересіңдер осы. Батырлығым жоқ, ал батылдығымның бары рас.
(Жалғасы бар)

Таңдаулы материалдар

Close