Basty bet

Дәстүрлерге қан жүгірткен Әз Наурыз

Жалпы, соңғы жылдары киелі Әулиеата өңірінде, соның ішінде Жуалы топырағында Наурыз мерекесі наурыздың 14-нен басталып, тоғыз күн қатарынан тойлануы игі дәстүрге еніп келеді. Көптен көрмеген үлкен-кіші, кәрі-жас бір-бірімен арқа-жарқа көрісіп, мәре-сәре болысады. Көрісу күнінен бастау алған мерекенің әр күні халықтың кәделі дәстүрлері мен салтына арналып, ауыл көшелерінде күнбе-күн наурызкөже таратылды. Мәселен, «Тағзым» күні деп аталған алғашқы күні ата-баба рухына тағзым етіледі. Мереке қарсаңында және күндерінде жалғызбасты аналарға, аз қамтылған отбасыларға, мүгедек жандарға көңіл бөлініп, қайырымдылық шаралары көптеп көрсетілді.
Ұлттық киім киген аталар мен әжелер, жастар таңертеңнен орталық алаңға қарай ағыла бастады. Мерекеге сай безендірілген сахна төрінен Наурыз, көктем, туған жер, Отан туралы ән-жырлар төгіліп тұрды. Алаңның бір бұрышында алтыбақан тепкен жастар, арқан тартысқан жігіттер, асық ойнаған балалар мерекенің көрігін қыздырды. Ұлттық-мәдени орталықтар ұлттық тағамдар мен бұйымдардан көрмелер ұйымдастырса, балалар өнер мектебі мен Аула клубының оқушылары қолөнер бұйымдары мен суреттерін көрмеге қойды.
Мекемелер арасында үш киіз үй тігіліп, наурызкөже асылды. Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерде мерекелік дастарқан жайылды. Жағалай тізілген үстелдердің үсті әр мекеме ұжымы дайындаған ұлттық тағамдарға толды. Мерекеге жиналған көпшілік наурызкөжеден ауыз тиіп, ағарған астардан дәм татты. Елге тегін көже таратылып, үлкендер ақ батасын беріп жатты…
Алаңда ауданның көркемөнерпаздары дайындаған мерекелік концерті өтті. Әсем сазды ән шырқалып, күмбірлетіп күй төгілді. Мың бұрала би биленді. Қазақтың салт-дәстүрлері сахналанып, әдемі көрініс тапты. Сахна алдындағы алаңға Қыдыр ата келіп, Наурыз батасын берді.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жиылған халықты Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, жаңару мен жарасымды ынтымақтың, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмеген бірліктің, ырыс пен молшылықтың арқауы болған әз Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелуін тіледі.
Алтыбақан аясына жиылған жастар ұмыт болған қазақ әндерін әуелете шырқап, ұлтық өнердің өміршеңдігін дәлелдей түсті. Гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тартыс, қазақша күрестен ұйымдастырылған жарыстар да өз мәнінде өтті. Әсіресе, қошқар көтеру сайысын тамашалағандар қарасы көп болып, тартысты бәсеке жеңімпаздарынан ықыласын аямады. Нәтижесінде салмағы 70 келі тартатын алып қошқарды күреңбелдік Рыскелді Артықов еншіледі. Ол барлық үміткерлерден басым түсіп, қошқарды 38 мәрте көтерді.
Биылғы Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесін жуалылықтар осылайша тойлады.
Абылайхан СӘМЕТҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close