Basty bet
Ана тағдыры – ұлт тағдыры
Ана құқығы, ана тағдыры қашан да маңызды тақырып. Елімізде ана мен баланың жағдайына жеткілікті көңіл бөлініп келеді. Себебі, Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттің негізі – адам капиталы екендігі анық жазылған.
Мемлекет тарапынан аналардың барлық құқығы ел үшін ең маңызды құжат заңмен қорғалады. Аналардың сапалы білім алып, түрлі салада қызмет жасап, мансаптық тұрғыда көтерілуіне, балалардың тегін білім алу құқығын ешкім де шектей алмайды. Бүгінде республика бойынша 19 қалада 25 аналар үйі бар. Мұндай орталықтар алғаш рет осыдан алты жыл бұрын Астана қаласында (Нұр-Сұлтанда) ашылған болатын. Қазірде мұндай орталықтар тағдыр тауқыметіне ұшыраған аналарға үлкен пана болуда. Яғни, бұл орталықтардың басты мақсаты – қорғансыз қалған ана мен баланың жағдайын жасап, оларға пана болу. Бұл мемлекетіміздің ежелден келе жатқан аналарды ерекше қадірлейтін ұлы қасиетін мемлекеттік дәрежеге көтерілгенінің бір сипаты деп білеміз.
Бабалар дәстүріндегі адами құндылықтың негізі де әйел затына құрмет көрсетуді, қыз баланы сыйлауды міндеттейді. Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Адам бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне ежелден ерекше көңіл бөлген.
Мемлекетіміздің әлеуметтік саладағы реформаларының басты мақсатының бірі – ана мен баланы қолдау болып табылады. Себебі, ана тағдыры – ұлт тағдыры.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі мемлекет үшін ананы қорғауды ерекше мәселе ретінде айтып келеді. Осы негізде аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған бірнеше нақты қадамдар да жасалған болатын. Халықтың тұрмысы төмен топтары үшін экономикалық өсуді ынталандыру мақсатында, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматтағы Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалуда.
Биылғы жылы 1 қаңтардан бастап 4 және одан жоғары балалары бар көпбалалы отбасыларға табысын есептемей отбасының бала санына қарай берілетін мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бүгінгі таңда, жаңа жәрдемақымен аудан бойынша 1847 көпбалалы отбасы қамтылып отыр.
2020 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік алуға үміткер 5003 адамы бар 918 аз қамтылған отбасы өтініш білдіріп, оның ішінен 821 отбасының 4475 адамына 229168,6 мың теңге көмек тағайындалып, төленді. Оның ішінен 391-і көпбалалы отбасылардағы 2143 адамға 11026,2 мың теңге көмек төленіп, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 386 балаларына 21276,0 мың теңгеге кепілдендірілген азық-түлік әлеуметтік топтамаларымен гигиеналық құралдары берілді.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 2-ші бағыты бойынша 2020 жылы 44 әйел азаматшаларына 160,0 млн теңге қаржы берілді. Оның ішінде кәсіп түрлері бойынша 1 эвакуатор (көлік тасу қызметі), 1 пенапласт кесу станогы, 1 ет бағытында қаз өсіру, 1 темір бұйымдарын өңдеу станогы, 40 азаматша мал шаруашылығы бойынша өз кәсіптерін ашты.
Жаңа бизнес-идеяларды, бастапқы бизнесті іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама бойынша 2020 жылы қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға 361 әйел азаматшаларына 200 млн 571 мың тенге қаржы берілді. Кәсіпкерліктер бойынша 27 құс шаруашылығына, 11 нан өнімдері, 3-массаж кабинеті, 120- қой шаруашылығы, 7 шаштараз, 1 дәнекерлеу ісі, 8 тігін цехі, 128 ірі қара малын өсіру, 10 жылқы өсіру, 1 сауын аппараты, 45 заанен ешкілеріне мемлекеттік грант беріліп, олар өз-өзін қамтуда.
Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында, биыл аудан әкімдігімен бес көпбалалы отбасына және демеушілер есебінен үй сатып алынып берілді. Сондай-ақ, қайырымдылық көмектер ұйымдастырылып, облыстық басқармадан 16892,7 мың теңгеге 2880 аз қамтылған отбасының 11622 адамына жаңа киім-кешектер таратылып берілді.
Әр балаға берілетін көмек әрбір көпбалалы отбасына үлкен демеу болып отыр. Әйелге, балаға жасалған қамқорлық елдің ертеңіне жасалған қамқорлық.
Керімхан ТӨРЕҚҰЛОВ,
аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің басшысы