Basty bet
“Жас ғалым” клубының отырысы өтті
Өткен жылы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан «Жас ғалым» клубы құрылды. Клуб мүшелігінде 20 ғылыми жетекші, 30 ғылыми жоба жазатын оқушылар бар. Клубтың жетекшісі №1 мектеп-гимназия директорының ғылыми ісі жөніндегі орынбасары Самал Қадырова, ал үйлестірушісі “Жастар ресурстық орталығының” маманы Айгерім Қасымғали.
Жақында аталған клуб мүшелерімен аудандық орталық кітапхананың “Білім” орталығында “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды. Отырыста «Оқушыларға, жастарға ғылыми қоғам жұмысының жоспарын таныстыру» және «Ғылыми зерттеу жұмыстары тақырыбының өзектілігін анықтау, бағыт-бағдар беру» тақырыптары аясында сөз қозғалды.
Шараның мақсаты – оқушылар тарапынан шығармашылық есептерді стандартты емес, өзіндік амалмен шешуді үйрету, жастарды зерттеу іс-әрекетіне жұмылдыру және олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, кәсіптік бағдарлауда көмек көрсету, жастардың іс-әрекет барысында мақсат қоя білуді үйрету.
Отырысты клубтың жетекшісі Самал Орынбасарқызы ашып, шараның мақсатына тоқталды. Клубтың алдағы уақытта атқарар жұмыс жоспарын таныстырып, жастарды ғылымға баулауда бірлескен жұмыс керек екенін айтты. Оқушылар арасында өтетін ғылыми жобалық байқаулар, ғылыми жобаны дұрыс жасау, дұрыс тақырып таңдау мәселелері туралы кеңінен сөз қозғады. Жалпы жаңа Қазақстанды құру жолында жастар ғылымға бет бұру үшін мектеп қабырғасынан бастап зерттеу жұмыстарына ден қою керек екенін тілге тиек етті.
-Мектеп оқушылары 2 сыныптан бастап ғылыми жобаларға қатыса алады. 2-7 сынып аралығындағы балалар “Зерде” республикалық ғылыми жобасына қатысып, зерттеу жұмыстарының алғашқы баспалдағына қадам басады. Ал, 9-11 сынып аралығындағы оқушылар пәндік ғылыми жобаларда бақ сынай алады. 18-29 жас аралығындағы жастар өз қалауындағы тақырыптарды алып, жоба қорғауына мүмкіндігі бар. Мектеп оқушыларына ата-анасының рұқсатымен жетекші мұғалім тағайындалады. Жетекшілері оқушыларға жоба жасауда бағыт-бағдар беріп, бірге жұмысты жүргізеді, – дей келе Самал Орынбасарқызы “Жас ғалым” клубының мақсатын, жылдық жоспарын, ұранын, гимнін таныстырды.
Сонымен қатар, клуб жетекшісі белгілі бір жобаны мақсатсыз жүргізу мақсат емес, оны зерделеп, зерттеу жұмыстарын дұрыс жүргізе білу керек дейді. Тақырыпты дұрыс таңдап, айналасындағы ауқымды әрі өзекті мәселені жоба ретінде де зерттеуге болады екен. Оқушы мен жетекші жоба жасағанда тақырыптың өзектілігін де дұрыс аша білуі тиіс көрінеді. Өйткені, жобаның өзектілігі бүкіл жұмыстың нәтижесін, сипатын көрсетеді. Одан бөлек, жас ғалым ғылыми жобада әдебиеттерге шолу жасап, ондағы деректерді де пайдалана алады екен. Сол көрсетілген мәліметтер мен зерттеулерді салыстырып, өз пайымын шығаруы керек. Жобасына жаңашылдықты қосса, нұр үстіне нұр.
-Бала өзін-өзі ғылымда сынап көруі керек. Қызығушылығы жоғары оқушылар тақырып аясында зерттеу жүргізген сайын ашылады. Бастауыш сынып оқушылары жобасын кез келген пәнмен байланыстырып, зерттеу жұмыстарын жүргізсе тиімді болмақ. Кәмелет жасқа толмаған балалар жетекшісімен өзара ақылдаса отырып, жұмыс жүргізеді.
Оқушылар жобада тәжірибеге қолдануға болатын, болмайтын затты білуі тиіс. Сонымен қатар, бүгінгі таңда плагиат деген дүниеге жол берілмейді. Ол нәрседен аулақ болған дұрыс. Ғаламтордағы кез келген материал зерттеу жұмыстарына тиімділігін көрсетпейді. Керісінеше, кітапханаға келіп, кітаптардан оқып, зерттеген абзал. Жастар іздену, салыстыру, нәтиже шығару, қорытынды жасау, тәжірибе алмасу, жоспарын дұрыс құру дегеннің барлығын меңгергені абзал. Сонда жұмысы нәтижелі әрі пайдалы болмақ, – дей келе, Самал Орынбасарқызы жастар пайдалы жобасын кәсіпке айналдыруға болатындығын жеткізді.
Отырыста тақырып аясында түрлі мысалдар келтіріліп, қатысушыларға бағыт-бағдар берілді. Ғылыми жобаға қатысты тың мәліметтер айтылды. Шара барысында жетекшілер мен оқушылар өзара пікір алмасып, сұрақтарын қойды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»