Basty bet

«БІЗ – ЖУАЛЫЛЫҚТАРМЫЗ!»

Жазушы Алпысбай Шымырбайұлының 70 жылдығына орай республикалық «Жыл – он екі ай» журналының балалар шығармашылығына байланысты байқауының шарты

Болашақ балалық шақтан басталады. Ол – адам өмірінің ерекше есте қалатын бел-белесі. Әрбір жасөспірім жан-жақты болып өсу үшін алаңсыз ойнайды, төңірегінде болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға қызыға қарайды. Айналасындағының бәрін түстеп танығысы келеді. Жақсының не, жаманның не екенін анық білуге ұмтылады. Үлкендердің есті сөзіне құлақ түреді. Ән шырқайды, би билейді.
Бүгінде ғылым мен техниканың қатты дамыған заманы. Оның ағысынан қалып қоймау үшін сендерге көп оқуға, зерделі, зейінді болуға тура келеді. Міне, осының бәрі айналып келіп уақытқа тіреледі. Адам кішкене кезінен арманшыл болса, өз уақытын пайдалы істерге ғана сарп етіп, тиімді пайдаланса, ондай ұл-қыздар бәріне үлгереді. Тәуелсіз еліміздің таяныш-тірегі болатын атпал азамат болып өседі. Сондықтан, балақайлар, балалық шақ – сендер үшін сындарлы шақ. Қай-қайсың да мына Қазақстан деген қасиетті елдің ертеңгі иесі екендіктеріңді осы бастан сезініп өсуге тиіссіңдер.
Биыл жер басып жүрсе 70-ке толып, мерейтойын атап өтетін Алпысбай Шымырбайұлы аталарың бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Мектепте үлгілі оқушы болды. Сендердей кезінде жазған әңгіме, мақала, өлеңдерімен бүкіл республикаға танылды. Кейін көп жыл «Қазақстан пионері» – бүгінгі «Ұлан» газетінде жемісті қызмет істеді. Өздеріңдей ұл-қыздардың журналист, ақын-жазушы, ғалым, әнші, суретші болғысы келетін армандарына қанат бітіріп, қамқорлық жасады. Оның сыртында жылына бір рет шығатын «Жыл – он екі ай» әдеби-күнпарақ кітабына белсене араласып қана қоймай, әлденеше жинағын құрастырды. Осы жағын ескере келе «Біз – жуалылықтармыз!» шығармашылық байқауын өткізуді жөн көрдік. Байқаудың мерзімі шарты жарияланған осы күннен басталады. Ал қорытындысы 25 қазан – Республика күні қарсаңында шығарылады. Оған мектеп оқушыларының бәрі қатыса алады. Материалдарды қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де ұсынуға болады.
Енді жазылатын материалдар мәселесіне келсек, ол жағына шектеу қойылмайды. Көлемі де шектелмейді. Тақырыптық аясы үлкен. Әңгіме, ертегі, жаңылтпаш, жұмбақтар мен санамақтар, танымдық мақалалар, ел аузынан жиналған аңыздар, өздерің тұратын өңірдегі жер-су аттарына байланысты аталарың мен әжелеріңнен естіген әңгімелеріңді де жазып жіберулеріңе болады. Сондай-ақ елдің мақтанышына айналған өнегелі адамдар туралы да, ұстаздарың мен халыққа шапағаты тиген кісілер жөнінде де жазыңдар. Тіпті өздеріңнің әке-шеше, бірге туған аға-әпкелеріңді не үшін жақсы көресіңдер, сол туралы да жазылған ойлы эсселеріңді күтеміз. Достық сезім, үлкендерді сыйлау, қарт кісілерге көрсеткен көмектерің, адалдық мәселесі де жазатын дүниелеріңе арқау болсын. Асықпай, ойларыңды барынша тиянақты етіп жазыңдар. Жазып біткеннен кейін ол жазбаларыңды жаныңдағы жолдастарыңа, білім беретін ұстаздарыңа оқып беріңдер. Олардың айтқан сын-ескертпелері болса, сол бойынша өңдеңдер, жөндеңдер. Жақсы мақала, ойлы өлең, қызықты ертегі қайта-қайта жөнделіп, сөздері өзгертілген сайын жақсара түсетінін әрдайым есте ұстаңдар. Ол үшін де газет-журналдар мен кітаптарды көп оқуға, жалықпай ізденуге тура келеді.
Бізге келген әрбір материал қараусыз қалмайды. Байқауға түскен шығармаларды соңында іріктеліп, екшелген соң жеке кітап етіп ұсынамыз. Ол жеңімпаздарға тегін таратылады. Байқауға қатысқан ұл-қыздардың ешқайсысы ескерусіз қалмай, бәрінің аты-жөндерін, мектептерін көрсетіп арнайы қорытынды мақала жазамыз.
Байқауға қатысу үшін жазылатын материалдардың үлгісін білу үшін, әр мектептің кітапханасына өзіміз ұсынған «Жыл – он екі ай» журналын оқып шығуларыңа болады.
Сонымен, жас достар, іске сәт дейік!
Біздің мекенжайымыз: Индекс – 050026, Алматы қаласы, Қожамқұлов көшесі, 128-39. Байланыс телефондарымыз: 8-727-233-62-23, 8-701-224-04-93.

Талғат Айтбайұлы,
«Жыл – он екі ай» журналының
бас редакторы

Таңдаулы материалдар

Close