Basty bet

Халық Қаһарманының сапары

Өткен аптаның соңында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант, қасиетті Жуалы ауданының даңқты перзенті Бақытжан Ертаев жұмыс сапарымен ауданда болып, бірқатар ауылда болып, тұрғындармен кездесті.

Бақытжан Ертаев ең алдымен аудан орталығында тұрақты түрде ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне келді. Халық қалаулысының жанында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасарлары Әбдікерім Уркумбаев және Асхат Жабағы бірге жүрді.
Б.Ертаев «Мадина» сауда орталығында өткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде болғанда оған ауданнан өндірілетін өнімдер туралы кеңінен ақпарат берілді.
-Биыл Жуалы ауданында ауыл шаруашылығы өнімдері молынан өндірілді. Қай дақылды да алып қарайтын болсақ, өнім орташа деңгейде. Аудан диқандары дәнді дақылдарды жинап алып, ендігі кезекте картоп, басқа да бақша өнімдерін жинап алып жатыр. Қазір жиын-терім жұмыстары қызу жүруде. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған мұндай жәрмеңке осыған дейін бірнеше мәрте ұйымдастырылды. Бір мәрте елордасы Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген жәрмеңкеге арнайы барып қатысып, Жуалы жерінде өндірілген экологиялық таза өнімдерді ұсынған болатынбыз.
Жуалы ауданында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері еліміздің қай өңірінде де үлкен сұранысқа ие. Бүгінгі жәрмеңкеге ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтің шаруалары өз өнімдерін тұрғындарға ешқандай делдалсыз өткеруде,- деді аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев.
Халық қалаулысы Бақытжан Ертаев және облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбеков жәрмеңкені аралап шығып, аудан шаруаларымен, тұрғындармен кеңінен пікірлесіп, оларға амандық пен табыс тіледі.
Б.Ертаев келесі кезекте Кәріқорған ауылында болып, онда газ тарту жүйесінің жұмысымен танысты. Жалпы биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауданға қарасты бірқатар елдімекенге көгілдір отын жеткізу, газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл жұмыстардың атқарылуы туралы аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы айтып, алда тұрған жоспарлы жұмыстардан да хабардар етті. Асхат Базарбайұлының айтуынша, қазіргі таңда Жетітөбе ауылдық округіне қарасты ауылдарға газ тарту үшін ауылішілік жүйелер жүргізілуде. Рысбек батыр ауылына дейін магистральдық газ құбыры тартылған. Бағдарлама аясындағы жұмыстар толықтай аяқталғанда Жетітөбе ауылдық округінен бастап, ауданның ең шалғай ауылы Қызтоған ауылына дейін көгілдір отын жеткізілмек.
-Ауылдық елдімекендерді инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету маңызды саналады. Әсіресе, шалғай жатқан ауылдарға ауызсу, газ, тағы басқа қажеттіліктерді жеткізіп беру, оның халыққа сапалы қызмет көрсетуі мемлекет тарапынан да қатаң бақылауда болады. Осыған орай келесі жылы ауданның бірқатар елдімекендеріне табиғи газ жеткізілмекші. Одан бөлек 15 ауылда ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Мұның бәрі халықтың игілігі. Ендігі кезекте интернет мәселесін шешуіміз қажет. Бұл өте маңызды. Интернет, басқа да байланыс жүйелері болмаса, жастар ауылда тұрақтамайды. Біздің келешегіміз, ашығын айтқанда, барымыз да, нарымыз жастар, ертеңгі өскелең ұрпақ. Олардың ауылдық жерлерде тұрақтап, жұмыс істеуіне, ұрпақ өрбітуіне лайықты жағдай жасауымыз қажет.
Осыны жергілікті атқарушы терең ескерулері қажет,- деп атап өтті Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Ертаев.
Бақытжан Ертайұлы келесі кезекте Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепке барды. Айта кету керек, ағымдағы жылы аталған мектепке жапсарлас бірнеше оқу кабинеттері, спортзалдың құрылысы жүргізілген болатын. Халық қалаулысы Б.Ертаев және облыс әкімінің орынбасары Ұ.Жазылбек жаңа салынған нысандарды көріп шығып, оқу кабинеттерін аралап көрді. Б.Ертаев мектеп басшылығына оқыту үдерісін ширата отырып, балаларды қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлы тұлғалардың тағылымымен және ерлік істерімен тәрбиелеу қажеттігін еске салды. Сонымен қатар, биыл даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай іс-шаралар өткізу қажеттігі де айтылды. Құрылыс барысында кеткен кейбір кемшіліктерді тез арада түзетуді құрылысты жүргізген мердігерлерге ескертті.
Жуалы ауданына іссапармен келген лауазымды тұлғалар Б.Ертаев, Ұ.Жазылбек Д.Пахомов атындағы орта мектептің ауласында Қоңыртөбе ауылының тұрғындарымен кездесіп, пікір алмасты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Бақытжан Ертаевтың Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келуіне орай батырдың кіндік қаны тамған Ертай ауылында спорт алаңшасының ашылу салтанаты болды. Оған ауыл тұрғындарымен қатар, ауылдан түлеп ұшқан айтулы азаматтар да арнайы келді. Спорт алаңшасының лентасын қию рәсімі генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев және облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбекке ұсынылды. Одан кейінгі құттықтау сөз де аталған екі азаматқа берілді.
-Құрметті жуалылық жерлестер! Ауыл тұрғындары! Өздеріңіз жақсы білесіздер, мені осы алақандай бұрынғы Кеңес ауылы өсіріп, өндірді. Бір жасқа толмай тұрып, әкем Ертай Байсеркеұлы қайтыс болып кеткен екен. Әкенің маңдайымнан сипағанын, еркелеткенін көрмей өстім. Бірақ, осынау қасиетті ауылдың қариялары, ақ жаулықты аналары маған жетімдіктің не екенін білдірген жоқ. Мен осыған ризамын
Жоқшылықты, қиыншылықты көріп ержеттім. Талаптанып әскери оқуға түстім. Бірқатар шет мемлекеттерде әскери қызметте болдым. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуына үлес қостым. Қаншалықты биікке көтерілсем де халқымнан аласа екенімді ұмытқан жоқпын. Туған ауылымды ұмытқан емеспін. Ертай ауылына әр келген сайын ерекше толқимын. Бүгін де солай.
Ауылымыз басқа ауылдардан еш кем емес. Құлшылық жасау үшін мешітіміз, балалар оқимын, білім аламын десе, мектеп, клуб, тағы да басқа орындар бар. Енді міне, спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Бұл ең алдымен жастарға керек дүние. Ауыл жастарына айтарым, білім алып, спортпен айналысыңдар. Елге пайдалы болатын іспен айналысыңдар. Ауылымыздан әлі де талай спорт саңлақтары шығады деп сенемін,- деді Бақытжан Ертайұлы. Келесі кезекте құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ұ.Жазылбек Ертай ауылының тұрғындарының қуанышына құтты болсын айтып, жалпы Жуалы халқының ел дамуы жолында аянбай еңбек ете беретініне сенім білдірді.
Ал ауыл тұрғындары атынан сөйлеген ауыл имамы Ізетбек Байболов спорт алаңшасын салып беріп, ертайлықтарға қуаныш сыйлаған облыс және аудан басшыларына алғыс білдірді. Алғашқы доп тебу рәсімі Б.Ертаевқа бұйырды. Ары қарай футболдан ашық турнир ұйымдастырылып, аяқ доп шеберлері жарыс көрігін қыздырды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close