Basty bet

«Тұрмысыңды көтеру үшін жұмыстан қашпау керек»

дейді Сапарғали Мырзахметұлы

Тәуелсіздіктің таң сәрі тұсында құрылып, бүгінде шаруасын жолға қойып, дамып, бай-қуатты шаруалардың қатарына қосылғандардың бірі – Нұрмахамбет Исақовтың жетекшілігіндегі «Алатау» шаруа қожалығы.
Нұрмахамбет Мырзахметұлы үлкен отбасында тәрбиеленген. Яғни, олар бір әке, үш анадан 16 ұл-қыз өрбіген.
Тағдырдың жазмышымен марқұм Мырзахмет әкейдің бірінші әйелі дүниеден озған соң екінші рет үйленеді. Бірақ ол кісі де қайтыс болады. Үшінші бас қосқан жары екі әйелден қалған балаларды өз балаларынан кем көрмей бауырына басып, бөліп-жармай бірдей тәрбиелеп өсіреді. Алланың берген 16 ұл-қызының біреуі о дүниелік болады. Қалғандары Аллаға шүкір аман-есен. Қазір барлығы өз балаларымен, немерелерімен бас қосқанда ауылдағы ағайынды үш үйге бөлінеді екен.
Колхоз, совхоздар тарап, жекешелендіру жүріп жатқан жылдары әкесі ұлдарымен ақылдаса келіп, өздеріне тиесілі 43 гектар жерді алып, «Алатау» шаруа қожалығын құрады.
Өздеріне тиесілі жерге алғаш картоп егеді. Картоп егудің қыр-сырын толық білмегендіктен бірінші жылы өнім нашар болады. Бірақ, ағайындылар ақылдаса келіп, картоптың тұқымын жаңалап, келесі жылы қайта егеді. Екінші, үшінші жылы картоптан жақсы өнім алады.
Сонымен бірге сүт бағытында 80 бас сауынды сиыр ұстайды. Алайда, өздеріне бұл кәсіп тиімсіз болғандықтан, қой шаруашылығымен айналыса бастайды. Қазіргі таңда қой шаруашылығымен қатар асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен де айналысып келеді.
Бүгінгі таңда шаруа қожалықтың иелігінде 1300-дей қой, 300-ден астам жылқы бар.
Шаруа қожалықтың жұмысымен танысуға барғанда бізді Нұрмаханбет ағаның кенже інісі Сапарғали күтіп алды. Сапарғали ағасымен бірге еңбек етеді екен.
Еңбекқор азамат бізді үй жанындағы шағын фермаға ертіп барды. Айнала техникалар, биік мая шөп жиналған. Қора-жайда біраз жылқылар тұр. Бұлар бордақыға байланып жатқан жылқылар екен. Қалған малдар ауылдың сыртындағы фермаға шығарылыпты.
-Шаруа қожалық марқұм әкеміздің бастамасымен құрылды. Әкемнің жанында тірліктің басы-қасында Нұрмахамбет ағам бірге жүріп, әрі қарай өзі алып кетті. Кейін тірлікке бізді де баулыды.
Әкеміз колхозда ұзақ жыл түрлі жұмыстар істеді. Соңғы жылдары сушы болды. Анамыз да әкемізге көмектесіп жүретін.
Ата-анамыз бала тәрбиесінде бірінші кезекте еңбекқорлыққа, сыпайылыққа, қарапайымдылыққа ерекше мән берді.
Анамыз қонақжай, үлкенге де, кішіге де сыйлы, айналасындағыларға жақсылығы, шарапаты көп кісі еді.
Шаруашылығымызға қажетті техникалар жеткілікті. Жүк көлігі, бірнеше тракторлар бар. Жаңадан үш дана «МТЗ-82» тракторларын алғанбыз.
40 гектардай суармалы жеріміз, 600-700 гектардай жайылым жеріміз бар.
Жазда науқан кезінде екі комбайнер, үш механизатор жұмыс істейді. Өзім де тарактор айдаймын.
Ағам өте еңбекқор жан. Техникаға деген қызығушылығымен өз бетінше үйреніп алды. Алғаш өзі де трактор айдады. Өзіміз жабылып еңбек еттік. Ағамның жанында жүріп мен де үйрендім.
Жанына ертіп жүріп, барлық тірліктің көзін табуды үйретті.
Шаруалардың жұмысы қысы-жазы тоқтамайды. Жаз бойы мал азығын дайындаймыз. Еккен егінімізді орамыз. Қыс бойы малымызды шығын шығармай көктемге шығаруға тырысамыз, көктемгі жұмыстарға дайындаламыз.
Көктемде өзіміздің жерімізге, қосымша елден жалға жер алып арпа, бидай, картоп егеміз.
2007 жылы асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысуды мақсат етіп, белгілі спортшы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздан қарабайыр жылқы тұқымын сатып алып келдік. «Ердің атын еңбек шығарады» демекші, Аллаға шүкір еңбектің арқасында, яғни отбасылық шаруамыздың арқасында жағдайымыз жаман емес, ауылдас, ағайын-туыстың арасында беделіміз де жоғары.
«Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ет бағытында мал асырау үшін 3 млн теңге несие алып, 12 бас жылқы алып, бордақыға байладық.
Әрине, барлығы айтқанға оңай. Бірақ, әр тірліктің өз қиындығы бар. Тек ниет пен жігерлілік керек. Еңбектің қиындығына мойымай, шыдай білу керек. Сонда ғана мақсатыңа жетесің.
Қазір ауылда малшы, тракторшы табу өте қиын. Жастардың көбі қалада тұрғысы келеді. Қара жұмыспен ешкім айналысқысы келмейді. Табысы аз болса да таза, жеңіл жұмыс істегілері келеді. Сөйте тұра жағдайының жақсы болғанын қалап, біреуді кінәлайды. Жұмысыңа қарай нәсібең болады. Сондықтан тұрмысыңды көтеру үшін жұмыстан қашпау керек,- дейді Сапарғали.
Ауыл – ел бесігі. Ауыл – еңбексүйгіш, патриот азаматтарымен көрікті. Ауылды көтеретін де, көркейтетін де осындай азаматтар болса керек.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close