Терме – халқымыздың төл өнері. Терменің жас ұрпақты адамгершілік пен зұлымдықтың, әділеттілік пен әділетсіздікті, жаман мен жақсыны айыра білуге, ата-бабамыздың өсиеттерін қадір тұтуға тәрбиелеуде маңызы зор. Осы төл өнеріміздің дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан жуалылық әнші-термеші Иса Елікбайдың 60 жылдық мерейтойына арналған «Достық» мәдениет үйінде Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдараламалық мақалалары аясында «Қазыналы Қаратау – ән-жыр, күй мұралары» атты шығармашылық кеш өтті.
Елікбай Қырғызбайұлының есімі Жуалы жұртшылығына, жалпы елімізге жақсы таныс. Текті өнердің төрінде жүрген Елікбай Исаның «Ана өсиеті» атты термесінің танымалдылығы сол – әр қазақ жатқа біледі. Біздің студент кезіміз 2000 жылдары Елікбай Исаның термелері жазылған кассеталарды халық іздеп жүріп сатып алып, тыңдайтын. Елікбай Қырғызбайұлының «Қарындасыма», «Таразым», «Сен бар жерде», «Анама», «Балама», «Туған жерім – Жуалы», «Қайыпназар ұстазыма», «Жуалыға арнау» әндері халық арасында кең тараған.
Кешті аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, Иса Елікбайдың еңбек жолына тоқталды. Оның шығармашылықта жеткен жетістіктерін айта келіп, кеш иесіне деген игі тілегін жеткізіп, жуалылықтардың атынан қазақы дәстүрмен шапан жапты. Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те ақ тілегін жеткізіп, сый-сияпат жасады. Сахнаға халықтың қошеметімен шыққан Елікбай Қырғызбайұлы туған жерге, туған-туыстарына, сыныптас, курстастарына, ұстаздарына деген ыстық ықыласын білдіріп, Майлықожаның «Мінәжәт», Қайыпназардың «Сөйлеші, тілім» деген термесін орындады. Бабадан қалған бағалы, атадан қалған алтын өнер туралы әнші-термешінің жыр өнеріндегі ұстаздары Алмас Алматов, Амандық Көмекұлы әңгімелеп, шәкірттерінің мерейтойына арнап ән-жырларын тарту етті.
Кезек Елікбай Исаның өмір жолы мен еңбек жолына байланысты түсірілген слайд шоуға берілді.
Кешті әрі қарай атақты жыршылардың шәкірттеріне берілді. Олар «Сөз бастау», «Сүгірдің толғауы», «Әуелі Алла жаратқан», «Жүргендерің саламат» термелерін домбырамен, баянмен шырқады.
Сахнаға ауданымыздың қадірменді қариялары Аманжол Дүрәліұлы, Әбілқасым Ергебеков көтеріліп, кеш иесінің бойындағы игі қасиеттері, өнері, таланты жайлы әңгімелеп, ақ жол тілеп, бата берді.
Кешті Елікбай Иса термелерін орындап, жырымыз, өнеріміз өлмесін деген игі тілегімен қорытындылады.
Перизат НҮРПЕЙІСОВА,
«Жаңа өмір»