Basty bet

Жұқтырып емделгеннен, жұқтырмаған абзал

Сарапшылардың болжамына сенсек, әлем елдеріне шетсіз-шексіз таралып, адамдардың қалыпты тұрмыс ырғағына елеулі өзгерістер әкелген коронавирустық инфекцияға байланысты ахуал жылдың басынан сәл босаңсығандай сыңай көрсеткенімен, алдағы көктем айларында қайта өршуі мүмкін.

Десек те, бұл қауіп-қатердің әлі де толықтай сейіле қоймағанын, сақтық шараларына барынша мән беріп, оны көпке дейін сақтау қажеттігін ұғындырады.
Аудандық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, ауданда СОVID-19-дың белгісі алғаш тіркелген өткен жылдың мамыр айынан бүгінгі күнге дейін бұл індетті 202 адам жұқтырған. Оның 183-і жазылып шықса, 9-ы қайтыс болған. Сонымен қатар, осы кезең аралығында вирустық пневмонияға шалдыққандар саны 247-ні құрап, одан 223 адам айығып, 8 адам қайтыс болған.
Бүгінде коронавирустық инфекциядан ауданнан облыстық ауруханада сегіз, аудандық ауруханада бір адам, вирустық пневмониядан облыстық ауруханада 12 және аудандық ауруханада төрт адам емделуде. Қос індеттен де айығып шығушылардың қатары күнделікті тіркелуде.
Аудандық орталық аурухананың эпидемиолог дәрігері Самат Мамыралиев індетті жұқтырып емделгеннен гөрі, оны жұқтырмаудың әлдеқайда жеңіл екенін айтады. Маманның айтуынша, індетпен күресте қарапайым санитариялық талаптарды қатаң сақтаудың маңызы зор.
– Коронавирустық инфекция адамнан адамға ауалы-тамшылы жолмен, қол алысып амандасу, бір ыдысты пайдалану, жақын қарым-қатынаста болу арқылы жұғатын індет екені мәлім. Індетті таратпаудың жолдары өте қарапайым. Олар медициналық бетперде тағу, қолды антисептикпен жуу, бетпердені әрбір екі сағат сайын ауыстыру, адам көп шоғырланатын жерлерге, яғни жиын-тойларға, астарға бармау, әлеуметтік арақашықтықты сақтау және т.б. болып табылады. Осы талаптарды қатаң сақтай отырып, адам өзін және жақындарын қауіпті дерттен арашалай алады.
СОVID-19 негізінен егде жастағы және жүрек-қан тамыры, қант диабеті ауруларына шалдыққан, қан қысымы тұрақсыз адамдар үшін аса қауіпті. Иммунитеті төмен адамдар да ауруды тез қабылдағаш болып келеді.
Бұл індет көбінесе, төменгі тыныс алу жолдарының зақымдануынан туындайды. Коронавирустық инфекциямен қатар науқасқа бактериалдық пневмония да елеулі қауіп төндіреді. Бактериалдық пневмония кезінде науқастың өкпесінде, төменгі тыныс алу жолдарында бактериялар жиналып, ірің пайда болады. Соның салдарынан науқастың тыныс алуы тарылып, ауа жетіспеушілік байқалады.
Коронавирустық инфекция мен бактериалдық пневмонияның айырмашылығы ПТР тестін алу барысында анықталады. Екеуінің симптомы бірдей болып келеді, кейде симптомсыз да өтеді.
Науқаста дене қызуы, ентігу, тыныс алу жиілігі, ол ересектерде 26-дан 33-ке дейін ауру белгісі болып есептеледі, көкірек тұсы ауырсынса, ашыса, ауа жетіспесе, яғни оттегіге тәуелділік белгілері байқалса, сатурациясы (өкпенің қалыпты жағдайда демалуы) 90-94-тен төмен болса, бұл науқастар СОVID-19-ға күдікті болып есептеледі.
Бұдан да басқа, науқастың шағымынан бөлек, ауру тарихы, оның қанша күннен бері ауырып жүргені зерделенеді. Осыларды зерделей келе, инфекционист дәрігерлер эпиданамнез жинайды. Бірінші кезекте науқастың елден тысқары аймаққа, облыс аумағынан тыс қызыл аймақ болып есептелетін өңірлерге, көпшілік орындарға барған-бармағаны, одан бөлек, науқасты қосымша аурулар бойынша «Д» есепте тұратын-тұрмайтыны сұрастырылады. Осы шағымдарды жинақтай келе, мамандар СОVID-19 инфекциясына күдікті екендігі туралы алдын ала диагноз қояды.
Аудандық орталық аурухана жанындағы ПТР зертханасы науқастың ауыз және мұрын қуысынан биоматериал алып, талдайды. Зертханалық талдау нәтижесі бір тәулік ішінде дайын болады. ПТР тесті оң нәтиже берген жағдайда, науқаста коронавирустық инфекция, ал теріс болған жағдайда вирустық пневмония расталады. Сонымен қатар компьютерлік томографияның көмегімен де анықталады.
Науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандар 14 тәулік үй карантинінде болады. Олардан үшінші және 12-ші күндері ПТР сынамасы алынады. Оларды алдымен мобильдік топ мүшелері барып, көреді. Әрі қарай жағдайлары жақсы болса, аймақтық медицина қызметкерлерінің бақылауында болады, – дейді аудандық орталық аурухананың эпидемиолог дәрігері Самат Мамыралиев.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close