Basty bet
Вакцинациялау әрі қарай жалғасады
Бұрын хабарлағанымыздай, ақпан айының басында елімізде тұрғындарды ерікті түрде вакцинациялау шарасы бастау алды.
Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасы 22 мың дозамен жеткізіліп, барлық өңірлерге таратылған болатын. Тараз қаласынан арнайы контейнермен жеткізілген вакцинаның алғашқы 50 дозасы ең алдымен COVID-ке қатысты осал топ болып есептелетін ауданымыздың 50 медицина және санитариялық-эпидемиологиялық сала қызметкеріне салынды.
Бүгінде екпе қабылдағандардың жалпы жағдайы жақсы. Бәрі де қазір өз жұмысында жүр. Иммундау жұмысы әрі қарай жалғасып, олар аптаның ортасына қарай коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның екінші дозасын қабылдауы тиіс.
Қарсаңда әлеуметтік желілерде еліміздің екі бірдей денсаулық сақтау вице-министрлері, бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ерлан Қиясов пен Ажар Ғинияттың Нұр-Сұлтан қаласындағы №6 емхананың базасында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның екінші дозасын қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Айта кететін жайт, вакцинаны тек Қазақстан Респубикасының кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады. Жылдың аяғына дейін КВИ-ге қарсы вакцинамен 6 млн-ға дейін адам қамтылады деп жоспарлануда.
Мамандар вакцинациялаудың маңызын әр тұрғын түсінуі тиіс деп есептейді.
«Жаңа өмір»-ақпарат