Basty bet

Жоба аясында оқуға шақырды

№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның базасында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!»-«Серпін-2050» әлеуметтік жобасы аясында білімгерлерді қабылдаушы жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен «Серпін күндері» атты «Ашық есік» күні өтті. «Ашық есік» күніне аудан орталығындағы мектептердің түлектері шақырылды.

Шараны Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының» маманы Әсима Пернебаева ашып, жүргізіп отырды.
-«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!»-«Серпін-2050» жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік жобалардың бірі. Жоба аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары, өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қостанай, Қарағанды қалаларының және Батыс, Солтүстік, Шығыс Қазақстан өңірлерінің жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. «Серпін» жобасына Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатыса алады.
«Серпін» әлеуметтік жобасының үш маңызды тұсы бар. Біріншісі, индустриалды-инновациялық жобаларға мамандарды даярлау, екіншісі, кәсіптік бейімделу болса, ал, үшіншісі жастардың әлеуметтік және жұмыссыздық мәселелерін шешу болып табылады.
Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектерге ҰБТ-ға немесе кешенді тестілеуге қатысып, кем дегенде 50 балл жинауы керек. Бұл тек төменгі шектік деңгей. Бұл шарт жоғары оқу орындарына түскісі келетіндерге ғана қатысты. Ал, колледждер үшін мұндай шарт жоқ. Дегенмен де арнаулы орта оқу орындарына да қабылдау емтиханы болады. Сонымен бірге жобаға қатысқысы келетіндердің жасына шектеу қойылмайды. Жоғары оқу орындарына түскен студенттер шәкіртақымен, өңірлерге бір рет барып-қайту жолақысымен және жатақханамен, ал колледждерге түскен студенттер аталған жеңілдіктерге қосымша үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі,- деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ, Әсима Анарбекқызы жобаға қатысушы өңірлердің өкілдерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінен және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінен арнайы кабинеттер бөлінгенін жеткізді. Облыс орталығындағы аталған жоғары оқу орындарының базасында жобаға қатысу үшін ағымдағы жылдың шілде айында мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа құжаттар қабылданатынын да баса айтты.
Келесі сөз кезегі Өскемен қаласындағы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Гауһар Қасымбековаға беріліп, ол оқушыларға аталған оқу орны және «Серпін-2050» жобасы жайында кеңінен мағлұмат берді. Ал, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жоғары колледжінің оқытушысы Нұрлыхан Қалиақперова: «Бағдарлама аясында биыл бірінші рет жоғары колледжге түсушілерге грант беріліп отыр. Бұл грант ҰБТ-ны көктемде тапсырған оқушыларға арналған. Жалпы мұғалім мамандығы бағытында биыл 60 балдан төмен болмауы керек екенін білеміз. Осы 60 балды ала қалған немесе 60 балды алып, университеттегі конкурстан өте алмаған оқушылар оқуға түсе алады. Жоғары колледж білімгерлердің мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, дене тәрбиесі және спорт, бастауыш білім беру және негізгі орта білім беру мамандықтары бойынша құжаттарын қабылдайды»,- деді.
Шарада Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің аға оқытушысы Мейрамбек Үсенбеков және Қазақ гуманитарлық-заңдық инновациялық университетінің оқытушысы Бақыт Тұрсынханұлы оқушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close