Basty bet
Әлемді кітап арқылы танимын
Дінмұхамед Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бастамасымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасының аясында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты ең көп кітап оқитын оқырмандар арасында аудандық байқау болды. Б.Момышұлы ауылдық кітапханасының кітапханашыларының ұйымдастыруымен өткен байқау ақын-жазушы Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылығына арналды.
Байқауды Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Жанат Айтжанова ашты.
-«Әлемді кітап арқылы танимын» байқауы биыл үшінші рет өткізілуде. Шараның мақсаты – жас ұрпаққа жергілікті ақын-жазушылардың өмір жолы, еңбек жолы және шығармашылығымен таныстыру. Байқауды өткізу барысында байқағанымыз – жылдан-жылға жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығының артуы. Бұл – үлкен қуаныш, жетістік.
Еліміз бәсекеге қабілетті, мықты ел болуы үшін ең бірінші жастары дені сау, білімді, патриот, рухы биік болуы керек. Бұл қасиеттер олардың бойына отбасындағы тәлім-тәрбиемен, біліммен және кітап оқу арқылы қалыптасады. Сондықтан бүгінгі дарынды жастарға тек қана сәттілік тілеймін!- дей келіп байқауды ашық деп жариялады.
Жүргізушілер көрермендерді Сарысу ауданының тумасы Пернебай Дүйсенбиннің өмір жолымен, еңбек жолымен, шығармашылығымен таныстырып өтті.
Аудандық байқауға 1-4 сынып аралығындағы оқушылардан сегіз, 5-9 сынып оқушыларынан 12 оқушы қатысты.
Қатысушылар «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын» атты бірінші бөлімде өздерін таныстырып шықты. Ерекше дайындықпен келген оқушылар бірден дараланып тұрды.
«Пернебай Дүйсенбин – балалар әдебиетінің көрнекті жазушысы» атты екінші бөлімде қаламгердің шығармаларынан үзінді жатқа айтты, сахналық үзінді қойылым қойылды. Бөлімде бір ғана қатысушы, яғни №1 мектеп-гимназияның 2 сынып оқушысы Мерей Бауыржанқызы «Ән салыңызшы, әке!» кітабындағы «Саят» повесінен үзінді қойды. Қалған қатысушылар түрлі тақырыптағы шығармаларынан жатқа үзінді оқыды. Бұл бөлім үлкен еңбекті қажет етеді. Әрине, байқауға оқушылардың үлкен дайындықпен келгені көрініп тұрды.
«Портрет галереясы» бөлімінде экраннан көрсетілген ақын-жазушылардың суретіне қарап, кім екенін тапты. Өкінішке орай, жасырылған жергілікті ақын-жазушылардың суретін танымай жатқандар да кездесті.
Ал, «Әдеби бәйге» атты соңғы бөлімде қаламгердің өмір жолы мен еңбек жолы және шығармашылығынан дайындалған сұрақтарға жауап берді.
Байқауға қатысушылардың көбісі соңғы екі бөлімде мүдірді. Дегенмен, 1-4 сынып аралығындағы қатысушылардың дайындығы өте жақсы.
Әділ қазылар алқасы қатысушылардың еңбегін саралай келіп, барлық бөлімде ерекше дайындығымен, дарынымен, зеректігімен көзге түскен қатысушы Мерей Бауыржанқызы (№1 мектеп-гимназия) мен Тоғжан Шайдулинге (Т.Әкімов атындағы ОМ) бас жүлдені берді (суретте). Жүлдегерлерге әділқазылар алқасының төрайымы Жанат Дүкенбайқызы облыстық байқауға жолдама берді.
І орынды Айшабибі Ақберген (Қ.Қошмамбетов атындағы ОМ) мен Ақбота Иланбай (С.Сейфуллин атындағы ОМ), ІІ орынды Карима Әріпжан (Жаңаталап ОМ) мен Гүлімай Тұралы (С.Бәйтіков атындағы ОМ), ІІІ орынды Аяна Асқанбек (М.Ғабдуллин атындағы ОМ) пен Еркеназ Оралбек (Көктөбе ОМ) иеленді. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен Дипломдар тапсырылды. Қалған қатысушылар да Алғыс хатпен марапатталды.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»