Basty bet

Адал қызмет ету – азаматтық борышым

Мамандық таңдаудағы қателік – жұмыссыздықтың басты себебі. Жұмыссыздықтың басты себептерінің бірі – мамандық таңдауда қателесу. 4-5 жыл бойы өзіне ұнамайтын мамандыққа түскен бала сабағын да сүйіп оқымайтындығы белгілі. Әрі оқуын аяқтаса да, өз саласының шебері болмайтындығы да анық.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» – деген мазмұны терең сөзі қанша заман өтсе де өзектілігін жоймай, мәні арта түсуде. Себебі, халық үшін адал қызмет ету – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Ол үшін ең алдымен адамның бойында елге, халқына деген махаббат пен адалдық, адамгершілік қасиеттер болуы тиіс. Сонда ғана, ол азаматтың қолына билік тигенде өзгеріп шықпай, керісінше халықтың қамын жейтін азамат болады.

Біз осы орайда мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүргеніне 10 жылға жуық уақыт болған Нұрбақыт Балтабаевпен сұхбаттасқанды жөн көрдік. Ол қазіргі таңда аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы және Әдеп жөніндегі уәкілінің қызметін атқарады.
Маманның негізгі міндеттері – мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізу, конкурстық іріктеу, мемлекеттік қызметшілерді қызмет бабында ілгерілету, қызметтік тергеп-тексеру, мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту, мемлекеттік қызметшілерді қызметтен шығару рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкер болу оңай емес. Себебі, жылдан-жылға мемлекеттік қызметкерге деген талап күшеюде. Әрі мемлекеттік қызметкер – мемлекеттің айнасы. Мен де бұл мамандықты өзім қалап түстім.
Егер сіз де мемлекеттік қызметкер болам деп шешім қабылдасаңыз, ең әуелі адами қасиеттеріңізге мән беріңіз. Содан кейін ғана, сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз ескеріледі. Себебі, қанша жерден білімді әрі тәжірибелі маман болса да, бірақ оның бойында адалдық пен қарапайымдылық, жауапкершілік деген қасиеттер болмаса, ол адамнан жақсы қызметкер шықпайды. Ол ертең өзінің қызметін шектен тыс пайдалануы мүмкін, тіпті өзге адамдардан пара алуы да мүмкін. Сондықтан да, мемлекеттік қызметкер болам деген адамның бойында халыққа деген махаббат, адалдық пен қарапайымдылық қасиеттері болуы қажет. Содан кейін ғана үміткерлер арнайы тесттер тапсырып, конкурсқа қатысып, әңгімелесуден кейін комиссия шешімімен жұмысқа орналаса алады, – дейді бөлімше басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі» атты бөлімінде бұл саладағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет екенін атап өтті. Ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керектігін баса айтты. Сонымен қатар, дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқару жүйесі бар күш-жігерін жұмылдырып жұмыс істеп отырғанын жеткізді.
Мемлекеттік қызмет жұмысының тиімділігі әрбір мемлекеттік қызметшіге, оның тәжірибесі мен ұқыптылығы, сондай-ақ кәсіби және жеке тұлғалық қасиеттеріне байланысты.
Нұрбақыт Балтабаевтың еңбек жолына тоқталар болсақ, ол 2012 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын аяқтайды. Сол жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы ішкі саясат бөлімінің жастар орталығына жұмысқа орналасады. Сол жылдың қараша айында Шақпақ ауылдық округ әкімі аппаратының әлеуметтік сала бойынша бас маманы болып тағайындалады. Ал, 2013 жылы 21 наурызда аудан әкімі аппаратының кадр бөлімінің бас маманы болып ауысады. 2014 жылы кадр бөлімінің атауы персоналды басқару бөлімшесі болып ауысады. Ал, 2017 жылы аудан әкімінің бас инспекторы қызметін атқарады. Сол жылдың желтоқсан айынан бастап персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы лауазымында қызмет атқарады.
-Қазіргі таңда Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны – 156. Аудан бойынша мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 39,4-ті құрап отыр.
Персоналды бөлім ретінде біз кадрлар жұмысының сапасына да бақылау жасаймыз. Осы мақсатта, олардың біліктілігін арттыру үшін оларды арнайы оқуға да жіберіп отырамыз. Олар өзге өңір қызетшілерімен тәжірибе алмасып, арнайы конференцияларға да қатысады. Басты мақсат – мемлекеттік қызмет жұмысының тиімділігін арттыру, халыққа қолжетімді ету, – дейді Нұрбақыт Айдарханұлы.
Расымен де, қазір соңғы бес жылмен салыстырғанда билікпен халықтың арасы ашық. Қазір тұрғындар өздерінің ұсыныс-тілектерін әлеуметтік желіде еркін жаза алады. Ең алғаш Президенттің баспасөз қызметі құрылып, әлеуметтік желіге тіркелді. Қазір ауыл, аудан әкімдері болсын, барлығында әлеуметтік желілер бар. Ол жерге жазылған сұрақтар мен өтініштер – басты назарда тұр. Сондай-ақ, Е-өтініш, электронды үкімет порталы да барлығы қоғамды ашықтыққа әкелуде. Себебі, халық пен мемлекет бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Бұл туралы «биліктің қайнар көзі – халық» деп те айтылады.
Нұрбақыт Балтабаев персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы лауазымы қызметінен қатар, 2022 жылдың қазан айынан бастап Әдеп жөніндегі уәкілі болып тағайындалды. Әдеп уәкілі ретінде аудан көлемінде мемлекеттік қызметкерлердің әдеп нормаларын сақтауын қадағалайды. Бұл Әдеп кодексінде жазылған. Осы тұрғыда, аудан орталығы мен ауылдық округтерге барып, мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін азаматтармен жолығып, арнайы түсіндіру жұмыстарын да жүргізген екен.
Кәсіби маман әр жылдары аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменттінің, сонымен қатар, Жамбыл облысының әкімінің Алғысхаттарымен марапатталған.
Ол отбасында үш баланың қамқор әкесі, сүйікті жар, ата-анасының сенім артқан ұлы. Нұрбақыт Балтабаев бос уақытында ат баптап, көкпар тартқанды ұнатады.
Қорыта келе, мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір ант қабылдаған мемлекеттік қызметші осы қағиданы берік ұстанып, ұмытпауы тиіс. Ел игілігі үшін халық қамын ойлап, кез келген жағдайда елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуға міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты.

Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close