Basty bet
Ұстаз ұлағаты, өлкетанушы өнегесі
Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, ұстаздық жолда жарты ғасырдан астам уақыт еңбек етіп, білім беру саласында тер төккен ұлағатты ұстаз, ақын, өлкетанушы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы – Дәулетжан Байдалиев биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Дәулетжан Байдалиев 1950 жылы дүниеге келген. 1968 жылы Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы (бұрынғы С.Киров атындағы) орта мектепті, Түлкібас ауданындағы «Су шаруашылығы мелиоративтік» техникумының техник-механик факультетін бітірген.
Еңбек жолын 1971 жылы Жуалы ауданындағы №15 кәсіптік-техникалық училищесінде өндірістік шеберден бастап, оқытушы, аға оқытушы, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, директордың оқу өндірістік жұмысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.
1986 жылы жұмысшы мамандарын даярлаудағы жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі» және ВДСО еңбек резервіндегі көрсеткен жоғары нәтижелері үшін төсбелгілерімен марапатталған.
Дәулетжан Жамалбекұлы аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда еңбек еткен жылдары өзін нағыз еңбексүйгіш маман, шығармашыл ұстаз ретінде көрсете білді. Жоғары санатты ұстаз ретінде аудан, облыс көлемінде ашық сабақтар мен семинарлар өткізді. Оқушылары тарих және өлкетану бағытында 12 ғылыми еңбек қорғады.
Өлең жазып, сурет салумен және өлке тарихын зерттеумен де тұрақты шұғылданатын Д.Байдалиевтың қаламынан «Күзгі шуақ» жыр жинағы және «Ұстаз ғибраты» кітабы, сонымен қатар, Жуалы ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Жуалы жер-су атауларының этимологиясы» және «Жуалы – батырлар өлкесі» тарихи-танымдық жинақ кітаптары жазылып, баспадан жарық көрген.
Дәулетжан Байдалиевтың ұзақ жылғы ұстаздық қызметі және өңір тарихы мен өлкетану саласына қосқан үлесі жоғары бағаланып, оған 2017 жылы «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Онымен бірге, «Қазақстан Республикасының үздік өлкетанушысы» төсбелгісімен, «Ардагерлер ұйымына – 30 жыл!», «Білім беру саласының ардагері», т.б. медальдармен марапатталған.
Қасиетті Жуалы өлкесінің жер-су атаулары мен тарихын жақсы білетін ізденімпаз жан Дәулетжан Жамалбекұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырмай, қазір аудандық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс атқаруда.
Ардагер ұстаз, өлкетанушы Дәулетжан Жамалбекұлына шығармашылық табыс, шалқар шабыт және отбасына амандық тілейміз!
Редакциядан
