Basty bet

Қимылдаған қыр асады

«Садирова» шаруа қожалығында картоп қазу науқаны қызу жүруде

Таулы өңірде орналасқан Жуалы ауданы үшін де ауыл шаруашылығы маңызды салалардың бірі саналады. Биыл аудан шаруалары да жылдағыдан да белсенді жұмыс істеді. Соның нәтижесінде малдың басы да артып отыр, егістіктің көлемі де көбейіп келеді. Бұл әлбетте елдің ырысын еселеп, қамбаның да, халықтың да тоқ болуының бірден бір кепілі.
Дәл қазіргі уақытта Жуалы ауданында жиын-терім науқаны қызу жүруде. Шаруалар арпа-бидайды орып алып, қамбаға қызыл дәнді толтырып үлгерді. Арпа-бидай мен майлы дақылдардың ішіндегі мақсары дақылын көбінесе ауданның таулы аймағында орналасқан ауылдық округтің шаруалары егеді. Ал суармалы егістік, оның ішінде картоп, шемішке, бақша дақылдары көбінесе ауданның Ақсай, Мыңбұлақ, Нұрлыкент, Көкбастау, Қызыларық, Ақтөбе және Қарасаз ауылдық округтерінде егіледі.

«Балапанды күзде санайды» демекші, Қызыларық ауылдық округінде орналасқан шаруалар алқаптағы картобын қазып алу үстінде. Округте белсенді әрі өнімді жұмыс істеп жатқан шаруалардың ішінен «Садирова» шаруа қожалығын айтуға болады.
Сәрсекүл Садирова басқаратын аталған шаруашылықтың барлығы 312 гектар егістік жері, оның ішінде 12 тұрғынның пай үлесі бар. «Қимылдаған қыр асады» демекші, 1998 жылы құрылған шаруашылық бүгінде аяғынан нық тұрған деуге болады. Себебі, жыл сайын егістік егу арқылы өнімділікті арттырып, жемісті жұмыс жасап келеді. Биылғы жылы 40 гектарға шемішке егілсе, 30 гектарға арпа, тиісінше, 40 гектарға күздік бидай ексе, қалғаны жоңышқалық, мал азығы үшін егілетін көпжылдық шөптің үлесінде.
Биыл «Садирова» шаруа қожалығы картоп алқабының көлемін 32 гектарға ұлғайтып отыр. Атап айтқанда, алқапқа «Импала», «Бюрена», «Алладин» деп аталатын картоптың элиталы сұрыпты түрлері егіліпті. Тиісті агротехникалық шараларды, сонымен қатар, ауыспалы егістік талаптарын сақтап егіп, жаз бойы күтіп-баптап, уақтылы суғарудың арқасында өнім жаман емес.
Шаруашылық мүшелерінің айтуынша, әр гектардан 20 центнерден өнім жиналуда. Шаруа қожалықтың «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының маңындағы картоп алқабында қазір жұмыс қызу. Мұндағы күзгі жиын-терім жұмыстарына қожалық инженері, су шаруашылығының ардагері Серік Садиров басшылық етуде.
-Еңбек етуге ниет етіп, тірлік жасаған адамды қасиетті қара жер де құр тастамайды. Біз де осы мақсатта уақытпен санаспай, жыл он екі ай жұмыс істеп жатырмыз. Қазір менің жасым 70-те. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, жасым ұлғайса да шаршамай-талмай жұмыс істеп жүрмін. Соның арқасында денсаулығым да жақсы, айналама да сыйлымын. Биыл картоптан жиналып жатқан өнім жаман емес. Картоппен қоса шемішкені де жинап жатырмыз.
Жұмыс болған соң, шаруашылық болған соң, сала проблемасыз болмайды. Бәрі жақсы, керемет дей алмаймын. Жуалы ауданында бес ауылдық округтің шаруалары суармалы егістікпен айналысады. Сол бес округтің әкімшіліктерінде 10 адамға дейін қоғамдық жұмысшылар бар. Олар көше тазалаумен, кейде ағаштарды бұтаумен айналысады. Кейде қолдары бос болатын кездері болады. Міне, қазір қызу науқанның уақыты. Алқаптан қазылған дайын картопты теретін жұмысшылар жоқ. Осындай картоп жинау науқанына, шемішкенің жұмыстарына сол қоғамдық жұмысшыларды тартса дұрыс болар еді. Бұл ең алдымен өздеріне пайда. Кешке дейін картоп теріп, жұмысына ақысын, сонымен қоса, 15 келіден картоп алады. Бізге де жақсы. Жұмыстың қызған уақытында, жиын-терім науқаны кезінде жұмысшы таппай әуре болмас едік. Жұмысшы күші әсіресе осындай науқан кезінде бізге аса қажет.
Отбасында жұбайым Сәрсекүл екеуміз төрт қыз тәрбиелеп, өсірдік. Қазір барлығы тұрмыста. Өз алдына отбасылары бар. Бірі дәрігер, бірі экономист, бірі есепші, енді бірі полиция қызметкері. Олардың барлығы мен алқаптағы картопты қазатын уақытта жұмыстарынан демалыс алып, ауылға арнайы келеді. Балаларын да қоса ертіп келіп, науқан аяқталғанша осында жүріп, қазу, жинау, сұрыптау жұмыстарына қол ұшын береді. Қыздарыма, немерелеріме рақмет. Өркендері өссін.
Тағы бір мәселе, өндірген өнімімізді өткізетін орын жоқ. Белгілі бір орын болмаған соң бағада да тұрақ болмайды екен. Біздің жаз бойы жасаған жұмысымыз бен маңдай терімізді ортада жүретін делдал-саудагерлер пайдаланып жүр. Жасыратын несі бар. Біз оларға 60-70 теңгеден сатсақ, олар тиісті орындарға апарып, дайын өнімді 90-100 теңгенің аралығында саудалайды. Өзіміз апарайын десек, ондағылар бізді кіргізбейді немесе өнімді мүлдем төмен бағамен жерге ұрып алады. Міне, жерге терімізді төгіп, жаз бойы қолымыздан кетпен-күрек түспеген біздің есіл еңбегімізді «ортадағы адамдар» пайдаланады.
Ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Үкімет биылғы жылы картоп өндірушілерге аз да болса көңіл бөліп, төмен пайыздық несиемен трактор берді. Жаңа «LOVOL» маркалы тракторын жер жыртуға және өңдеуге пайдаланамыз. Картоптың элиталы тұқымдарын алып жатырмыз. Одан бөлек, басқа да тракторларымыз, картоп тұқымын отырғызатын, қопсытатын және дайын өнімді жерден қазып алатын агрегаттарымыздың бәрі жеткілікті. Екі-үш дана жүк көлігіміз бар. Қорыта айтқанда, жұмыс істеуге жағдай бар. Тек жоғарыда айтылған мәселелерге аудан және облыс басшылығы құлақ асып, оны дер кезінде шешіп берсе нұр үстіне нұр болар еді,- дейді еңбек ардагері Серік Садиров .
«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген сөздің жаны бар. Қазіргі таңда ауыл-ауылдарда егін және мал шаруашылығын дамыту арқылы тұрмысын түзеп, айналасындағыларға да жұмыс көзін тауып беріп жатқан еңбекқор азаматтар баршылық. Олардың арасында әлбетте бұрынғы инженер-гидротехник Серік Садиров те бар. Біздің кейіпкеріміз Қызыларық ауылдық округіндегі белсенді азаматтың бірі. 30 жыл үздіксіз «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының директоры қызметін абыроймен атқарған. Ауылдық округте болып жатқан жақсылықтарға дер кезінде үн қосып, проблемалардың шешілуіне де үлес қосып жүр. Сұрым ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы қызметін де атқарып келеді.
-Егін шаруашылығынан бөлек, мал шаруашылығын да дамытуды қолға алып жатырмыз. 50 бас сауын сиырға арналған үлкен кешеннің құрылысын аяқтадық. Басқа да жоспарларымыз көп. Болашақта егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығымен де тұрақты айналыссақ дейміз. Шаруашылық жұмыстарына жұбайым Сәрсекүл мен немерем Мәулен қолғабыс етеді,- дейді Серік аға. Айта кету керек, «Садирова» шаруа қожалығы Қызыларық ауылдық округіне қарасты Сұрым ауылында орналасқан.
Суреттерді түсүрен
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close