Basty bet

Ұлы ағартушы ұстаз

Әр халықтың тарихы ел қамы үшін барын салған ұлы тұлғаларымен ерекшеленеді. Елдің мұң- мұқтажын көріп, туған халқының игілігі үшін бар күшін жұмсаған ұлы тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы.

Қазақ білімпаздарының 1924 жылғы Орынборда өткен тұңғыш съезінде қазақ халқының білім алуы үшін араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігі туралы ғылыми тұжырымдама жасаған. Халықтың тез сауат ашып, хат тануы үшін қазақ әліпбиін құрастырады. Халықты жаппай сауаттандыру жолында кездескен қандайда бір қиындықтарға қарамастан, ел игілігі үшін барын салады. Сөйтіп 1912 жылы тұңғыш қазақша жазылған «Оқу құралы» атты әліппені шығарады. Бұл әліппе 1925 жылға дейін толықтыруларымен бірнеше рет өңделеді.
Қазіргі таңда да өз маңызын жоғалтпаған оқулық әлі де жоғары бағаланады. Қазақ мектептері үшін білім алу мақсатында арнайы пәндік кітаптар шығара бастайды. Үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі – 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі – 1914 жылы, синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көре бастайды. Бұл кітаптарда ғылыми зерттеу жұмыстарын жасап, тіліміздің төл грамматикалық терминдерін жасайды. Мысалы, зат есім, сан есім, сын есім, сөз таптары, бастауыш, баяндауыш, шылау, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, т.б жүздеген терминдер енгізеді. 1920 жылы мұғалімдерге арналған тілді оқытудың методикасына арналған әдістемелік құрал «Баяншы» кітабын жазады.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әдістемесінің негізін салушы ағартушы ұстаз. Өзінің аз ғана ғұмырын қазақ халқының сауатын ашып, бақытты ету жолында аянбай еңбек еткен аудармашы, тілші, ғалым, ақын, көрнекті қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы мектеп ашып, білім алуға шақырады. Ол «Әліпби», «Тіл – құралы», «Баяншы», «Әдебиет танытқыш» кітаптарымен қоса, орыс ақыны И.А.Крыловтың бірнеше мысал өлеңдерін аударып, 1909 жылы Петербургте «Қырық мысал» деген атпен басып шығарады.
Ахмет Байтұрсынов Міржақып Дулатовпен бірігіп, Орынбор қаласында 1913-1917 жылдары шығарылып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым «Қазақ» газетінің редакторы болады. Газетте мемлекеттік думаға қатысты, билік, мектеп, оқу-ағарту мәселелері жарық көріп отырды.
Білім алуды жастайынан бастауды дұрыс деп тапқан А.Байтұрсынов бастауыш сыныпқа арнап «Әліппе» оқулығын жазады. Одан бөлек: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, тарих, есеп, қолөнер, жаратылыстану пәндерін оқуды алға тартып, кітап шығаруды қолға алады.
Сондай-ақ екі бөлімді «Тіл жұмсар» деген атпен 1925 жылы грамматика кітабын жазады. Ал М.Дулатов бастауыш мектептеріне арналған «Есеп» кітабы мен Ана тілі оқу кітабын жазады.
Ахмет Байтұрсынұлы өз заманындағы оқиғаларды, яғни, патша отарына, жуандардың тепкісіне, тағдыр тәлкегіне арнап әңгімелер жазады. Оның әңгімерлерінің ерекшелігі аңдар мен жануарларды кейіпкер ретінде алып, ойын тұспалдап жеткізеді. Адамдарды бірлікке, ізгілікке шақыру мақсатында «Қайырымды түлкі», «Ала қойлар», «Үлес», «Қартайған арыстан», «Өгіз бен бақа», «Ат пен есек» сынды көпшілікке ой салар мысалдарын аударған.
Басынан көптеген ауыр жағдайлар өткізген Ахмет БАйтұрсынұлы Орынбор қаласында 1911 жылы «Маса» жинағын шығарады. Ел тағдыры, халық қамы, бостандық басты тақырып болған бұл жинақта әлеумет, қоғамдық ойлар мен азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін мансап үшін, ар-абыройын сатқан «жақсылығы басынан аспаған», «бос белбеу, босаң туған боз бала», «қайырсыз кеще, сараң байлар» сыналады. Абай сатирасының негізін ала отырып, «Туысыма», «Қазақ қалпы», «Жұртыма» өлеңдерін жазған. Екі жинақ – «Қырық мысал», «Маса» жаңа идеялар мен тұшымды пікірлермен байытты.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының маңдайына туған ұлы перзент. Елі мен жері үшін, бір тудың астында өмір сүріп жатқан қандас бауырларын сауаттандырып, жарық күн мен биік шыңға шығару үшін тынбай еңбек етті. Бұрын-соңды болмаған, қазіргі таңға дейін қолданыста жүрген қазақ фонетикасын жазып, кітап пен мектеп ашуға үлкен септігін тигізді. Биліктің езгісінен тапталып бара жатқан қазақ жұртының көкірегін оятып, қазақтың алып тұлғаларының шығуына қолдау көрсетті. Ірі ғалым, тілші, әдебиет зерттеуші, дарынды ақын, аудармашы, ағартушы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының есімі қазіргі таңда өсіп келе жатқан әр буынның жүрегінде жатталып, мәңгі естерінде қалары хақ.

Кәмшат Молдабай,
Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы кинотеледраматургия мамандығының
1 курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close