Basty bet

Қарапайым қағидаттарды сақтап үйренейік!

«Сақ жүрсең, сау жүресің» дейді халық даналығы. Бұл сөз төрткүл дүниені жайлаған аты жаман індеттің алдын алу және болдырмау, күресу жолында тауып айтылған орамды сөз. Өйткені, адамның денсаулығы мен амандығынан асқан байлық жоқ. Осы мақсатта елімізде мемлекет тарапынан індетпен күресте теңдессіз шаралар қолға алынды. Әлі де әлем елдерінде індет өршіп тұрғанын ескеріп, халқымызға сақтанудың жолдары айтылуда.

Мемлекет пен халық егіз ұғым. Оларды бір-бірінсіз елестету мүмкін емес. Сол себепті де індетпен күресті мемлекетке артып қоймай, әр адам өзінің, туған-туысының, жақынының денсаулығына мұқият болуы керек. Денінің сау болуы – әркімнің өз қолында. Осындай сын сағаттарда адами жоғары қасиеттердің бірі жауапкершілік таныту керектігі маңызды болып отыр.
Бұл пікірді саналы ғұмырының 41 жыл фармацевтика саласына арнаған «Түлекова А» жеке кәсіпкерлігінің иесі Ләззат Түлекова да қолдайды. Ол қиын-қыстау кезеңде ел болып бірігіп, тұрғындарға көмектесуді азаматтық борышы санайды. Пайданы көксемей, халыққа жанашырлық таныту қажеттігін айтады. Бұлай деуіміздің себебі, індеттің бірінші толқынында дәріханаларда дәрі-дәрмектің бағасы күрт қымбаттап, дәрі тапшылығы орын алғанда жеке кәсіпкерлер өз пайдаларын да ойлағаны жасырын емес.
Аудандық орталық аурухана маңында орналасқан бұл дәріхана 2002 жылдан бастап тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Ел арасында фармацевт Ләззат Жұмабайқызы жайлы жақсы пікір қалыптасқан. Оның көрсеткен қызметіне, адамгершілік қасиетіне жақсы баға береді.
Қазіргі таңда дәріханада дәрі қоры жеткілікті. Бағаны да шекті бағасынан асырмай, тұрғындарға жанашырлық танытуды мақсат тұтады. Үнемі дәрі-дәрмектің жарамдылық мерзімін, қордағы санын, бағасын бақылап отырады. Дәріханаға жас маман Назифа Мамедова жұмысқа алынып, бір адамды жұмыспен қамтыған.
Дәріханаға дәрілерді «Садыхан», «Имити», «Медсервис» компаниялары уақтылы жеткізеді. Мұнда медициналық бетперденің 400 данасы, антисептик 15 дана және қолғаптар және тағы басқа өзге де дәрі-дәрмектер бар. Дәріханадан тұрғындар бетпердені 30 теңгеден, қолғапты 90 теңгеден, антисептикті 300-350 теңгеден, ацетицил қышқылын 60, антигрипинді 280 теңгеден, парацетамолды 90, балаларға арналған парацетамолды 35 теңгеден сатып алуда.
-Ұзақ жылдар фармацевт болып жұмыс істеп келемін. Мұндай жағдайды бірінші рет көрдім. Бұл уақытқа дейін дәрілердің жаппай сатылуы, ұзын-сонар кезектің орын алуы болмаған. Індет басталғалы өмірімізде көп өзгеріс орын алды. Денсаулықтың қадірін білу керектігін түсіндік.
Бізге де үлкен жауапкершілік артылып отыр. Себебі, бізде халықпен бірге жұмыс жасаймыз. Дәрігерлердің нұсқаулығымен жазылған дәрілерді емделушіге түсіндіреміз, жол көрсетеміз. Дәрінің берілу мөлшеріне мән беруі қажет. Дұрыс әрі сапалы қызмет көрсетуіміз тиіс. Ол – біздің міндетіміз. Халық қандай ем-дом қабылдап жатқанын білуі керек.
Бізде дәрігерлермен бірдей індеттің бірінші толқынында тұрғындардың денсаулығы үшін күрестік. Індет басталғалы адамдардың бойынан үрей мен қорқыныш байқалды. Ашушаң, асыққан адамдар көп болды. Бәріне бірдей түсіндіріп жеткізуге тырысып, кез келген дәріні іше беруге болмайтындығын, дәрігерлермен кеңесу қажеттігін түсіндіріп, дұрыс емдеу жолдарын көрсеттік. Себебі, олар маман емес, дәрінің зияны мен пайдасын біле бермейді.
Дәріханаға дәрілер уақтылы жеткізіліп тұрды. Бағаның қымбаттауына байланысты аудандағы мобильдік топ мүшелері келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бәріне түсіністік танытып, бағаны тұрақтандыруға атсалысқан болатынбыз. Мұның барлығы өткеннің еншісінде қалғанын қалаймыз.
Кез келген саналы адам өткеннен сабақ ала білуі керек. Бұл індет бізге көп құнды дүниеміздің қадірін ұғындырды. Тәртіпке бағынуды, жауапкершілік таныту қажеттігін түсіндірді. Қазіргі таңда санитариялық талаптарды сақтау әркімнің жауапкершілігіне, адами жоғары қасиетіне жүктеліп отыр. Саналы азамат болған соң айтқанға құлақ асып, өзімен қоса өзгенің де амандығын ойлауы қажет. Сол себепті, күнделікті үйренішікті әдет ретінде індеттен сақтанудың қарапайым қағидаттарын қолдану қажет. Ол үшін қоғамдық орындарда медициналық бетпердені тағуды ұмытпай, арақашықтықты сақтаңыздар. Жиі қолды жуып, бөлмелерді желдетіп тұрған абзал. Таза ауада сейіл құрып демалып, спортпен шұғылданыңыздар. Пайдалы дәруменге бай тағамдарды ішіп, көбірек су ішу қажет.
Балалардың денсаулығына ата-ана жауапты болғандықтан, балаңызға жеміс-жидек, құнарлы тағам, сонымен қатар, аскорбин қышқылын берген дұрыс. Мүмкіндік болса өзге де дәрумендерді беруге болады. Ағзаны уламай, керісінше, пайдалы бай дәруменмен толықтырған жөн. Сақ болып, өзіміздің денсаулығымызды сақтайық. Ар-ұятты жоғары қойып, бір-бірімізге көмектесіп, бірлігімізді танытайық. Алдағы жылы мына аты жаман індет жойылып, мамыражай өмірімізге ертерек оралайық, – дейді Ләззат Жұмабайқызы.
Барды қанағат тұтатын жеке кәсіпкер Ләззат Жұмабайқызы аналық жүректен барша елдің амандығын тілеп отыр. Мына аты жаман індетпен күресте жуапкершілікті сезініп, ынтымақ пен бірлігімізді танытып жеңетінімізге сенеді. Ол өз сөзінде«санитариялық талаптарды сақтау әр жанұядан басталу керек» дейді. Ендеше, баршамыздың амандығымыз бен денсаулығымыз үшін тәртіпке бағынып, қарапайым қағидаттарды сақтай білейік.

Беттегі суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close