Basty bet
Ақылжанның ақиқаты
Адам арманы мен мақсатына адал да тынымсыз еңбекпен жетеді. Таңдаған мамандығының үдесіне шыққан, атпал да абзал азаматтың бірі де бірегейі – баспасөз саласында ұзақ жылдар жемісті қызмет еткен белгілі журналист, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ журналистикасының қайраткері және «Құрмет» орденінің иегері Ақылжан Мамыт. Ақаң туралы әңгіме қозғалса, менің ойыма шығыстың жеті жұлдызының бірі – парсы ақыны Сағди Ширазидің: «Ерінбей еңбек етсең шыдап егер, тікен де гүлге айналып шыға келер» деген жыр жолдары орала береді. Журналистика – жауапкершілігі мен жүгі ауыр мамандық. Ол үздіксіз ізденісті, табанды еңбекті талап етеді. «Журналист – адам жанының инженері» деп текке айтылмаса керек. Ақылжан Қорғанбайұлы осы салада табан аудармай жұмыс істеген 42 жылда жаңалықтың жаршысы болумен қатар қоғамда қордаланып қалған қаншама мәселелердің оң шешілуіне ұйытқы болды десеңізші… Оның жазған жүздеген очерктері мен суреттемелері елге танымал азаматтардың көкірегіне қуаныш ұялатып, жігерін жаныды, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетті.Оның өткір сын мақалалары қоғамдық қозғау туғызып, менменсіген талайларды тәубесіне түсірді.
Ол – журналистік еңбек жолын Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастады. «Жаңа өмірде» көп нәрсе үйренді, ысылды, тәжірибе жинақтады. Аға буын өкілдері Икрамбай Тұрғынбеков, Аманкелді Ормантай, Мырзахан Ахметов және Мейірбек Мәтенов сияқты қаламгерлердің көп қамқорлығын көрді. Кейін солардың ізбасары болды. Редакцияның тапсырмасымен барлық салада мақала жазды. Әйтсе де әрбір журналистің жанына жақын тақырыбы болады. Ақылжан табиғатты түлету және қорғау бағытында көптеген танымдық және талдамалы материалдар жариялады. Мұның өзі нәтижесіз емес. Жуалыда өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында елдімекендер маңында бірталай азаматтар шағын орман өсіруді қолға алды. Олар өңірдің ажарын ашып, ауылдардың берекесін кіргізді. Арада 13 -15 жыл өткеннен кейін ағаштар бағалы құрылыс материалдарына айналды. Иелері оларды Тараз және Шымкент қалаларынан келген тұтынушыларға сатып, мол ақшаға кенелді. «Газет – ұжымдық үгітші, ұжымдық насихатшы және ұжымдық ұйымдастырушы» деген осы емес пе?
1970-1980 жылдары машинкаға басылған материалдар баспаханада линотиппен және қолмен терілетін. Ұжымда кілең өзге ұлт өкілдері жұмыс істейді. Газеттің бір беттік мақалалары толық түзетіліп, жариялауға қол қойылғанға дейін кем дегенде 5-6 рет оқылатын. Кезекшілер ұдайы түннің бір уағына дейін баспаханада жүретін. Әлбетте, мұндай ауыртпалықтарға көп адам шыдамайды. Сондықтан да редакцияға екі күннің бірінде бірі келіп, бірі кетіп жататын. «Жаңа өмірде» жұмыс істеген 15 жылымның үштен бірі баспаханада газет шығарумен өтті» дейді Ақаң. Әйтсе де «Сүйген істің сүйініші көп» демекші, оған айлығы аз, ауыр жұмысқа төзуге тура келді. Журналистердің жанкешті еңбегі жұрттың көз алдында. Жуалыдағы дарынды ақын Ілияс Ахметов Ақылжан туралы: «Жаңа өмір» сені шабысынан жаңылмасын деп, азып кетті арманшыл Мамыттегі» деген жыр жолдарын жазған болатын. Осында ол тілші болып қабылданып, бөлім меңгерушісі және Бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.
Ақылжан Қорғанбайұлы аудандық газетте жүргенде облыстық, республикалық газет-журналдарға жиі мақала жіберіп тұратын. Оның көптеген дүниелері қоғамдық қозғау туғызды. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіне жарияланған «Туған жерді түлетейік» деген проблемалық материалына мен де қолдау білдірген болатынмын. «Алмас пышақ қын түбінде жатпайды». Ол маған «Ақ жолға» келуге себепкер болған бір оқиға туралы айтып берді. Бірде «Ақ жол» газетінің редакциясына келіп, Хаттар бөліміне мақалаларын тапсырып шыққан оған дәлізде сол кездегі Бас редактор Әлдихан Қалдыбаев жолығып қалады.
-Мына материал бүгін номерге барады. Аударатын жігіттер жиналыстарға және іссапарға кетіп қалыпты. Сен орысы көп ауданнансың ғой. Қолыңнан келе ме? – деді.
Қарасам үш беттік орысша мақала. Парақтап көрдім де :
-Бір сағатта дайын болады, -дедім.
Ол мені бір бос кабинетке кіргізіп, қолыма қалам мен қағаз ұстатып кетті. Әлдекеңнің алдында асылық сөйлеппін. Әлі мақаланы екі сағаттан астам уақытта әрең аудардым. Қолжазбамен алты бет болды. Сол кезде Әлдекең де кіріп келді. Ол түпнұсқаны аудармасымен салыстырып, асықпай мұқият оқып шықты. Сосын:
-Әй бала, бізге жұмысқа кел, сені бірден бөлім меңгерушілігіне қабылдаймын, -деді.
-Үй жоқ, қайда тұрамын?
-Осында жүргендердің жұмысқа орналасқанда пәтерлері болып па?
Арада біраз үнсіздік орнады. Әлдекең тағы да : «Ойлан, бала, – деді.
«Жаңа өмірде» біраз жыл жұмыс істегеннен кейін «Ақ жолға» ауысқым келіп, бұрынғы Бас редакторлардың алдына бірнеше рет кіргенмін. Әйтсе де олар: «Сенің қолыңнан жазу келетінін білеміз. Әзірге бос орын жоқ, – деп шығарып салатын. Содан кейін қолды бір сілтеп, аудан орталығынан үй салып алғанмын.
1996 жылдың желтоқсан айы. Бір күні «Ақ жолда» бөлім меңгерушісі болып істейтін Жамбыл Шоқыбас келіп: «Сені Әлдекең жұмысқа шақырып жатыр. Осы жолы келмесе, мақалаларын шығармаймын, редакцияның маңына жуытпаймын деп айтты», – деді. Редакцияда сол кезде төрт білікті журналист белгілі себептермен басқа мекемелерге жұмысқа ауысып кетіпті. Ә.Қалдыбаев сөзінде тұрып, бірден бөлім меңгерушілікке тағайындады. Оңтайландыруға байланысты үш айдан кейін Ақылжанға тілшілік қызмет бұйырған екен.
Экономика бөлімінде тілші болған оған есімі елімізге кеңінен танымал қаламгер, тарихшы, басылымның жүгін қара нардай өрге сүйреген Бақтияр Әбілдаұлы, белгілі журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы басшылық жасайды. Ол осы ағаларынан көп нәрсе үйренеді. «Осындай атпал да абзал азаматтармен жұмыс істеу – үлкен бақыт еді»,- дейді ол. Ақаң да осындай ағаларының сара жолын жалғастырды. Қара шаңырақта 27 жыл жұмыс істеген кезде өзінің айшықты да игілікті ізін қалдырды. Облыстық газетте 13 жыл экономика бөлімінің меңгерушісі, 7 жылға жуық Бас редактордың орынбасары болды. Екімыңыншы жылдардың басында облыста Аманкелді газын игеру, іске қосу – еліміздегі ең маңызды оқиғалардың бірі еді. Стратегиялық маңызы зор нысанды басылымда жүйелі жариялау Ақаңа тапсырылды. Ол облыс орталығынан 220 шақырым қашықтықтағы кен орнына ай сайын барып, атқарылған жұмыс, шешуін күткен мәселелер туралы оқырмандарды ақпараттандырып отырды.
Аманкелді газы туралы және көтерген көптеген проблемалары үшін ол 2002 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты және “Жылдың үздік журналисі” атанды. 2003 жылғы мамыр айында Т.Рысқұлов ауданының аумағында болған жойқын зілзала облыс тұрғындарын үлкен әбігерге салды. Жарты жыл бойы облыстың бар күш-жігері қираған ғимараттарды қалпына келтіру, жаңасын салуға жұмылдырылды. Әлдихан Қалдыбаев осынау жауапты жұмысты тағы Ақылжанға тапсырды. Қаламгер осы өңірге құрылыс барысын көрсету үшін төрт айда 29 рет барыпты. Бұл – айтқанға ғана оңай. Таңертеңгі сағат 4-те тұрып, күн батқанша нысандарды аралап, шаршап-шалдығып келіп, мақала жазу кімге оңай болсын? Бірде ол сол кездегі облыс әкімі С.Үмбетов және сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі А.Есімовпен Қордай және Т.Рысқұлов аудандарын аралап, редакцияға түнгі сағат 10-да келеді.
Материалды жазып, тапсырғанша түнгі сағат 2 болады. Таңертең жұмысқа келген оны Қалдыбаев кабинетіне шақырады. «Саған алғыс жариялаймын» дейді ол.
-Неге?
Таңертең С.Үмбетов «Ақ жолдың» бір бетіне жарияланған кешегі Министрдің сапарын А.Есімовке көрсетеді. «Журналист кеше кешке Құланда қалып еді ғой. Мынаны қай уақытта жазып, шығарып үлгерді?» деп Есімов таңқалыпты. Бұл әңгімені редакторға Үмбетов хабарлапты. Кейін ол біраз Бас редакторлармен жұмыс істеді. Олар қаламы жүйрік журналисті Президент және Үкімет басшылары облысқа келген сапарларға шұғыл ақпарат беру үшін ұдайы жіберіп отыратын. Ақаң көп мақалалары мен аудармаларын диктовка арқылы жасайтын. Диктовка деген әсіресе газеттің шығуы кешеуілдегенде өте қажет. Бас редактордың орынбасары болған кезінде облыстық әкімдіктен кеш келген орысша материалдарды жалғыз өзі аударып тастайтын.
Ғасырдың ғаламат құрылысы аталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөліктік дәлізінің ел игілігіне айналғанына он жылдан асып барады. Ақаң осы құрылыстың басталып, аяқталғанына дейін басы – қасында жүрді. Ақпараттардың арасында сын материалдар да болды. Оның назарынан химия өндірісі және темір жол саласы да тыс қалған жоқ. Облыстағы елге танымал тұлғалар туралы сұхбаттарын да оқырман жылы қабылдады. Ол тәжірибесін кейінгі толқын жастарға үйретуден де жалыққан жоқ. Қазір олар «Ақ жолдағы» білікті мамандар. Оның ары мен жанының тазалығы туралы шәкірттері талай жазды. Айналасындағыларға жақсылық жасауға ұмтылып тұратын жақсы қасиеттері туралы да талай айтылды. Ол кітапты көп оқиды. Үздіксіз ізденеді. Ақаңның «Айтылмаған алғыс» және «Болмысы бөлек Боранқұл» атты кітаптарын оқырмандар жылы қабылдады. Отбасында жұбайы Нағима екеуі бір қыз, бір ұл өсірді. Еңлік – Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде оқытушы, Ақжол – «Қазавтожол» АҚ Жамбыл облыстық филиалында жұмыс істейді. Ақерке және Жаннұр атты немерелері желкілдеп өсіп келеді.
Баспасөз саласында ұзақ уақыт еткен еңбегі елеусіз емес. Ақылжан – көптеген мерекелік медальдармен, облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталған. Әріптес шәкірттері оны білімділігі және біліктілігі үшін сыйлайды, құрмет тұтады. Солардың бірі – белгілі журналист, ақын және Жамбыл облыстық «Арай» жастар газетінің Бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков Ақаң зейнет жасына толғанда ағынан жарылып, мына жыр шумақтарын арнаған болатын.
Ақылжан ағаға
Асау жүрек таппайды тағат-тыным,
Ой қозғаймыз өткенге қарап бүгін.
Пайғамбардың жасына келіп жатыр,
Парасатты перзенті Талаптының.
Өнегелі әулеттен өсіп-өнген,
Шерағаның киелі көшіне ерген.
Ақылжандай ағаның жөні бөлек,
Дәл осылай әйтпесе көсілер ме ем?
Жастай мініп еңбектің кемесіне,
Көтерілген абырой белесіне.
Жуалыда өндіртіп жазғандарын,
Жиі-жиі алады ел есіне.
Дарақ біткен бір жерден көгереді,
Бағалаған бақытқа кенеледі.
Аттай қалап шақырған «Ақ жолында»,
Ширек ғасыр із салды өнегелі.
Болмысына үңіліп, бір сыр ұқтым,
Майын ішкен бұл кісі тілшіліктің.
Талай-талай репортаж дайындаған,
Ортасынан қайнаған тіршіліктің.
Бой бермейді болмашы базынаға,
Қаламымен кез болды қазынаға.
Қайта-қайта қазбалап жазып жүріп,
Қол жеткізді Аманкелді газына да.
Ұлағатпен ұштасқан ұрандары,
Бизнесмендер шетінен құмар бәрі.
Зілзаланың зардабын тынбай жазып,
Құрылысты қатырды Құландағы.
Сайыпқыран саңлақ қой сан-салалы,
Кейбір кезде «әу» деп те ән салады.
Диктовка да жасайды, аударма да,
Білінбейді ешқашан шаршағаны.
Жан-тәнімен сүйетін мамандықты,
Шынында да Ақылжан ағам мықты.
Перзентіне Ақжол деп ат қойып,
Паш етті ғой газетке адалдықты.
Дәл осынау көңілді күйіңізде,
Бүгін куә болайық биіңізге.
Жеңгемізбен бақытты ғұмыр кешіп,
Тарқамасын той-думан үйіңізде.
Сағындық Ордабеков,
медицина ғылымдарының докторы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.