Basty bet

Күрделі кезеңде үлкен көмек

Дүниежүзінде таралған коронавирустың алдын алуға байланысты, сонымен қатар, елдегі жағдайды тұрақтандыруға арналған шараларды жүзеге асыру барысында күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына Мәлімдеме жасады. Онда: «Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Коронавирус індеті дүниежүзін жайлап барады. Бүгінде 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шалдықты» деді ел Президенті.
Президенттің пәрменімен республикада төтенше жағдай жарияланып, ел өңірлерінде сақтық шаралары күшейтіліп жатыр. Біздің Жамбыл облысының аумағында да шектеу қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Мәлімдемесінде коронавирус індетінің батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт екеніне тоқтала келе, пандемияға қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдағанын жеткізді.
Ауру салдарынан қазіргі уақытта ел экономикасына, тағы басқа салалардың жұмысына елеулі залалдар келуде. Қарапайым жұмысшылардың да табысынан айырылу қаупінің туындап отырғаны да жасырын емес. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Мәлімдемесінде тығырықтан шығар жолды анық көрсетіп беріп отыр. Мәлімдемеде кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, тағы басқа салаларға қосымша қаражаттар бөлінетіні кеңінен сөз болып отыр. Бұл шаруа баққан ағайынға үлкен қолдау.
Одан бөлек, зейнетақы мен жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек мөлшерлерін де 10 пайызға индексациялауды тапсырды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінетін болды. Жұмысынан уақытша айырылғандарға, шын мұқтаждарға да ең төменгі жалақы мөлшерінде көмек көрсетілмек. Ел Президентінің мұндай күрделі кезеңде тағдыршешті шешім қабылдағанына қалың бұқара қуануда. Қауіпті індет тарап, ел ішінде түсініспеушілік туған уақытта халықтың сабыр сақтағаны абзал. «Сабыр түбі – сары алтын» деген ұлы сөз бар халқымызда. Сабырлы адам түбінде жақсылыққа, алға қойған мақсат-мұратына міндетті түрде жетеді.
Қазақтың басынан бұдан да қиын күндер өткен. Халқымыз қатал тағдырдың талай сынағымен бетпе-бет келген. Адамзаттың басында ештеңе де мәңгілік тұрмайды. Бұл қиын күндер де артта қалады. Тек жақсылық ойлап, айналадағы көрші-қолаңымызды, ағайын-туыстарымызды сабырға шақыруымыз керек. Елдегі туындап отырған күрделі жағдайды дұрыс түсінуіміз қажет. Ел бірлігі сыналатын тұста жан-жаққа тартпай, ынтымаққа ұйығанымыз абзал болмақ. Бұдан бұрын да бірлікті ту еткен ел болатынбыз. Алда да бірлік пен ынтымақты ту етіп ұстанғанымыз жөн.
«Басқа түссе баспақшыл» деген халықпыз. Басымызға түскен қиыншылықтарды халық болып бірге еңсереміз. Бұл қиын күндер де басымыздан өтеді. Тек күрделі уақытта сабырға келуіміз қажет. Сабыр мен төзімді серік етсек, балаларымыздың алдында жарқын болашақтың бар екеніне кәміл сенемін.

Аманжол қажы Дүрәліұлы,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close