Basty bet
Береке бастауы бірлікте
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Сондықтан да Қазақстан халқы 1 мамыр – Ынтымақ пен бірлік күнін тойлайды. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерекше.
Еліміздегі тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған ұлттар мен ұлыстардың достығы көпке үлгі-өнеге. Көктемнің жайма-шуақ күндерімен бірге ел бірлігін танытатын мерекенің бірі. Бұл – көктем мен еңбектің, татулық пен ынтымақтың, келісім мен бірліктің шынайы мерекесі.
Қазақстанның көпұлтты халықтары арасындағы бірлік пен ынтымақтастығы нығая берсін! Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысайық. Береке-бірлігіміз арта берсін, ағайын!
Қазақ қашаннан да бауырмал халық қой. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «жат жұрттардың» бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған Қазақ жері көпұлтты мемлекет болып шыға келді. Бүгін елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Барлығымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық.
Біз тамырымыз бөлек болса да, тарихымыз бір халықпыз. Өзбек ұлтының ұрпақтары бейбіт өмірде қазақ халқымен бірге жасасып келеді. Біз кең-байтақ қазақ елінде дүниеге келіп, осында өсіп-өнудеміз.
Қасиетті мұсылман қауымының Рамазан айы келіп, төзіміміз, сабыр мен қанағатымыз артуда. Осы Рамазан айында тілеген дұға тілектеріміз қабыл болсын. Індетті осы бірлігіміздің, ынтымағымыздың арқасында еңсерсек, жақсы күндеріміз көп болатынына сенемін. Бәріміз аман болайық.
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!
Шәкіржан Мамаджанов,
еңбек ардагері,
өзбек ұлтының өкілі.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы