Basty bet

Жұма намаз мешітте өтеледі

Адамның туғанынан бастап өмірден өткенге дейінгі діни рәсімдер мешітте өткізіледі. Алайда қазіргі таңда коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты құлшылық орындарына жамағатпен бару біраз уақытқа шектелген болатын. Ал, жақында мұсылман қауымы үшін еліміздегі «жасыл аймақтағы» өңірлердегі мешіттерге жамағатпен жұма намазын оқуға рұқсат берілді.

Дегенмен де індетке әлі тосқауыл қойылмағаны ескеріліп, құлшылық үйлерінде санитариялық талаптарды сақтау міндеттеліп отыр. Яғни, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұма намазын өтеу үшін мешітке келушілерге талаптар қойып, оны орындауды жүктеуде. Жамағат міндетті түрде медициналық бетперде тағып мешітке кіріп, кіреберістегі арнайы антисептикалық құралдарды пайдалануы қажет. Дәретті мүмкіндігінше үйден алып келіп, мешіт ішінде белгілі арақашықтықты сақтап, бір-бірімен қол алыспауы тиіс. Күнара намаз оқу залдарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, мешіт қызметкерлері міндетті түрде медициналық бетперде тағуы қажет.
Намаз оқығанда арақашықтық 1,5 метрден жақын болмау, намазды арнайы белгіленген орында оқып, мешіт ішінде ұзақ уақыт қалмауы керек. Ал, егер де дене қызуы 37 градустан жоғары, сондай-ақ, тұмау және басқа ауру белгілері бар адамдар мешітке келмеуі тиіс. Жасы 65-тен асқан қариялардың, балалар мен әйелдердің келмегені абзал.
Қарапайым болса да адам өмірі үшін маңызды бұл сақтық шараларын кез келген адам ұстанса, індеттің ауыздықталары сөзсіз.
Жалпы ауданымызда 27 мешіт бар. Ауылдық мешіттерде екі-үш апта бұрын жұма намазы жамағатпен оқылды. Ал, аудан орталығындағы мешіттерде 1 наурыздан бастап жамағат Алланың үйіне келіп құлшылық жасады. Жұмаға келген жамағаттың ұзақ уақыт мешітте қалмауы үшін уағыздар айтылмай, қысқа сүрелер мен аяттар оқылуда. Мұнда келген жамағаттың ең бірінші Алладан тілегені – еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығы болды.
Сыйымдылығы 300-ден аса адамға арналған Зиябек Толымбайтегі атындағы аудандық орталық мешітте санитариялық талаптарға сай дайындық жасалған. Кірберісте антисептик қойылып, дене қызуын өлшеуіш құрылғы алынып, арақашықтық белгіленген. Тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қойылған талаптар айтылған. Жаңа талаптарға сай қолайлы ауарайында мешіт ауласында жұма намазын оқуға арнайы төсеніштер әзірленген.
-Алла тағала адамзат баласына «Бақара» сүресі, 195-аятында «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» деп ескерту жасаған. Өмір – Алла тағаланың берген аманаты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы ауруға байланысты Бухари, Муслим жеткізген хадистерде «Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс» делінген. Мұнымен қоса шариғатта «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген қағида бар.
Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді.
Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі елімізде жарияланған төтенше жағдайды ескере келе, коронавирустың жамағат арасында таралуының алдын алу шарасына қатысты шектеу шараларын белгілеген болатын. Яғни, мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмай, әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді. Мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды. Мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы т.б. дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады. Жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізген дұрыс деген бірнеше қағидаттарды сақтауды жүктеуде.
Өткен жұмада жуалылық жұртшылық мешітке келіп, қасиетті күні дұға-тілектерін мешітте айтып, құлшылық жасады. Мешітті сағынған көпшіліктің жүзінен қуаныш, жүздерінен күлкі көрінді. Сол сәттегі бір қуанышты жағдайды әр мұсылманның көзінен көруге болады. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Лайым, алдағы уақытта да осы жақсылық жалғасып, мамыражай өмірімізге оралуымызды тілейміз.
«Басқа түссе, баспақшыл» демекші, өткеннен сабақ алып, өзіңе, қасыңдағы жанға жанашырлық танытып, індеттің таралмау себебін көп жасауымыз керек. Рухымыз биік, жанымыз таза, күш-қайратымыз мықты болып, бірлігіміздің арқасында індетті еңсерейік. Алладан тек жақсылық тілеп, дұға-тілекте болайық, – дейді ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close