Basty bet

Жаңа жобаның тиімділігі жоғары

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеруге бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» қанатқақты жобасы ауылдықтардың мал шаруашылығын дамытуға деген ынтасына ынта, жігеріне жігер қосуда.

Қанатқақты жоба жаңаталаптық Нұрғазы Дүйсеқұловтың отбасы үшін де қуанышты жаңалық болып отыр.
Шаруа 2,5 пайызбен 4 млн теңге несие алып, оған он бас сауынды бие сатып алды. Нұрғазы Дүйсеқұловтың ондағы мақсаты – ұлттық сусынымыз қымыз өндіру арқылы нәсібесін молайту.
-Несиеге қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Себебі, бұл несиенің тиімділігі өте жоғары. Несиенің бір жыл каникулы бар. Әрі қарай жылына екі реттен бөліп төлейміз. Үстіндегі пайызы бес жылда небәрі 305 мың теңге. Несиеден жылқының жыл сайынғы төлдерімен-ақ құтылуға болады. Төлін сатпай, бие сауып, қымыз жасап, сату арқылы да құтылуға болады. Егер бес жыл төліне тиіспейтін болсақ, он бас Алла қаласа 50 басқа жетеді.
Біз еркек құлындарын соғымға байлап, ұрғашы құлындарын өсіреміз деп жоспарлап отырмыз.
Бие сауу біздің отбасымыз үшін таңсық емес. Анам Жақсыкүл жас кезінен бие сауады. Қазір де жуас биелерді сауа береді. Жолдасым бұған дейін отбасымыз үшін бір бие сауатын. Енді Алла қаласа, жылқыларымыз төлдейтін болса, өзі сауатын болады.
Жолдасым Зәуре мектепте мұғалім. Жазда еңбек демалысына шыққанда ауылға кіреберіс жолдың бойында он гектар жоңышқалық жеріміз бар, сол жерге бие байлап, басына киіз үй тігіп, бие сауып, қымыз жасап, сатамыз деп жоспарлап отырмыз. Қымыздың литрі 500 теңгеден. Алты бие байласақ, күніне 30 литр қымыз сатсақ, қымыздың ақшасымен-ақ несиемізден құтылып қалармыз деген ойдамыз,- дейді Нұрғазы Дүйсеқұлов.
Нұрғазы Дүйсеқұлұлы 2001 жылы «Нұр» шаруа қожалығын құрған. Шаруа қожалық иелігіндегі 33 гектар жерге арпа, бидай, күнбағыс, картоп егіледі.
Осы уақытқа дейін шаруа қой өсірумен айналысқан. Уақ малдың басын 200-300-ге дейін жеткізген кездері болыпты.
-Әкеміз марқұм Дүйсеқұл совхозда 40 жыл тракторшы болып еңбек еткен. Ал анамыз болса әртүрлі жұмыстар істеген.
Әке-шешеміз жеті ұл-қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп, жеткізген жандар. Бәрімізді бала кезімізден еңбекқорлыққа үйретті. Қазір барлығы жоғары білімді мамандар, жеке кәсіпкерлер.
Жолдасым Зәуре екеуміз де балаларды тек еңбекпен ғана көтерілуге болатынын құлақтарына құйып өсірдік. Қазір алдыңғы екеуі жоғары оқу орнын, магистратураны бітірген. Қалған екеуі 10-11 сыныпта оқиды. Олардың да сабақ үлгерімдері жақсы.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың ауылдықтардың табысын жақсарту мақсатындағы жобасының нәтижесінде ауылда мал басы көбеюде. Мал басы көбейіп, жұмыс та көбейді. Бұрын ауылдың малын бір-ақ малшы бақса, қазір малшылар да көбейіп, көше-көшенің малын бөліп бағамыз деп қуанып жатыр. Ауылдағы жұмыссыз әйелдер сиыр сауамыз деп құлшынып отыр. Мал бордақылайтындар да көмекші алуда.
Жалпы азық-түлік деген қашанда сұранысқа ие тауар ғой. Сондықтан бұл жобаның тиімділігі өте жоғары.
Облыс басшысы осы жобаны Үкімет алдында қорғап, бізге сенім артты. Алла қаласа, еңбектің арқасында жағдайымыз бұдан да жақсы болады.
Бізге ең керегі, жатыпішерліктен, жалқаулықтан арылу. Барға тоқмейілсіп, жалқауланып, үкіметке иек артып отырсақ, көшіміз ешқашан түзелмейді. Нарық заманына бейімделуіміз керек. Әркімнің тұрмысы өзінің еңбегіне байланысты. Артық сөзді доғарып, іске кіріссек, бәріне де қолжеткізе аламыз,- дейді Нұрғазы Дүйсеқұлұлы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close