Елімізде пандемияның таралуы мен карантиндік шаралардың қатаңдатылуы кәсіпкерлік саласының дамуына да өзінің кері әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Індеттің таралуына байланысты кейбір дүкендер мен супермаркеттер, сонымен қатар, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына да шектеулер енгізілуде. Осыған байланысты кәсіпкерлік нысандарының алдын ала белгіленген санитарлық талаптарды сақтай отырып және «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы толыққанды жұмыс істеулеріне болады. Ендігі кезекте кәсіпкерлер карантинге қарамастан жұмыс жасай береді. Өйткені «Ashyq» мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл пандемия кезінде бизнесі тұралап қалғандарға тиімді болмақ. Айта кетейік, жоба республика көлемінде пилоттық түрде жүзеге асырылып жатыр.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің сөзіне қарағанда, «Ашық» жобасына қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлер «info.kazakhstan» сайты арқылы өтініш бере алады. Сонан соң, оларға арнайы QR код беріледі. Сәйкесінше, әр кәсіпкерлік нысанның кіреберісіне QR код жүйесі орнатылады. Келушілер мобильді қосымшаны алдымен телефонға жүктеп, нөмірі бойынша тіркелуі тиіс. Кейін QR-кодты сканерлеп, ЖСН нөмірін енгізеді. Бұл жүйенің қолданысқа енгізілуі ең алдымен қоғамдық орындарда, сауда-саттық, тамақтану орындарында індеттің таралмауына оң әсері бар.
Өкінішке орай, тұрғындарға қанша ескертіліп, карантин шараларын қатаңдатқанымызбен, аты жаман індеттің өршіп бара жатқаны байқалады. Саулықтың сақтықта екенін бәрімізге тереңнен ұғынатын кез жетті. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, мемлекет тарапынан қабылданған карантин талаптарын орындауымыз қажет. Сақтық шараларына құлақ аспаған кейбір тұрғындар ауруға шылдығуда. Сөйтіп, өзіне ғана емес, айналасындардың да өміріне қауіп-қатер төндіруде. Қарап отырсаңыз, аты жаман індет жұқтырып, ауырып жатқандардың дені ескертпелерді елемегендер немесе қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды сақтамаған азаматар. Одан қала берді, той-томалақтар мен көпшілік жиналатын іс-шараларға қатысқан азаматтар. Коронавирустық инфекцияның таралуы мен пандемияның өршіп тұрғаны да осындай жағдайларға байланысты болса керек.
Саулық – сақтықта. Сақтансаң, сақтайды. Осыған байланысты ауданымызда індеттің таралуының алдын алу және қоғамдық орындарда қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында аудан әкімдігінің жанынан құрылған төрт бірдей мониторингтік топ пандемия басталғалы бері жұмыс жасап келе жатқаны белгілі. Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың жетекшілігіндегі мониторингтік топтың мүшелері өткен аптада да аудан орталығы Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтердегі білім беретін мекемелер мен бірқатар кәсіпкерлік нысандарының жұмысын зерделеп, ондағы санитарлық талаптардың сақталуын бақылаған болатын.
Өткен аптаның бейсенбісі күні топ мүшелері Ақсай, Мыңбұлақ ауылдық округіндегі Мыңбұлақ, Диқан ОМ, А.Байтұрсынов, Б.Момышұлы атындағы орта мектептерінде болып, санитарлық талаптардың сақталуын зерделеп, мектептердің басшылығы мен қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Айта кету керек, аталған мектептердің барлығы «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істеуде. Алайда көп жағдайда мұғалімдер мектепке кірерде мобильді қосымша арқылы өптейді. Сонымен бірге, оқу ошақтарының вахтерлері мектепке сырттан келетін адамдарды да осы аталған мобильді қосымша арқылы кіргізулері қажет. Ал онсыз кіріп-шығуға тыйым салынады. Бұл мұғалімдер мен оқушылардың қауіпсіздігі үшін қажет.
Жасыратын несі бар, еліміздің кейбір өңірлерінде осындай қарапайым санитарлық талаптардың сақталмауының салдарынан мектептерде індет тарап, оқушылардың өміріне қауіп төнуде. Тіпті, кейбір мектептер оқу процесін уақытша тоқтатып, онлайн оқуға көшуде. Әлбетте, санитарлық талаптар толығымен сақталса, білім мекемелерінде мұндай олқылықтар орын алмас еді. Біздің айтайын дегеніміз, мониторинг тобы мүшелерінің мектептерді зерделеу барысында бетперде тақпай балаларға сабақ өтіп жатқан мұғалімдер де кездесті. Оларға санитарлық талаптарды бұзғаны үшін тиісті айыппұл салынуда. Кейбір мектептерде: «Біз вакцина салдырғанбыз. Енді бетперде тағудың қажеті қанша?» деп уәж айтқан техникалық қызметкерлерді де кездестірдік. Әрине, оларға топ мүшелері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау бірінші орында тұру қажеттігі айтылды.
Аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандары, атап айтқанда, дүкендер мен супермаркеттер, тамақтану орындары (кафе) зерделеуден тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылы Б.Сафинов көшесінің бойында орналасқан «МЕР», «Аружан» супермаркеттеріне барғанымызда, дүкен ішінде жұмысшылар да, клиенттер де бетперде тағып жүргенін көрдік. Дегенмен, тексере келе, екі дүкеннің де иесі «Ashyq» мобильді қосымшасымен жұмыс істеуді білмейтін болып шықты. Клиенттер дүкен ішінде емін-еркін жүр. Ал олардың бірі коронавирус індетін жұқтырған науқас болса не болмақ? Денсаулық сақтау саласының мамандары кейбір адамдар індетпен өздері ауырмағанымен, олардың басқаларға ауру тасымалдаушы болуы мүмкін екенін айтады. Ал адамдар кез келген нысанға «Ashyq» мобильді қосымшасынан өту арқылы кірсе, әлдеқайда қауіпсіз болар еді.
Міне, мониторинг тобының мүшелері кәсіпкерлік иелеріне мобильді қосымшамен жұмыс істеу қажеттігін ескертті. Ондай болмаған жағдайда кәсіпкер заң талабымен айыппұл арқалауы мүмкін. Сонымен қатар, «Мирас», «Береке» дәмханаларына да «Ashyq» мобильді қосымшасымен жұмыс істеу қажеттігі қатаң ескертілді.
Заң бәріне бірдей. Талап та баршаға ортақ. Әсіресе, індет тараған мынадай қиын кезеңде тәртіпке бағынып, талаптарды сақтап жүргеніміз абзал болмақ.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»