Basty bet
Бауыржан Момышұлы поэзиясының қырлары мен сырлары
Көзі тірісінде-ақ ұлт батыры танылып, даңқы аңызға айналған Бауыржан Момышұлы көрнекті қазақ жазушысы ретінде де биік тұғырда. Оның прозалық шығармалары қазақ әскери көркем әдебиетінің негізі деген мәртебеге ие. Ол «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов», «Қанмен жазылған кітап» т.б. кітаптары арқылы жазушылық талантын бүкіл әлем таныған айтулы қаламгерге айналды. Сонымен бірге Бауыржан Момышұлының шығармашылық мұраларын оның өлеңдері де құрайды. Қоғамдық өзектілігі жоғары өлеңдерінде өзінің прозасының идеялары мен ұстанымдары толыға, дами, айқындала түседі. Сөйтіп Бауыржан Момышұлының прозасы мен поэзиясы рухани біртұтастық түзеді. Оның шығармашылығының бөлінбес құрамдасы болып табылатын өлеңдерін бағамдау, Бәукеңнің азаматтық тұлғасын танып-білуге септік ететін әділ іс болмақ.
Бауыржан Момышұлы әдеби қызметі үшін Еңбек Қызыл Ту ордені, Халықтар Достығы ордені, Құрмет орденімен марапатталып, Абай атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты болды. Көрнекті қаламгер Жұмабай Шаштайұлының белгілі бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбаймен жүргізген сұхбатында: «Бәукең классик жазушы, жан-жақты талант иесі. …Бәукеңнің әріптестерінен алабөтен даңққа бөленуінің басты себебі жаратылысынан ойшыл болуына, екіншіден, отбасы, әкесі молда Момыш тәрбиесінен текті болып өсуіне, үшіншіден, Абай, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Смағұл Садуақасов секілді өз заманының кемеңгер күрескерлерінен және де әлем әдебиетінен тағылым ала білуіне байланысты. Халқымызда «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Баукеңнің қыры сегіз емес, сексен сегіз десем аздық ететіндей. Бір өзінің бойынан, мінезінен, ойынан, іс-әрекетінен қазақ халқының тұтас тұлғасы танылғандай… Бұған әдебиет зерттеушілеріміз мән беріп, назар аударса деген ой мен тілек бар», – деп айтылады. Бұл – Бауыржан Момышұлының ақындығын бағалауда да есте болар дәйексөз.
Ақындық – ешкімнің де жекеменшігі емес, ол – халқымыздың асыл бір қасиеті. Оны тани білу керек. Бауыржан Момышұлының нағыз ақындықты тану әділдігінің үлгісін көрсеткен бір әрекеті оның өзінің де ақындық әлемінен екенін айғақтай түседі. Жоғарыда келтірілген Ж.Шаштайұлы дайындаған сұхбатта бұған мысал боларлық мынадай жолдар бар: «Бәукең ұзақ ойға шомып, қайта сөйледі… Халқымның тілі мен дәстүрін ту етіп айтысқа түскен орыс қызы Надежда Лушникованың өнерін тұңғыш тамашалағанымда, тұлабойым шымырлап, жанарыма жас үйірілгені бар. Ал айтыс соңында Надежда өнерін елеусіз қалдырған төрешілер алқасының әділетсіздігіне, топас өзімшілдігіне ыза болғаным сондай, орнымнан ұшып тұрып: «Бас бәйге сенікі, Надя қызым!» – деп, көп жылғы сенімді серігім – алтын сағатымды білегіне қалай таққанымды есіме алсам, әлі күнге қуанам» .
«Аты аңызға айналған» атты жинақта бауыржантанушылар Қайрат Қарамаңдаев пен Оралжан Масатбаев халқымыздың мақтан тұтқан ақыны Қасым Аманжоловтың Бауыржан Момышұлына шығарған әйгілі арнау өлеңін келтіре отырып, Баукеңнің ақындық болмысын дәйектейді:
Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын.
Үстінде туған елдің тұрды толқып:
«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн…
…Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,
Теңіздей тебіренткен терең жанын.
Алғандай бойға жиып бар қуатын,
Кешегі өзі кешкен уақиғаның.
Кейде ол көк семсерлі генералдай,
Кейде ол күй көңілді ақын жандай.
Өмірдің ол шеті мен бұл шетіне,
Өресі өрен ойдың тартылғандай.
Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың жүректен шыққан жан тебірентерлік бұл сөзінде Баукеңнің ақынжандылығы паш етіледі. Сөйтіп Бауыржан Момышұлы кім деген сұраққа:
«Бауыржан – патриот!
Бауыржан – қолбасшы!
Бауыржан – батыр!
Бауыржан – қайраткер!
Бауыржан – жазушы!
Бауыржан – педагог!
Бауыржан – аудармашы!
Бауыржан – ақын!…
…Бауыржан батырлық пен ақындық қос таланттың қожасы!», – деп, жауап боларлық баға тұжырымдалған.
Осындайлық Бауыржан Момышұлына оның мәнді де тәлімді, ой мен сезім қуаты күшті көптеген өлеңдерінің негізінде ақын атын неге қимасқа?! Оған алдағы берілген ақын өлеңдері куә, оған сол өлеңдерге талдау жасалған зерттеу – дәйек. Көңіліңіздің қалауы болсын: оқыңыз, оқыңыз да алдымен отаншыл ой деңгейіне көтеріліңіз! Ал ақын поэзиясы не туралы және мәні неде екенін өлеңдерінің өзі айтар.
Бауыржан Момышұлының прозалық шығармалары қазақ әдебиеттану ғылымында зерттелген және жазушыға қазақ әскери әдебиетінің негізін қалаушы деп баға берілген. Ал оның өлеңдері күні бүгінге дейін зерттеушілер назарынан тыс қалып келгені белгілі. Бұл зерттеу – осы бағыттағы алғашқы қадам.
Бауыржан Момышұлы өз өмірінің әр кездерінде өзінің жан сезімін, толғақты ойларын, кейінге айтар аманаты мен өсиеттерін өлең түрінде де жазып қалдырды. Ол өлеңдер кейін, автор қайтыс болғаннан соң, оның туғанына 100 жыл толу мерекесі қарсаңында бауыржантанудың негізін қалаушы көрнекті ғалым М.Мырзахметов басшылығымен жинақталып, зерттеліп, жүйеге келтіріліп, жарық көрген Б.Момышұлының шығармаларының 30 томының отызыншы томы болып жарияланды.
Б.Момышұлының өлеңдері өзіндік рух кернеген ерекшеліктерімен қайталанбас құбылыс ретінде көңіл аударады. Оларды зерттеудің мақсаты – поэтикасының ішкі ой-сезім иірімдерін айқындай отырып, Б.Момышұлының шығармашылық ой-өрісінің жан-жақты кең болғанын көрсету арқылы ұлт батырының, ұлт қайраткерінің, ұлт ойшылының тұлғасының бай мазмұнын аша түсіп, олардағы патриотизм мен ұлттық рух құндылықтарын жас ұрпақ тәрбиесінде пайдалану мүмкіндігіне ел назарын аудару.
Әдебиет дамуының әр кезеңі – жаңа болуымен бірге, ол өткеннің жалғасы да. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі және ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясы өзіне дейінгі дәстүрлердің ұласпасы бола отырып, тың, соны ерекшеліктермен байыды. Көркем поэзия образ бейнелеуде нақтылық шеңберін кеңітуге құлаш сермеді. Кейіпкерді белгілі бір таптың сойылын соғушы етіп көрсетуге Кеңестік идеология мідеттейтін қасаңдықтан бірте-бірте арылып, оны табиғи болмысы бай перзент етіп суреттеуге бет алды. Сөйтіп көркем ойдың дамуы нақты объектіні образдық көркемдеу арқылы жанды адам бейнесімен астасқан адамзаттың тағдырын, ой сезімін, қасірет-қайғысын, қуаныш-үмітін зерделеп бейнелеуге көтерілді.
Негізін Абай қалаған көркем суреттеу дәстүрінен нәр алып, өркен жайған ұлттық поэзияда философиялық ойшылдық, лиризм, шыншылдық жаңа қырларымен көрінді. Сыршылдық пен публицистикалық сипат поэзияны оқырман жанына жақындата түсті. Лирикалық шағын өлеңнің бір өзінде адамзат қоғамының дамуы мен жұмыр жердің тіршілігіндегі адам жанының нәзік сезімі өзара астасып, көрініс тапты.
Қазақ поэзиясы дамуының 1940 жыл алдындағы қарсаң мен одан кейінгі жылдардағы сатысында Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Х.Ерғалиев, Қ.Бекқожиндер бастаған көште Ғ.Қайырбеков, Ж.Молдағалиев, Ж.Нәжімеденов, М.Хакімжанова, Т.Әбдірахманова, М.Мақатаев, Т.Mолдағалиев, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, К.Ахметова, М.Шаханов т.б. ақындардың шығармалары жаңашыл ізденістерімен лириканы байытты. Бауыржан Момышұлының өлеңдері де осы тұста жазылып (бірақ жарыққа кейінде ХХІ ғасыр басында шықты), сол кезеңдегі адам болмысының табиғи сипатын білдіре алды. Әдебиет заман ағымына елгезектік, сергектік танытпай өмір сүрмейді, онда заман ізі, замандық ой-өрістің табы жатады. Солай болса да әдебиет заман ағымының қас-қабағымен шектеле алмайды. Ол көктегі күн сәулесі сияқты заманға да, адамға да, баршаға – ортақ құндылық. Бұл орайда Ш.Елеукенов зерделі пікір айтады: “Суреткер дүниетанымы кіл саяси көзқарастан тұрмайды. Көп жағдайларда әдебиетші қаламгердің саяси көзқарасынан гөрі оның философиялық, эстетикалық, этикалық көзқарасы әлдеқайда басым түсіп жатады. Көркем образ өз идеясынан әлдеқайда бай келеді. “Ақындар өмір шындығын өзінің мұрат-мүдделеріне сай жырға қосумен бірге, соған байланысты туындайтын сезім құбылыстарын оятуға, азаматтық көзқарас қалыптастыруға ұмтылады. Бауыржан Момышұлы да өз өлеңдерінде “өмірдегі жамандыққа, сұрқиялыққа деген адамгершіліктік қарсылық туғызады». Ол адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бұзылу нышандарын көрген тұста, бұғып қалмай, ашық айыптайды.
Б.Момышұлының жекелеген нақты адамның ұнамсыз мінездерін сынайтын арнауларының стилі – тікелей ашық эпикалық баяндау, жанры – сатира. Мұндай өлеңдерге “Омарбекке,” “Қ-ға,” “Найза ұстап жауға барған жоқсың,” “Өмірдің қиыры жоқ, түбі шолақ,” “Біреулерге” т.б. туындылары жатады.
Біздің елге сен келген мейман едің,
Өркөкірек, икемсіз милау едің…
Бұл өлең әзіл болсын саған айтқан,
Пайдалы қызмет жұртқа қылмап едің…
… Қалды ма айыр тұяқ елде малдан,
Жалғыз сиыр қалмады “ет планнан”,
Ел – етсіз, бала – сүтсіз қалып отыр,
Барып ең уәкіл болып сен ауданнан.
Автор бұл арнауында нақты аудан басшылығы уәкілінің елге жасаған қиянатын әшкерелеу арқылы 1931-1932 жылдардағы қазақ ауылын ашаршылыққа ұрындырған “голощекиншілдік” деп аталып кеткен кеңестік саясатқа қарсы ашық үн көтереді. “Барып ең уәкіл болып сен ауданнан” дегеннің астарында “Кеңес үкіметінің уәкілі” деген тұспал жатқанын аңғару қиын емес. Бұл өлең тарихта белгілі 1932 жылғы қолдан жасалған ашаршылықта 2 миллиондай қазақ қырылып кеткен тұста, сол 1932 жылдың өзінде жазылған.
Нақты өмірбаяндық деректерге жүгінсек, Б.Момышұлы ол шақта 22 жаста ғана, демек ол қоғамдық биікті ерте бастан-ақ ойлай білген. Өзінің ойын бүкпесіз ашық айта алатын, өрлігі де, ерлігі де туа көрінген тұлға екенін байқаймыз. Осы сарындас “Біреулерге” деген өлеңінің 1930 жылы жазылғаны бұл пікірді дәйектей түседі. Ал “Омарбекке” арнауында ақын тұжырымы:
Қолдағыны сыпырып алып кеттің,
Енді келсең, таппассың бір үзім нан,–
деп аяқталады. Бұл Кеңес өкіметінің саясатын батыл әшкерелеу еді. Ол ел билеушінің өктемшіл мінезін бетке басып айыптауынан да көрінеді:
Бас алдың, шаш ал десе уәкіл болып,
Айдаттың малдың бәрін қырып-жойып.
Деп келсе “Жалғыз сиыр” болсын сауын,
Ақырдың ала көзбен зекіп қойып.
Тәркілеуден, жер аударудан, жаппай “тап жауы” деген жалалы жазалаудан тозған халық психологиясын да автор ашына жазады. Осы өлеңнің жалғасы ретіндегі бірқақпай шумақта (“1932 жыл 25.05” деген авторлық белгі қойылған):
Апыр-ай, мына елді жын соққан ба,
Жар салып жөнсіз айғай – бұл дуанға.
Ақырын ойлап, ақылға көнген ел жоқ,
Ілесіп ниеті жат антұрғанға, –
деп, құлдық мінездің халық санасына тереңдеп орнап бара жатқанына налиды, ызаланады, намыс туын көтереді. Мұндағы “ниеті жат антұрған” деген ұғымның өзі жеке бір адамға ғана айтылған арнаудан әлдеқайда кең елес туғызады.
“Билеу парқын білмейтін антұрған ең,
Ел басқармай, қой бақсаң жақсы болар,” – деген ащы кесім, авторлық үкім айтады.
Бұл өлеңдер автордың өз қолында жатып қалған, кезінде жария көрмеген. Дейтұрғанмен, оның идеялық ақиқаттығы халқымыздың 1930 жылдардағы ауыр өмірін кейінгі ұрпақтың танып білуіне жетелейді.
Б.Момышұлының уытты өлеңдері ауызекі сөйлеу стилінде өріледі. Сондықтан болар жергілікті диалект сөздер қат-қабат жүреді. “Мәшке” (қанден), “сарпай” (шат), “пұл” (теңге), «қашар едің» (ұрықтану), “айуан” (хайуан), “бадамша” (өсімдік:бұта), “милау” (ақымақ, мисыз), «мейман» (қонақ), нәмі (есімі, аты) т.б. сөздер көбінесе Жамбыл облысының Жуалы ауданы қазақтарының қолданысында ауызекі түрде кездеседі. Баяндау тәсілі де ауызекі тілге жақын: “бас алдың, шаш ал десе”, “біздің елге сен келген мейман едің”, “қалжыңға бұның не деп ашуланба”, “ақырдың ала көзбен” т.б. тіркестер – бұған айғақ.
Б.Момышұлының өлеңдерінде айтар ойдың қозғалысы тұжырыммен түйінделгенде, оқырман тарапынан іштей үндескен түсіну пайда болады, яғни сендіреді. Сөйтіп ой қуаты көркемдік форманы іздетпейді, тұтастықта қабылдауға әкеледі.
Б.Момышұлы “Біреулерге”, “Кім мықты?” т.б. осындай өлеңдерінде адамшылыққа жат қылықтарды шеней отырып, гуманизм жаршысы ретінде көрінеді. “Біреулерге” – 16 шумақ, 64 жолдан құрылған едәуір көлемді өлең. Олардың нысаны – адам бойындағы жаман мінездер. Идеясы – билікке араласып жүрген ауыл атқамінерлерінің “шені үлкенге жағымпаздығын,” “қолдағысын сыпырып алып кететін” кішілерге жасаған қиянатшылдығын тікелей ашық батыл мінеу арқылы осындайлардың “халықтың берекесін қашыратынын” әшкере ету:
Елпілдеп тұра алмайсың елпең қағып,
Сөйлейсің өзгелердің аузын бағып.
Сипаңдап шені үлкенге жағымпазсың,
Бетіңе алуан түрлі бояу жағып.
Басқаның жамылған соң көлеңкесін,
Жалтақтап өлетіндей кетеді есің.
Жүрексіз қоян сынды сендейлер ғой,
Халықтың қашыратын берекесін.
Автор бұл нысанасын найзалағанда ойға алғанын ауыз әдебиетінде жиі қолданылатын жанама негіздеу (сілтемелеу) және мінездеу тәсілдерімен шебер жеткізген:
Айтушы еді әкем марқұм қызық өлең,
Сондағы нысанасы сен екенсің,–
деп, әке сөзіне (ел дәстүрінде бұл тәсіл «бұрынғылар айтқан екен» деп келеді) негіздей (сілтеме жасай) отырып, иттің, қанденнің, түйенің, ешкінің, қойдың, бүркіттің, өгіздің, жылқының жамандарының халық аузындағы белгілерін санамалап, суреттеп шығады. Ақын осылай жанамалай суреттей отырып, сол арқылы кейіпкерінің жағымсыз қылықтарына меңзеп, сарказмдық уытпен ащы күлкі етеді.
Ит болғанда, болар ең дүрегейдей,
Тек жатпайтын қорада үрегендей.
Бұлтты күні жатар ең үйге кіріп,
“Кет, жоғалғыр” десе де түрегелмей,–
деп, аллегориялық суретпен табансыз адам образын жасайды.
Хайуанаттардың мінезін суреттеу жолымен адамдарды жаман әдеттерден жеріндіруді мақсат еткен әдістер халық ауыз әдебиетінде аз емес. Мысалы: “Сиыр сипағанды, ит сыйлағанды білмейді”, “Бура құтырса, тайлақпен ойнайды”, «Тоқал ешкі лақпын деп ойлайды», т.б. мақал-мәтелдер – бұған айғақ. “Алтын сақа” ертегісіндегі мыстан кемпір тісімен түбін қазып құлатқалы жатқан бәйтеректің басында отырған бала көмекке шақырғанда, қарғалардың қайырылмай кетуі де осындай деталь.
Адам бойындағы келеңсіз мінез-құлықтарды тұспалмен мінеу – әдебиетімізде дәстүр екенін айту керек. Ол жыраулар поэзиясында да, Абайда да, Мұқағалида да т.б. әр қырынан көрініс беріп, желі түзеді.
Бауыржан Момышұлының “Кім мықты?”, “Мықтымын деп мақтанды – болды мырза” деген өлеңдері – мысалдар. Олардың да тақырыбы – адамның жағымсыз мінездері. Мысалдың идеялық мазмұны мынадай: Үлкен бір мәжілісте айтыс болады. Бәріңнен мен мықтымын деп, асқақтаған темірге мен тұрғанда, мақтанбағың деп, от оны балқытып жібереді. Мұны көріп, су отты сөндіреді, суды аяз мұз етіп қатырып тастайды. Автор тәмсілдің тұжырымын:
Тәмсілімнің мазмұны көпке мәлім,
Кей жігіттер білмейді өзі әлін.
Болат еріп, су қатып, жалын өшті,
Сазайы осылай боп мақтанғанның, –
деп түйіндейді.
Ғабиден Мұстафин әділ пайымдап айтқан: “Бүгінгі әлеуметтік мінез-құлық: өзінен басқаның бәрін иттің етінен жек көретін өлермен өзімшілдік, жексұрын мақтаншақтық, жаны ашымас қатыгездік, мейрімсіздік, іштарлық – патология емес пе?»- деген пайым сол кездегі қоғам душар болған рухани кеселдер еді. Бауыржан өлеңдерінде де бұл заман психологиясын шенеу аңғарылып отырады.
Сейсегүл Исматова,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік
университеті, “Қазақ филологиясы”кафедрасының
доценті, ф.ғ.к.