Basty bet
Бағдарламалар байыпты жүзеге асырылуда
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары ел өміріне елеулі өзгеріс, сонымен бірге азаматтардың санасына да серпіліс әкелгені белгілі. Олай дейтініміз, аталған мақалаларды басшылыққа ала отырып ел өңірлерінде маңызды шаруалар қолға алынып атқарылуда. Мұндай маңызды жұмыстардың біразы қазіргі таңда жемісін беріп те үлгерді. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясында біздің аудан көлемінде де бірқатар жұмыстар атқарылды. Аудан әкімінің 2018 жылдың 23 қазанындағы №427 өкімімен арнайы жобалық офис құрылып, офис құрамына алты азамат енгізіліп, жұмыс жүргізілуде. Жобалық офис үшін аудандық білім бөлімінің ғимаратынан арнайы бөлме беріліп, тақырыптық стендтермен, керекті құрал-жабдықтармен қамтылды.
Өткен жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыруға арнайы жоспар әзірленіп, бекітілді. Қаңтар-желтоқсан айлары аралығында барлығы тоғыз жоба бойынша 306 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2322-ден астам адам қамтылды.
«Туған жер» арнайы жобасы аясында барлығы 12 786 адамды қамтыған 135 іс-шара өткізілді. Аталған жоба аясында демеушілер мен меценаттардың есебінен 16 млн 500 мың теңгеге барлығы нақты тоғыз жоба іске асырылды. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасы аясында барлығы 325 адамды қамтыған алты іс-шара өтті.
«Қазақстанның сакралдық географиясы» арнайы жобасымен 1154 адамды қамтыған 20 іс-шара, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында барлығы 1296 адамды қамтыған 15 іс-шара, «Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу» арнайы жобасымен 1285 адамды қамтыған 35 іс-шара өткізілді. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында да барлығы 389 адамды қамтыған 11 іс-шара өткізілді. Ал «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 22 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2078 адам тартылды.
«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру бағытында да жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, «Архив 2025» арнайы жобасы аясында 45 адам қамтылған екі іс-шара, «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасымен 1458 адам қамтылған 33, «Түркі әлемінің генезисі» арнайы жобасы аясында 1152 адам қамтылған 10, «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» арнайы жобасымен 615 адам қатыстырылған алты, «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасы аясында 340 адам қамтылған жеті іс-шара өткізілді. «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобасымен 300 адам қамтылып отыр.
Осы орайда бағдарламалар мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы аясында өткізілген барлық іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жандандырылып отырғанын баса айтқым келеді. Атап айтқанда, жыл басынан бүгінгі күнге дейін жалпы 464 материал жарияланды. Оның ішінде республикалық БАҚ-тар арасында «Қазақстан» ұлттық телеарнасына – 1, «Хабар 24 kz» телеарнасына – 1, халықаралық «Түркістан», «Қазақстан дәуірі» газеттеріне – 2, облыстық «Знамя труда», «Арай», «Ауыл Аймақ», «Ақ жол», «Казахстанская правда» газеттеріне ұзын ырғасы 35, «JAMBYL» телеарнасына – 4, аудандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде (фейсбук, инстаграмм парақшалары) – 378 материал жарық көрді.
«Құлагер» сәйгүліктер фестивалі аясында көкпар, аударыспақ, ұлттық спорт түрлерінен аудандық турнир, «Қызғалдақтар», «Киелі өнердің – кіндігі ауыл» деп аталатын фестивалдер өткізілді. Бағдарламаның «Туған жер» жобасы аясында демеушілер мен меценаттар есебінен сатып алынған тұрғын үйлер мен пәтерлер бірінші кезекте көпбалалы отбасыларға берілді. Бүгінгі күнге дейін «Б.Момышұлы» қайырымдылық қоғамдық қорына демеушілер аударған қаражат есебінен жеті көпбалалы отбасына үйлер мен пәтерлер әперілді.
Өткен жылы жеке кәсіпкер Дамира Жолшанқызы 4 пен 16 жас аралығындағы балаларға арналған «Жуалы» атауымен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығын ашты. Сондай-ақ, аудандағы ең ірі шаруашылық «Гамбург» ЖШС-нің жетекшісі Е.Кох, «Злиха» ШҚ-ның жетекшісі К.Бегалиев жыл сайын аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға материалдық көмек көрсетіп келеді. Биыл «Гамбург» ЖШС жетекшісі Е.Кох Нұрлыкент ауылдық округінің бас жоспарын жасауға 1 млн теңге көлемінде көмек берді. «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Әлімбек Жұмабаев жалпы құны 8 млн теңге қаражат жұмсап, аудандағы №1 мектеп-гимназия және №25 Ақтөбе тірек мектебінен IT сыныптар ашуға демеушілік көрсетті.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Уақыт шақыруы. Іскерлік қатынас жолында күш-жігерді біріктіру» атты ауыл әйелдерінің форумы ұйымдастырылды. Қазақ халқының қолөнерін, дәстүрін жастардың бойына сіңіру мақсатында «Самұрық-Жастар» ЖҚБ-ның ұйымдастыруымен «Қолөнерге баулу арқылы жастардың кәсіби шеберлігін дамыту» шеберлік сыныбы, «Ұлы Дала Елінің шеберлері», «Бейбіт күн жасасын!», сонымен қатар, дәстүрлі ән орындаушылардың байқаулары өткізілді.
Бағдарламаның «100 жаңа кітап» арнайы жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптардың QR-коды бар тақтайша халық көп баратын кітапханаға және бес білім беру ұйымына орналастырылды. Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай «Батырды рухтандырған бұлақ» жобасы іске асырылуда. Батырдың кіндік қаны тамған жері Талапты ауылына барар жолдағы бұлақ қоршалып, абаттандырылды және Момыш бұлағы деген атауға ие болып, Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізілді. Көкбастау ауылдық округінің аумағында белгілі болған «Баркуаб» қалашығында қазба жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстарына туристер қазірдің өзінде-ақ қызығушылық танытуда.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жобасы аясында ашылған аудандық тарихи-өлкетану музейі өз тиімділігін көрсетіп, жыл ішінде экспонаттармен толықтырылды. Сонымен қатар, Жуалы ауданының 90 жылдығына орай жерлес жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің «Жуалы» кітабы жарыққа шығып, аудан кітапханаларына үлестіріліп берілді.
Бағдарламалық мақалалар жарық көрген сәттен бастап жүйелі жұмыс жасап отырған Жуалы ауданының әкімдігі рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырудағы ерекше белсенділігі үшін облыс әкімі орынбасарының Алғысхатымен марапатталды.
Марат Нарымбеков,
аудан әкімдігі ішкі саясат
бөлімінің басшысы