Basty bet
Бабам жайлы ойласам…
«Жамбыл халықтың не заман аңсаған арманын Алатаудың тасқын суындай тасыта жырлады. Ол жыр айтқанда шырқау көкке самғаған қыранды еске түсіреді». Әлкей Марғұлан Құрметті ағайын, халқымыздың тарихын, өткенін, ұлағаттарын еске алғанда алдыңғылардың қатарында Жамбыл бабамыздың атымен мақтанамыз, марқаямыз. Атамыз да бала болған. Ұлдандай асыл ананың ақ сүтінен күш алған, еркелеген, талшыбықты ат жасап ойнақтап өскен. Алатаудың шыңдарына қарап осындай алып та күшті болсам деп армандаған болар-ау. Ақ ниеті қабыл болып, алып ақын атануының өзі тағдырдың үлкен сыйы. Жәкеңнің Сүйінбайдай халқы сүйінген, заманында зарлаған еліне құдіретті өлеңімен сүйеу бола білген, дарындарға ұстаз бола білген азамат ағасы бар еді. Сүйекеңнің ұстаздық өнері үшін оған өзін қарыздармын деп санаған. Сүйінбай мен Жамбылдың бесік жырын тыңдаған елі, шыққан тауы бір, ұстазының 31 жас үлкендігі бар ағалы-інілі өмір кешті. Екеуі де ауыл, үйдің ортасындағы ұсақ ақын емес ірі, парасатты елім деп еңіреген ақындар болды. Анасы Ұлданның айтуы бойынша Жамбылдың әкесі жағына ақын-жыршылық дарымаған, менің бауырым Қанаданның ақындық қасиеті осыған қонған деп отыратын еді анасы Ұлдан. Нағашы ақын ағасы Қанадан бала Жамбылды ертіп арқалы ақын Сүйінбайдың батасын алуға жолға шығады. Бұл күнде Сүйекең шашы борыл тартқан, кең жазық маңдайын терең әжімдер басқан, көз жанарында өткір оты бар ел ақсақалы еді. Кешкі астан соң жастыққа шынтақтай демалып жатқан Сүйекеңнің құлағына домбыраға қосыла шырқаған қыз даусына ұқсас балғын үн келеді, бұл бата сұрай келген бала Жамбыл еді.
Өлеңім келді жол шегіп,
Осынау елге алыстан.
Түн болды үйге ендейтін,
Табылмай жүр таныс жан.
Ардақты үйдің иесі
рұқсат ет кіруге,
Бата бер менің жырыма,
Қуат бітіп үніне,
Көңілін тапсын елімнің
Жар бол да, өзің жәрдем ет,
Жібер мені бір демеп, – дейді. Таң-тамаша болған Сүйінбай орнынан көтеріліп, «қош келдің бозторғайдай әнші құсым» деп құшағын жая қарсы алады. Есіктен кіріп келе жатқан, бұтында жыртық тері шалбары бар, қолына домбыра ұстаған, жалаң аяқ тарамыс қара баланы көргенде қарт ақын қайран қалады.
«Қолымды жайып ақ батамды берейін, ұлым» дейді. Бірақ есіңде болсын домбыра садақ та, өлең жебе. Ақылмен пайдалана білгейсің, шын ақынның ұяты өлеңінде, оны көзіңнің қарашығындай сақтағайсың, ақылмен іс қылғайсың, әділ де батыл бол, сенің өлеңің халқыңа медет берсін, ісің өнеге болсын.
О Жамбыл, бата дедің бердім саған,
Бақытты өмірлі бол, жүргін аман.
Батасын ат орнына берді ғой деп,
Қоймағын былай шығып кінә маған.
Соңынан Сүйінбайдың орнын басып,
Тіліңнен балың тамсын сорғалаған.
Жапаға риза болсын, айта барғын,
Осымен өкпелемей жүрсін маған.
1936 жылы Жамбыл қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, Москвадан оралғанда жүзден асқан бір ақсақал сәлемдесе келіп Жамбыл сен енді аспанға мұнан әрі ұшпасаң, енді түспейсің. Осыдан 15 жыл бұрын сен туралы түс көрдім Алматы қаласындағы Тәшкен көшесімен біреу отыз жорғаны тізіп айдап барады екен, соның ішіндегі ең әдемісіне көзім түсіп, қызығып сұрап едім, айдаушы бұл Сүйінбайдың Жамбылға берем деген жорғалары, аманатын өзіне тапсырамын деп жүріп кетті. Ұлы жолмен айдаған жорғалар жарықтық Сүйекеңнің жырлары еді, ол енді сенің маржандай тізілген сөздерің, саған Сүйінбайдың бағы қонды деген екен. Ұстазының осындай қасиетті сыйына риза болған Жамбыл былай деп жырлады:
Пірім менің Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай.
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай.
Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап.
Қара дауыл құйындай
Екпініме кезіккен
Кетер мекен жығылмай.
Ұлы Жамбыл Ұлы Абайдан бір-ақ жас кіші, екеуі де бір тілекке, бір мақсатқа ақындықтың екі түрлі жолымен, саласымен келді. Бірі жаңа әдебиет өнегесін жазу арқылы, бірі суырып салма ақынның жолы. Өмірде екеуі бірін-бірі көре алған жоқ, бірақ халқына деген сүйіспеншілігі, жан азабының айғайы ұқсас еді. Дүниеде өзіне ниеттес кісі бар екенін біле тұра ақындық жолдың ауыр азабының тауқыметін бөлек тарту екі жыр алыбының кездеспеуінің өзі тағдырдың ісі. Жәкең кейін Абайдың суретін көргенде былай деп толғаған екен:
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Қарсы келер Абайдың кім бетіне.
Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,
Соңғыларға қалдырған үлгі-нұсқа.
Арғын, найман сөзіне таңырқаған
Қандай арман бар екен бұл туыста.
Терең ойдың түбінде теңізі бар,
Тесіле көп қарасаң, көңілі қар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,
Есіл сабаз ызамен өткен шығар.
Ұзынағаш жағына елбасы болып жүрген сәт болыспен Жамбыл Алматының емханасында ауырып жатқан Абайдың баласы Әбдірахманның көңілін сұрап барған. Сол кездесуде науқас бауырының қасында отырған Мағауия Жамбылдың атын көп еститінін тілге тиек етіп, әкесінің біраз өлеңдерін айтты. Жамбыл: «Бәрекелді, біз естімеген, қазақ баласының аузына түспеген сөз екен деп тамсана тыңдады. Қасиет қайда, қазына қайда десем, Абайда екен ғой. Елге пана, еске дана ақыл да, өнер де, өнеге де бір өзінде тұрмай ма? Құштар еттің, құмар еттің, Мағышым. Сенің жақсы әкең, менің жақсы ағам болсын ұқтың ба, жетсін осым деп еді. Әбдірахман қайтыс болған күндері Жамбыл мен сәт болыс басы-қасында болып Мағауияға көңіл айтты. Абайға мынадай жұбату сәлем жолдады.
Сәлем айт барсаң Абайға,
Кеңесі жеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалай да.
Бір жұтқан судай дүниесін,
Ащысын жұтып күйінесің.
Тәттісін жұтып сүйінесің,
Жаңғаққа біткен бәйтерек
Жалғызбын деп жүрмесін
Кемелге келген асыл-ай
Тасқынды тәңір басу-ай
Нар көтерген ауырға
Арқасын тоссын жасымай.
1700 жылдардың бел ортасында аты шыққан халқымыздың біртума батыр ұлдарының бірі Шегір руынан Ақпан батыр екені даусыз. Сол Ақпан бабам бірнеше күндер бойы жауларымен айқасып, діңкесі құрып, шаршай құлай кетеді, түс көреді. Ақбозың шаршады, енді жауың қалмақтың олжа қарасы мін. Оны жабыға санама, онда қасиет, қанат бар. Ендігі жауларыңмен айқаста сол алып шығады деп қария аян береді.
Ай талықсып батқанда,
Жұлдыздар сүңгіп аспанға
Шығыс жақ түгел ағарып
Таң атып келе жатқанда
Асатаяқ қолында
Қария келіп қасына
Отырды жаймен шаншыла
Сөйледі жайлап сұңқылдап
Былқ етпеді ер Ақпан
Жата берді сөз тыңдап.
Ей бейшара абзал ұл,
Маған қарай мойының бұр
Жау шапқан байтақ еліңнің
Бірі күң де бірі құл.
Қасыңа сенің келгенің
Көз жасыңды көргенім.
Жаңа қатты өксідің,
Ісі емес бұл ерлердің.
Көрерің көп көресің
Сөзімнің байқа өресін.
Қан майданда алыссаң
Күшің болар төрешің.
Бүгін сен тура жүрерсің
Жолға көңіл бөлерсің.
Ақбозың сенің шаршады
Аяғынан әл кетті,
Мойынынан жал кетті,
Екі жыл болды дамыл жоқ
Оқ тескен түгел денесін,
Өкпеде бар қос қанат
Батыр мінер мықты ат,
Қалмақтан олжа қараны
Мінсең жауды жеңерсің.
Қасиет бар қарада
Жабыға оны санама
Аллаға сыйын сан рет.
Шегір деген бабаңның
Жаныс деген түп атаңның,
Онан әрі ер Дулат
Ар жағы тарар Үйсіннен
Шыққан тегің керемет.
Жамбыл бабамда өмірінің едәуір бөлігінде айнымас серігі болған мәстегінен сондай қасиет қанат көрген болар. Қазақтың байтақ жерін ғасырлар бойы қорғаған батыр бабаларымыздың жеңісіндей, Ұлы Отан соғысының жеңісі де есек мінген жұдырықтай қара шал Жамбыл бабам сынды қасиеттінің киесі болуы мүмкін- ау. Бейне бір сол есегіне артып халқына таусылмас береке, бақыт, тыныштық алып келе жатқандай көрінеді. Ұлы Жәкең мәстек пен тұлпар атты өлеңінде былай дейді:
Ертеде, ерте, ертеде
Астыма менің мінгенім,
Тұлпар емес мәстек ед,
Шу-шу деп әрең жүргенім.
Борбайы борша арқарша,
Көтерген әрең өз белін,
Жауырыны қазған ошақтай,
Қыр арқасы пышақтай,
Суреткен жалғыз сүлдерін.
Сол мәстекті тебініп
Өлеңдеттім ән салдым,
Ойға бардым, қыр бардым
Қаракөз қызға көз салдым.
«Жамбыл өз халқының ар намысы, үні, жүрегі және ақиқат шындығы болды. Ол халық пен поэзия сықылды мәңгі жасай береді». (Николай Тихонов).
91 жастағы Жәкеңмен Тбилисиде Руставели тойында бірге болған ленинградтық атақты жазушы Николай Тихонов ол кісі жайында былай суреттеген екен: жақ сүйегі шығыңқы, жалпақ бетінде парасатты байсалдылық ұйыған, тек екі көзінің ұшқыны екі саңылаудан себелеген сәуледей еті қашқан кеберсін ерінінің езуіне болар болмас бір мысқыл ұялай қалған. Толқынданып еркін төгілген сақалы таң шапағына шағылысқан құлама тау суындай, көзін сәл жұмып алып шырқап отыр. Даланың мұрын жарған тамаша жусан исін рақаттана сіміргендей, екі танауы желп-желп етеді. Ұлы Отан соғысы басталып Ленинград қаласы жау қоршауында қалып ең ауыр, ең қатерлі минут келіп жеткенде Жамбылдың өлеңі ең жақын адамнан келген сәлем хаттай болды. Радионы майдан даласына да, окопқа да, алғы шепке де жеткізді. Плакаттарға қазақтың бөркі мен шапан киген қажырлы қария қала халқына сарқылмас жігер, күш берді. Олар Ленинградты жауға бермейміз. Біз бұл плакатты жауды жеңген күні музейге апарып қоямыз десті.
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің.
Нева өзенін сүйкімді
Бұлағындай көремін.
Көпіріне қарасам,
Көмкерген су көлемін
Өркеш-өркеш жарасқан
Шоқылардай дер едім.
Сапырылған көк теңіз
Шомылдырып кемерін,
Шамы күндей жайнаған
Аспанға үйлер бойлаған,
Арқа тұтып алыста
Айбыным деп ойлағам.
Хатыңды ботам оқыдым
Халіңді білдім сапардан
Қуанып соған отырмын
Гвардеец атанып,
Болыпсың балам қаһарман.
Айнымай балам антыңнан
Әкеңнің тілін алыпсың.
Түсіндім түгел хатыңнан,
Тайынбай жауға барыпсың
Өзіңді қиып өлімге,
Арыңды сақтап қалыпсың.
Қамалын жаудың опырып,
Қоршаған шебін жарыпсың.
Өлігін жолға толтырып
Табанға таптап салыпсың.
Алғадай деймін аянба
Әкеден тудың Жамбылдай,
Жырымды жеткіз ерлерге
Майданнан соққан дабылдай.
Халқымыздың батыр ұлдарының бірі Мәлік Ғабдуллин 1943 жылы майдан даласынан бір айлық демалыс алып елге келеді. Осы сапарында ақындық өнердің алыбымен кездеседі. Жәкең сүйікті ұлы Алғадайдың майданда ерлікпен қаза тапқанын естіп, қабырғасы қайысып отқан кезі болатын. Мәлік әңгімесінен жаумен соғысып жүрген жігіттердің ерліктерін есте отырып, «менің Алғадайымды майданда кездестірген жоқсың ба?» деп қамықса керек. Қалай деседе баланың орны бөлек қой. Жүз жылдық өмірінің көпшілігін қорлық пен тепкіде, бақытсыз өткен халқымен бірге құлазыған далада әрбір сайдың бойында өткізген, не көрмеген кәрі жүректі тебіренткен перзент өлімі. Анасы Қанымжаннан жас айырылып ақын әкесінің шапанының етегінен ұстап өскен ботасы еді. Түнеу күнге кеткеннен
Ғали жаңа келдің бе,
Алғадайдың мүрдесін
Жол жөнекей көрдің бе?
Топырағың торқа боп
Тыныш ұйықта дедің бе.
Елжірейді өзегім,
Ауырады белім де
Қаза болып көз елім
Халім қиын менің де.
Алатауды айналсам
Алғадайды табам ба?!
Сарыарқаны сандалсам,
Саңылағымды табам ба?
Өлім деген у екен,
Мендей кәрі адамға.
Күндейімде күңіренсем
Көзіме жас алам да.
1944 жылы аяқ-қолын сау жері жоқ, жаралы денесін екі балдақтың сүйеуімен елге әрең жеткізген бауырының үйіне 98 жастағы Жәкең сәлем беруге келеді. Сонда киелі ақсақал бауырым халық саған келгенім жоқ, Быжыбай бабаңның шаңырағына сәлем берейін деп, қуанышына ортақтасайын деп келдім деген ғой. Мұның өзі әруақ аттамайтын, қара шаңырақтың қасиетіне бас иетін көргендік те, көрегендік қой. Немесе халі мүшкіл туысқа үлкен жүректің жылуы жетерлік елжіреп тұр емес пе?!
Қарт ақын аққан бұлақтай таусылмайтын тасқынды жырларына арқау болған ұлағатты сөздерді қайдан тауып айта береді. Біреу жазып бермейме екен деген ойлар да болған Жамбыл ештеңені оқып білген емес. Естіп, тыңдап білген, естігенін есінде ұстап қалатын ғажап қабілеті болған. Таң тамаша қалатын. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін қабілет бұл ақын жырауларда болатын саққұлақ сұңғылаларға тән қасиет.
Соғыстың қиын-қыстау жылдарында Жәкең жеңісті көзбен көрмей өлмеймін дейді екен. Айтқанындай дана ақын Жеңіс күнін көріп өлді. Ол 1945 жылы 22 маусымда дүние салды. Соғыс басталған күннен бастап дәл 4 жыл 44 күн халқының қуанышын көріп мәз болды. Ең соңғы өлеңін майдың 9-ы күні Жеңіске арнап айтты. Бұдан артық орындалған арман бола ма?! Заманымыздың гомері атанған Жәкең шығармалары ғасырдан-ғасырға жетеді. Халық ақындарынан шыққан мұндай алып ақын болған емес.
Жеңіс пен шаттық сенің атыңды атап,
Тойыңа осы өлеңді тартады қарт.
Жырымның өр дауысты қыранысың
Мен де шат мендей және халқым да шат.
Дем берген шаттығысың бар әлемнің,
Қайырылған семсерімсің қолда менің.
Қарманған қара ниет дұшпандарды
Қиратып батыр қолмен шабады елің.
Жеңіс, сен ауылдар мен қалаларды
Аралап, бар халқыңды еттің әлді!
Нұрыңмен жүрегіме өлең құйып
Айдынға алып шықтың мендей шалды.
Бабам жайында халық аузында 90-нан асқанда да қыздарды жақсы көрген деген сөз бар. Дүниеде қанша жан болса сонша жүрек, әр жүректің өзі салатын әні, мұңдайтын мұңы, айтатын арманы бар емес пе?! Жүз жыл жырлаған жұдырықтай жүрекке күш берген сұлулыққа, нәзіктікке, пәк сезімге деген құштарлық болар. Айқайлап айта алатын қасиет биік өре болса оның несі айып?! Қайта асқақтай түспей ме. Әдемілікке, әсемдікке кім бас имейді? Жәкең тоқсаннан асқанда халқымыздың бұлбұл әншісі Күләшқа арнауында:
Қызым келді-ау, қасыма қызғалдақтай,
Жүрер мекен кәрінің сөзі жақпай.
Сені тапқан анаңнан айналайын,
Мүсіндей бір мінің жоқ арғымақтай.
Қыз түгіл енді маған кемпір қайда?
Жанды бағып жүргеннің өзі пайда,- деген ғой.
Ақын қыз Айкүміспен айтысында:
Жалғанның сорлысы екен қыз бен жігіт,
Жүрмеген бірге ойнап бірге күліп.
Арыны басылмаған арсыз көңіл,
Тағы да етіп отыр сізден үміт.
Ауылым жайлап отыр көк сеңгірді,
Көз сүзіп сіздің жаққа еңсем құрды.
Қолыма бір ұстатсаң түсінерсің
Томпайған төсіңдегі өртеңгірді,
Айкүміс амалым жоқ, қойшы ендеше.
Кетелік сыр білдірмей жат пендеше
Атыңды ақ жүзіңді ұмытпаспын
Кеудемнен қашан менің от сөнгенше,- деп жүрек шіркіннің оты сөнгенше өмірге тіршілікке, махаббатқа, жылылыққа ынтығын жеткізіп отырған жоқпа.
Мен Жамбыл бабамды көрген жоқпын. Бірақ түсімде көремін, анық көремін. Толқынды аппақ сақалын, қолына қыса ұстаған құдіретті домбырасын, қазақи бөркі мен шапанындағы жалтырап сәуле шашқан сансыз жұлдыздарына қызығып, алақанымен сипаймын. Алақаныма құйылған ыстық леп жанымды рақатқа бөлейді. Көзінен күн нұрындай жылы ниетін төгіп, қолын созады. Асқақ бабам о дүниелік болып та мен сияқты қазақтың қара қыздарының қамқоры, жанашыры екен ғой деп ойладым. Халқымның мақтанышы ақын бабам қасиетті кең де берекелі шапаныңыздың етегімен ұрпақтарыңызды қорғап, шаттыққа бөлеп, шапағатыңызды шаша беріңізші. Өзіңіздің де арман тілегіңіз осы еді ғой.