Basty bet

Талпынған жетер мұратқа

Кеңес үкіметі тарап, еліміз Тәуелсіздігін алған алғашқы аумалы-төкпелі кезеңде қай ауыл, қай саланың болсын, қиюы қашқаны белгілі. Төскейдегі төрт түлігі түгесіліп, қырманы қаңырап қалған. Сол тұста барлық дерлік шаруашылықтардың шаруасы шайқалып, нәпақасын айыратын кәсіп іздеген жұрт жан-жаққа көшкен. Мұнда тек кіндігі ауылға байланып, нарықтық қатынастың қиындығына төтеп беріп, тірлігін күйттеген қауым қалған.

Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе ауылының тумасы Нұрбек Сарбаев осы тұста Тараз қаласындағы қалааралық жүк тасымалы автобазасында қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер болып істеп жүрген. Жүк тасымалы көлемі қысқарып, кәсіпорынның жұмысы біртіндеп тұралап, жабылуға айналады.
Ауыл шаруашылығы саласында болып жатқан күйзеліс Нұрбектің жанына батты. Ілкімді жігіт көп ойланбастан қаладағы жұмысын тастап, отбасымен бірге өзі туып-өскен Ақтөбе ауылына көшіп келеді. Сөйтіп, ендігі тағдырын жермен, егіншілікпен байланыстырады. Одан бергі аралықта ширек ғасырдан астам уақыт артта қалды.
Өңірде еліміздің қорғаныс ведомствосына қарайтын екі әскери кеңшардың да жұмысы шатқаяқтап, меншігі тұрғындарға бөлініп беріліп жатқан. «Октябрь» әскери кеңшарында егістік бригадирі болып істейтін Нұрбектің әкесі Сыпатай да шаруашылықтан 14 гектар жер үлесін алып бөлініп шықты. Нұрбектің өзі де мемлекеттік жер қорынан 16 гектар жер сатып алып алды. Әкелі-балалы Сарбаевтар жер үлестерін біріктіріп, ауылда алғашқылардың бірі болып «Нұр Әділет» шаруа қожалығын құрды.
Шаруашылықтың аяғынан тұрып кетуі оңайға соққан жоқ. Алғашқы кезде егістік жерден түскен өнімді сатқан қаражаттың бір теңгесін шашау шығармай жинап, дәннің бір бөлігін келесі жылдың өніміне сақтап, қалған бөлігін сатып жүрді. Осы арада ауылдың біраз шаруалары егістік жерлерін қожалыққа сеніп тапсыра бастады. Келе-келе жұмысқа қажетті техникалар да сатып алынды.
Бүгінде қожалық ақ егіспен қатар мал басын да арттырып, округтің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз үлесін қосып келеді.
Шаруашылық соңғы жылдары бағымындағы ірі қара малдың санына ғана емес, сапасына да баса назар аудара бастаған. Сондықтан да біртіндеп мал тұқымын асылдандыруға бағыт ұстап келеді.
– Әуелі малды Бауыржан Момышұлы ауылындағы үйімнің жанындағы қоражайда өз төлінің есебінен өсірдім. Кейіннен «Сыбаға» бағдарламасымен біраз бас ірі қараны несиеге алдым. Құдайға шүкір, Үкіметтің қаржылай қолдауының арқасында мал басы жыл санап көбейіп келеді. 2018 жылы Ақтөбе ауылының іргесінен 100 басқа арнап мал фермасының құрылысын жүргіздім. Мемлекеттің қолдауымен фермаға қажетті барлық инфрақұрылымдар – жарық жүйесін, су құбырын жүргізіп алдым, – дейді фермер.
Сонымен қатар, шаруашылық төрт түліктің жемшөп қорын дайындау мақсатында көпжылдық шөп егуді де қолға алып отыр. Күн электр қондырғылары мал фермасын электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етіп тұр.
Фермер қазір ауылдың екі отбасына жұмыс беріп отыр. Олар фермадағы жылы да жайлы малшылар үйінде тұрады.
Қожалықтың аудан орталығындағы базасында мақсары майын сығатын қондырғы да бар. Шаруалар мақсары дәнін өткізіп, осында өңдеп, майын алып кетіп тұрады. Майын сығып алғаннан кейін қалған қалдықтарды мал азығына пайдаланады.
«Талпынған жетер мұратқа» демекші, еңбек етіп, діттеген мақсатына жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Талай жылғы бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Нұр Әділет» ШҚ-ның жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close