Basty bet

Газ шаруашылығы жылыту маусымына дайын

«Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, аудандық газ шаруашылығы алда тұрған жауапты кезең – қысқы жылыту маусымына дайындықты ертеден бастап кетті.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы Жуалы аудандық газ бөлімінің бастығы Асқар Байдосовтың айтуынша, бүгінде мекемеге қарасты газ құбырлары желісінің жалпы ұзындығы 353, 7 шақырымды құрайды, оның 33,0 шақырымы жоғары қысымды, 103,6 шақырымы ортаңғы қысымды, ал 217,2 шақырымы төменгі қысымды газ құбырлары болып табылады. Қазіргі таңда жергілікті газ арналарында жоғары қысымнан ортаңғы қысымға түсіретін екі дана құрылғы (ГРП), ортаңғы қысымнан төмен қысымға түсіретін 73 дана шкафтық-реттеу құрылғысы, жер астындағы құбырларды тотығудан сақтайтын 10 дана катод станциясы, газ құбырларын электр химиялық қорғауды қамтамасыз ететін 30 дана протектор, ысырмаларымен бірге 30 дана газ құдығы, құдықсыз ысырмалары бар 17 дана өшіру краны жұмыс істейді.
Аудан газшылары алдын ала бекітілген кесте бойынша газ шаруашылығы объектілерін қысқа дайындау жұмыстарына ерте бастан кірісті. Осы мақсатта аудандағы барлық газ құбырлары ақауға тексеріліп, сынақтан өткізілді, газ қысымын реттейтін құрылғылар мен шкафтар қысқы жағдайда жұмыс істеуге дайындалды, 3,5 шақырымнан астам газ құбыры сырланды. Осы жұмыстардың арқасында барлық газ объектілері жауапты маусымға дайын тұр.
– Соңғы жылдары өңірді газдандыру географиясының кеңеюімен көгілдір отынды тұтынушылар қатары да арта түсіп отыр. Бүгінде 30-ға тарта ауылдағы 8 247 абонент көгілдір отынды игілігіне тұтынып келеді. Одан бөлек, 15 ірі қазандық, 232 коммуналдық-тұрмыстық мекеме автономды газ қазандығымен жылытылуда.
Аудандық газ бөлімінің басты мақсаты – халыққа көгілдір отынды үздіксіз жеткізіп беру, оны апатсыз пайдаланылуына, тұрмыс деңгейінің артуына дер кезінде септігін тигізе отырып, әр тұтынушының көңілінен шығу. Осынау мерейлі міндетті орындау жолында аудан газшылары жылдың қай мезгілінде де уақытпен санаспай, бел шеше еңбек етуде, – дейді мекеме басшысы Асқар Байдосов.
Биылғы жыл басынан беруі тұтынушыларға 16,339 млн. текше метр газ өткеріліп, нәтижесінде 517, 743 млн теңге мөлшерінде төлемақыны жинап алу қамтамасыз етілді. Тұтынушылардан жиналған төлемақы 97 пайызды құрады.
Бүгінгі таңда аудандық газ бөлімінің апат және апаттан кейінгі қалпына келтіру, өтім, диспетчерлік бөлімшелерінде барлығы 41 адам еңбек етуде. Соның ішінде инженерлік-техникалық қызметкерлер – 4 адам, 11 бақылаушы, 15 слесарь, желідегі газ аспаптарын жөндеу слесарі – 6.
Еңбек ұжымының негізін аудандық газ саласының дамуына еңбек сіңірген байырғы қызметкерлер құрайды. Олардың қай-қайсысы да мақтау-марапатқа лайық жандар. Өз ісіне тиянақты, аса жауапкершілікпен қарайтын қызметкерлер арасында апат қызметінің слесарь-мамандары Алик Итемановты, Яков Резниковты атап өткен ләзім. Сондай-ақ желі аралаушылар Әділбек Бейсалиев, Ғабит Иембердиев, Сәбит Нұрмаханов, шебер Қанат Мейірхан, апат қызметінің диспетчері Қыдырбек Көкебаевтар тындырымды істерімен мақтауға лайық жандар.
Ширек ғасырдан астам бір жұмыс орнында табан аудармастан еңбек етіп, саланың ыстық-суығын бірдей көріп келе жатқан өндіріс шебері Айбек Сүлейменов өз ісіне берілген маман. Оның есімі ұзақ жылдар облыстық газ шаруашылығы мекемесінің Құрмет тақтасында ілініп тұрғанын әріптестері ұдайы мақтан етеді. Бүгінгі еңбек адамының нағыз үлгісі осы емес пе?
Мекеменің алдағы жоспарлары мен міндеттері туралы сұрағанымызда аудандық газ бөлімінің бастығы Асқар Байдосов былай дейді:
– Таулы өңірдегі елді мекендерді газдандыру жобасы бойынша биылғы жылдың аяғына дейін ондағы сегіз елді мекенге газ құбыры кіргізіледі. Олар – Жетітөбе ауылдық округінің Тасбастау, Кәріқорған, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Қоңыртөбе, Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел және Қаратас ауылдары. Алдағы жылдары газдандыру желісі таулы өңірдегі ең соңғы нүкте – Қошқарата ауылдық округінің Қызтоған ауылына дейін тартылмақ. Осылайша, таяу уақытта ауданда көгілдір отынмен қамтылмаған бірде-бір елді мекен қалмайтын болады. Ал аудан газшылары уақытпен бірге қадам баса отырып, тұрғындарға газды іркіліссіз жеткізіп беріп, «ҚазТрансГазАймақ» компаниясының миссиясында айтылғандай, адамдарға жылу мен қуаныш сыйлай отырып, үйлеріне береке, шуақ, әрі жан жылуын сыйлай беретін боламыз.
– Жылыту маусымы – тек газ шаруашылығы ғана емес, тұтынушылар үшін де жауапты шақ. Сондықтан, көгілдір отынды тұрмыста пайдаланғанда, сақтық шараларына, қауіпсіздік ережелеріне басты назар аударуды сұраймын. Үй жағдайында пештердің түтін тарту жолдарын тазалап, жылыту аспаптарының түзік жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды, – дейді аудандық газ бөлімінің бастығы Асқар Байдосов.

Суреттерде: «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы Жуалы аудандық газ бөлімінің бастығы Асқар Байдосов (ортада)еңбек ұжымымен бірге;
желі аралаушылары Ғабит Иембердиев пен
Сәбит Нұрмаханов – іс үстінде.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close