Basty bet
Халқына адал болуды мақсат етеді
Әлемдегі жақсылық атаулының бастауы әйел-аналар екені сөзсіз. Әйел – ана, әйел –жар, әйел – бақыт. Нәзік жанды арулар – қашанда отбасының берекесі, ынтымақ пен ырыстың ұйытқысы. Адал қасиет, ізгілік, мейірім мен сұлулық бәрі-бәрі әйел табиғатымен астасып жатады. Осындай мейрамда біз Қазақстан Халық партиясының атынан аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған Салтанат Ертаева жайлы әңгімелегіміз келеді.
Салтанат Кеңесбекқызы 1980 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келіп, осында мектепте оқыған. Кейінірек жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған ол қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, тігіншілікті меңгереді. Курста мамандықтың қыр-сырын оқып, сертификат алады. Ал, өткен жылы сәті түсіп, бағдарлама аясында 555 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың иегері атанады. Қазіргі таңда ол осындай тиімді бағдарламаның игілігін көріп және ҚХП-ның атынан депутаттық мандатқа болғанына дән риза.
-Мен аудандық мәслихаттың депутатығына түсетін кезде көп ойландым. Маған ҚХП-ның аудандық комитетінің бірінші хатшысы Жәнібек Исаев партияның атынан аудандық мәслихаттың депутаттығына кандидат болсаң қайтеді деп ұсыныс тастады. Біле білгенге, депутат деген үлкен мандат. Ондайды бұрын көрмегендіктен, алғашында адамда үлкен қорқыныш, сенімсіздік пайда болады екен. Бұл партияға менімен бірге балама кандидаттыққа Сағынхан Әмірхан деген жігіт түсті. Біз партияның атынан ауылдарды аралап үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Барлық жарнамаларды да өзіміз тараттық. Басқа партиялардың өз волонтерлары болса, біз волонтер қызметін өзіміз атқардық.
Бұл уақытқа дейін еліміздің өзге қалаларында жұмсақ жиһаздар тігіп, өзгенің қарамағында жұмыс істегенмін. Ал, қазір өз-өзімді жұмыспен қамтып отырмын.
Сайлаудың қорытындысы шығып, мен өзімнің осы ҚХП-ның атынан аудандық мәслихатқа депутат болғанымды естігенде не қуанарымды, не жыларымды білмедім. Менің қолдаушым да, қамқоршым анам Сол кісі мені алғаш болып құттықтады. Анам маған үнемі мотивация беріп отырады. Мен депутат болып сайлана салысымен іссапармен Қошқарата ауылдық округіне бардық. Ол жерде ауыл адамдарымен кездесу өткіздік. Олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, шешілмей жатқан, көтерілген мәселелерін көріп, қолымыздан келген көмекті беретінімізді айттық. Ол ауылдың тұрғындары маған қатты ұнады. Ауылда ауызбіршілік пен ынтымақтың бары көрініп тұр,- дейді аудандық мәслихаттың депутаты Салтанат Кеңесбекқызы.
-Алға қойған мақсаттарым көп. Соның бірі – өзім тұрып жатқан Рысбек батыр көшесіндегі бұрынғы фабриканың екі қабатты ескі жатақхана ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға жағдай жасау. Ол ғимаратта ешқандай жағдай жасалмаған. Ғимаратта 14 отбасы тұрады,- дейді ол өз сөзінде.
С.Ертаеваның ата-аналары білім беру саласында жұмыс істеген кісілер болып шықты. Әкесі дүниеден ерте озған. Балаларды анасының жалғыз өзі жеткізіп, аяқтандырған. Өмірдің қызығы мен қиындығы қатар жүреді емес пе. Салтанат та жолдасынан ерте айырылады. Отбасында бір ұл, бір қызы бар. Балалары, яғни Әзиз бен Динара екеуі де студент. Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде білім алуда. Депутат келіншек балаларын жеткізу үшін қолдан келген жұмыстарды атқаруда.
«Депутат деген жанашыр, халқына адал болу керек. Болашақта өзім тұрып жатқан ауданыма, ауылыма пайдам тисе деймін. Мен халқыма адал қызмет еткім келеді»,- дейді ҚХП-ның атынан аудандық мәслихаттың депутаты Салтанат Ертаева.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»