Basty bet

Елтаңбам – менің тұмарым

Дес бермеген тар жол, тайғақ кешуіне тағдырдың,
Елдік таңбам! – оның бәрін, өткен шақта қалдырдың.
Жаны таза,пиғылы пәк,дара болмыс сіңіріп,
Тәуелсіздік таңыменен қайта түлеп жаңғырдың.

Көшпенді елмен тағдыры бір,көрген емес ажырап,
Сол арқылы төбемізден, жарық түскен жамырап.
Мемлекеттік рәмізімнің басты арқауы, негізі,
Елтаңбамның жүрегіндей, қасиетті шаңырақ.

Сол шаңырақ біртұтастық, бүкіл әлем кіндігі,
Мемлекеттік бастауы мен, ажырамас бірлігі.
Күн шапағы уық сынды, шаңыраққа шаншылған,
«Отан!» – дейтін отбасы мен ошағымның тірлігі.

Елтаңбада мүйізі бар,аңыз тұлпар қанатты,
Мәңгі өмір мен болашаққа үндеп тұрған қазақты.
Халықтардың рухани зор байлығының белгісі,
Бір шаңырақ астындағы, өмір сүрген жарасты.

Маңдайында Елтаңбаның бес бұрышты жұлдызы,
Сол жұлдыздың әр бұрышы, әлемнің бес құрлығы.
Әр адамның өмірдегі, өз жұлдызы сияқты,
Елімнің де жарық шашып, жол көрсетер нұрлы ізі.

Бойтұмардай рәмізімді, дүйім елге танытып,
Жаһандану заманымен, жұртым жатыр табысып.
Ұрпақтарды самғау биік, мақсаттарға жетеле,
Жүректерге отансүйгіш, асыл сезім дарытып!

Құдіретті Әнұран

Қаратаудан ел көшкенде, бос келетін тайлағы,
«Елім-айлап» халқым өткен, зар-заманның айғағы.
Қожаберген жырау салған, гимні елдің, қазақтың,
«Шұбыранды ақтабанның» бізге жеткен зарлы әні.

Алпыс екі тамырыңда, алқызыл қан ойнатып,
Рухыңды аспандатып, қуатыңды қоздатып.
Адамзатқа тәңірлік күш дарытып,
Жүректерге пәк пиғылды, ұлтжандылық орнатып.

Атар таңнан әрбір адам тебіреніп тыңдайтын,
Салтанатта Ту көтеріп, әнұранды шырқайтын.
Найзағайдай намысымен жүрек отын маздатып,
Отаншылдық ожданыңа, қуат қосып шыңдайтын.

Азаматтық ой-толғаныс, тебіреніс,жан сырын,
Жан дүниесін баурап алар, тәтті сезім, бал шырын.
Тәңір тұтып, тәжім етіп, әр азамат бас иген,
Қайталанбас, құдіретті әуеніне Шәмшінің.

Асқақтатып қаһармандық, ерлік, қажыр-қайратын,
Шайлықпайтын шабыт берер, қайрап ердің айбатын.
Қуанышты құлшынысы, жан дауысы халқымның,
Қасиетті Әнұраным, бастан бағың таймасын!

Дәулетжан Байдалиев,
ардагер-ұстаз

Таңдаулы материалдар

Close