Basty bet

Қауіпсіздік шараларын жандандыру қажет!

Өткен аптада аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында мемлекеттік шекарадағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және заңсыз есірткі айналымының алдын алу мәселелері бойынша мекемеаралық мәжілістің отырысы өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев, аудан прокурорының орынбасары Серік Баймолдаев және аудандық құқық қорғау органдарының басшылары, сонымен қоса ауданға қарасты шекаралық аймақта орналасқан ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты маңызды жиынды аудан прокурорының орынбасары Серік Баймолдаев ашып, күн тәртібіне қойылып отырған мәселе туралы айта келіп, жалпы ел қауіпсіздігін сақтау, оның ішінде, шекарадағы қауіпсіздік шараларына мұқият болудың маңызды екенін баса айтты.
Жиында ең алғаш аудан прокуратурасының аға прокуроры Жансерік Иса баяндама жасады.
-Құрметті мәжіліске қатысушылар!
Бүгінгі жиналыста қаралатын мәселелер – мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен шекараның тұтастығы және заңсыз есірткі айналымының алдын алуға арналып отыр. Бұл – өте маңызды.
Аудан прокуратурасымен жүргізілген талдаулардың нәтижесімен осы салада бірқатар проблемалық мәселелер анықталып отыр. Атап айтқанда, шекараны заңсыз кесіп өту мен заңсыз көші-қонды ұйымдастыру қылмыстары, «көлеңкелі экономика» фактілері бар.
Аудан аумағында мемлекеттік шекараның ұзындығы 79,5 шақырымды құрайды. Оның 52,5 шақырымы жазық дала, 27 шақырымы таулы аймақ. Шекара аумағында 5 бақылау мұнарасы орнатылған. Шекара аумағының таудың үстіңгі жағы мен белбеу жақтары (Көксай шатқалы) 5 шақырым инженерлік құрылғылары жоқ және автокөлікпен өту мүмкін емес. Ауданда Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтерінде «Б.Момышұлы» және «Ақсуат» шекара бөлімшелері орналасқан.
Аудан прокуратурасы 2021, 2022 және 2023 жылдың өткен кезеңінде аудан аумағында мемлекеттік шекарадағы құқық бұзушылықтың орын алуы мен себебіне, Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасы мен «Б.Момышұлы» шекара бөлімшесінің қызметінде заңдылықтың сақталуына және құқықбұзушылықтың алдын алу шараларының тиімділігіне талдау жүргізді.
Жуалы ауданы Қырғыз Республикасымен шекаралас болғандықтан, өткізу бекетінен тыс жерден шекарадан заңсыз өту, көші-қон ұйымдастыру, таруарлар мен ауыл шаруашылығы жануарларын өткізу құқық бұзушылықтары тіркелуде.
ҚР «Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңының 7-бабы 1), 2) тармақтарына сәйкес, Мемлекеттік шекараны қорғаудың құрамдас бөлігі ретінде Мемлекеттік шекараны күзету уәкілетті органдардың Мемлекеттік шекараның өтуін өзгертуге жол бермеуден, сондай-ақ Мемлекеттік шекара режимін және өткізу пункттеріндегі режимді бұзушылықтардың алғышарттарын, белгілері мен фактілерін анықтау және олардың жолын кесу жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізуден тұрады және Мемлекеттік шекараны күзету Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметіне жүктелген.
Алайда, шекара аумағында бірнеше рет бұзушылықтарға жол берілген. Атап айтқанда, 2022 жылы ҚК 392-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық, яғни шекараны заңсыз кесіп өтудің 3 жайты тіркелген және олардың барлығы «Б.Момышұлы» шекара бөлімшесінің аумағында орын алған.
Шекара басқармасы қызметкерлерімен ауыл шаруашылығы жануарларын шекарадан өткізуге қатысы бар тұлғаларды анықтау, әшкерелеу жөніндегі жедел-іздестіру шаралары мүлдем сын көтермейді. Жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмеуі шекара басқармасымен мемлекеттік шекараның сапасыз күзетілетінін және басқару, ұйымдастыру жұмысының төмендігін көрсетіп отыр.
Сол сияқты, есірткіге байланысты қылмыстармен күрес мәселесі де сын көтермеуде. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы аудан аумағында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 15 қылмыстық іс тіркелсе, 2023 жылдың өткен кезеңінде 15 қылмыстық іс тіркелген (оның ішінде, ҚК-тің 296-бабы-12, ҚК-тің 297-бабы – 2, ҚК-тің 300-бабы-1 факт).
Есірткі айналымына қатысты тіркелген қылмыстық істерді зерделеу барысында көптеген жағдайда 30 бен 50 жас аралығындағы тұлғалармен жасалғаны белгілі болды. Олардың 85% жұмыссыздар. Аудан аумағында мектеп оқушылары немесе колледж студенттерімен есірткі айналымына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар орын алмаған.
Аудандық полиция бөлімімен тұрақты түрде «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатқанымен, бұл бағыттағы жұмыстар соңғы екі жылда мардымды нәтиже бермей отыр. Сонымен қатар, есірткі бизнесі онлайн форматына көшіп, заңсыз сату тұтынушымен тікелей байланыссыз жүзеге асырылуда.
Аталған тəсілмен күресу үшін ҚК-тің 297-бабы «электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы» (5-тармақ) жəне есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген (ҚК-тің 299-1-бабы). Айта кететін тағы бір жайт, есірткі заттарын интернет арқылы заңсыз сату дерегі республика бойынша үш есеге өскен.
Аудандық орман шарушалығы және жануарлар дүниесін қорғау басқармасына қарасты Мойынқұм ауданындағы жер учаскелерінде жабайы қарасора алқаптары бар екендігі туралы ақпарат бар. Алайда, аудан аумағында жабайы өсетін қарасора алқаптарын анықтау және жою бойынша жұмыстар мүлдем жоқ.
Жоғарыдағылардың негізінде жергілікті атқарушы органдар мен полиция органдарына және басқа уәкілетті органдарға есірткі айналымына байланысты қылмыстарға тосқауыл қою жұмысын жандандыру қажет,- деді Жансерік Иса.
Жиында қаралған күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов, Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы Бекислам Абуов және аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Ықылас Әміреев өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Жауаптылардың баяндамасынан кейін жиын төрағасы, аудан прокурорының орынбасары Серік Баймолдаев күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты оларға бірқатар нақты сұрақтар қойып, жалпы шекарадаға қауіпсіздік және заңсыз есірткі айналымының алдын алуға байланысты жұмыстарды ширатудың қажеттігін айтып, басқа да ұсыныстарын жеткізді.
Жиында аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев мемлекеттік шекара аумағына, оның ішінде, Көксай шатқалының аумағына ескерту тақтайшасын орнату және мемлекеттік шекараға байланысты тұрғындардың арасында түсіндірме жұмыстарын көбірек жүргізудің қажеттілігіне баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.
Жиында сөз алған басқа да жауапты азаматтар күн тәртібінде қаралған мәселелердің төңірегінде ой бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.
Басқосуды аудан прокурорының орынбасары Серік Баймолдаев қорыта келіп, шекарадағы қауіпсіздікті нығайту мәселелері бойынша жауапты тұлғаларды бірлесіп әрі нәтижелі жұмыс жасауға шақырды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close