Basty bet

Халықты ынтымаққа үндейтін игі дәстүр

Халқымыздың тұрмыс-салтында ежелден желісі үзілмей келе жатқан игі дәстүрлер өте көп. Соның бірі – асар. Көпшіліктің көмегін пайдаланып шөп шабу, егін жинау науқандарына, сондай-ақ үй салу сияқты ауыр жұмыстарды атқаруда ағайын-туыстың және көрші-қолаңның көмекке мұқтаж жанға бірлесе көмек қолын созуын асар деп атаймыз. Бұл – халықтың қайырымдылығы мен ұйымшылдығын танытатын игі дәстүр. Бұл дәстүр бізден басқа қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен халықтарына ортақ әрі өте ертеде пайда болған.
Міне, халқымыздың қиналған жанға қол ұшын беру, сүрінгенге сүйеу бола білетін қасиетінің арқасында осынау дәстүр елімізде қайта жанданып, жаңа заманға сай жаңаша сипат алуда. Бұл қазақ дейтін халықтың мәрттігін ғана емес, бауырмалдығын және көпшілдігін әйгілейтін дара қасиет.
Жамбыл облысында өңірдің бұрынғы әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы өз жалғасын тауып келеді. Осынау игі дәстүрдің аясындағы жұмыстар қасиетті Жуалы ауданында да жоғары деңгейде атқарылу үстінде. Жоба басталғалы бергі айналасы төрт-бес жылдың бедерінде ауданда көптеген отбасы баспаналы болды. Бұл – үлкен мәні бар қуанышты оқиға.
2023 жылы «Асарлатып үй салу» жобасының аясында ауданда жыл аяғына дейін барлығы 14 тұрғын үй тапсырылу жоспарланып отыр. Оның ішінде, жаңадан бой көтеретін тұрғын үй құрылыстарының саны – 7. Олар ауданның орталығы – Б.Момышұлы ауылы, Ақсай, Билікөл, Қарасаз, Күреңбел, Мыңбұлақ және Шақпақ ауылдық округтерінде.
Мұның ішінде, Шақпақ ауылдық округінде жобаның аясында ауылдық округтің орталығында тұратын көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен әрі тұрғын үйге мұқтаж Мұхтар Саурықов және Гүлнұр Сапарбекованың отбасына жаңадан баспана салынуда.
-Құрылыс жұмыстарының басталғанына біраз уақыт болды. «Асарлатып үй салу» жобасының аясындағы жұмыстарға ауыл тұрғындары ұйымдасып, оның ішінде, жобаға жергілікті кәсіпкерлер және қалталы азаматтармен қатар, баспана иесінің құрбы-құрдастары түгел атсалысу үстінде. Қазір көлемі 10х12 метрді құрайтын үйдің іргетасы құйылып үлгерді. Ендігі кезекте қабырғасын көтеруге негіз жасалып, оған қажетті кірпіштер Түркістан облысының Түлкібас ауданынан тасымалдануда. Жақында шеберлер үйдің қабырғасын қалап, одан кейін шатырын жабу және сылау, тағы басқа қосымша жұмыстарды атқарады деп күтілуде.
– Жалпы жұмыстар өз уақтысымен жүріп жатыр. Мұны ең біріншіден көпшіліктің ақ тілеуімен және олардың тікелей атсалысуымен жүргізіліп жатқан игі шара деп бағалап отырмыз. Халық дәстүріндегі ізгі бастамаға қолдау көрсеткен барша ауылдастарға және мұқтаж жанға көмек қолын созған жаны жомарт, қайырымды азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Еліміз аман, бейбітшілік заман болсын. Халқымызды, ауыл тұрғындарын бауырмалдыққа және ынтымақ-бірлікке үндейтін асар дәстүрі алдағы жылдары да өз жалғасын табады деп сенемін,- дейді Шақпақ ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы Қанат Кайпов.
Одан бөлек, «Асарлатып үй салу» жобасының аясында тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға баспана салу және күрделі жөндеу жұмыстары Мыңбұлақ ауылдық округінде, Ақтөбе, Жетітөбе, Көкбастау және Нұрлыкент ауылдық округтерінде (күрделі жөндеу жұмыстары) атқарылуда. Ал Боралдай, Қошқарата және Қызыларық ауылдық округтерінде бір-бір отбасына тұрғын үй сатып әперіледі деп күтілуде.
«Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі», – дейді халық даналығы. Осындай халықтық қайырымды ұстанған аудан халқы асар дәстүрінің жалғасын табуына белсене атсалысып келеді.
Бұл игі дәстүрдің баспана тауқыметін тартып жүрген отбасылардың мүшелерін шаттыққа кенелтіп, жан жүрегін мейірімге бөлейтіні анық.
Еркебұлан МЫРЗАБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
конвергенттік журналистика мамандығының 2-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close