Basty bet
«АгроТехМенеджмент» ЖШС-ның YTO тракторлары таныстырылды
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасын өркендетумен бірге, ауылдағы ағайынның еңсесін тіктеп, тұрмыстық табысын арттыратын аса маңызды салалардың бірі екені дау тудырмайды. Ауыл шаруашылығы саласы экономиканың жаңа драйвері екенін ескерсек, бұл орайда ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешеннің жан-жақты дамуына мемлекет те басымдық беріп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жылсайынғы дәстүрлі Жолдауларында аталған саланың жұмысына серпін беру, оны жаңа технологиялармен қамтамасыз ету ісіне ұдайы ден қойылып келеді.
«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» аталатын биылғы жаңа Жолдауда да агросаланың жұмысы назардан тыс қалған жоқ. Аталған бас құжатта Президент агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту ісінің өте маңызды міндет екенін айта келіп, биыл көктемдегі тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, ел диқандары егін егу жұмысын дер кезінде аяқтап, күзгі астық жинау кезінде мол өнімге қол жеткізгеніне ризашылығын білдірді.
Өткен аптада ауданда 2025 жылға өңірдегі көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстары бойынша семинар ұйымдастырылып, онда өңір шаруалары аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында өзара тәжірибе алмасып, жаңа техникалармен де танысты.
Семинарды аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов ашып, биыл өңірде ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жүйелі жұмыстардың бірқатарын атап өтіп, алдағы көктемгі дала жұмыстарына дайындық кезінде шаруалардың тарапынан атқарылуға тиісті жұмыстарды да атап өтті. Онда негізінен егістік жерлерді тиімді игеру мен өңдеу арқылы мол өнімге қол жеткізуге болатыны, тиісінше, агротехникалық талаптарды сақтау, жаңа технологияларды батыл енгізудің жайы, минералды тыңайтқыштардың пайдасы, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игеруге жаңа техникалардың қажет екені, онымен бірге, ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңартуға баса көңіл бөлудің жайы да жан-жақты айтылды.
Айта кету керек, семинар барысында Қытайдан Қазақстанға ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізуші жетекші компаниялардың бірі – «АгроТехМенеджмент» ЖШС-ның Тараз филиалының директоры Ернұр Нұржігітов, ауыл шаруашылығы техникаларына арналған цифрлық қондырғылар орнатумен және түрлі минералды тыңайтқыш өндірумен айналысатын белгілі компаниялар – «Dargos», «BAYDALA» ЖШС-ларының оңтүстік өңірлер бойынша ресми өкілдері Расул Әмірбеков және Тимур Төреқұлов өз өнімдері туралы кеңінен әңгімелеп, жергілікті шаруаларға қызмет көрсету мен өнім түрлерінің пайдасымен қатар, нарықтағы бағалары туралы кеңінен таныстырылым жасады. Жиынға қатысушы шаруалар өз кезегінде ауыл шаруашылығы техникаларының қуаттылығы, бағасы және жаңа техникалар берілетін сатып алған кезде мемлекеттен субсидияны алудың жолдары туралы компания өкілдерінен сұрап білді.
Иә, Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы жылдан жылға қарқын алып, жаңа заманға сай дамып келеді. Агроөнеркәсіп кешенін жаңа технология мен жаңа техникаларсыз дамыту мүмкін емес. Сондықтан шаруаларға ауыл шаруашылығы техникаларының паркін ұдайы жаңартып отыру қажет. Бұл орайда елге жаңа техникалар жеткізуші «АгроТехМенеджмент» ЖШС – қытайлық YTO тракторларының ресми дистрибьюторы және Қазақстан Республикасындағы LiuGong арнайы техникасының ресми дилері болып табылады. Компания тракторларды қуаттылық диапазонында 40-тан 280 аттың күшіне дейін жеткізуді мақсат тұтады. Компанияның сату бөлімдері Қазақстанның 15 өңірін, оның ішінде Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласының Санырақ батыр №47 мекен-жайында орналасқан.
-Көкшетау қаласындағы «Kazrost Engineering» ЧК зауытының базасында Қазақстанда 40 аттың күшінен, 50, 60, 80, 90, 140, 175, 220 аттың күшіне тең тракторлар өндірісі локализацияланған. Техниканың осы модельдеріне мемлекеттен 30%-ға дейін субсидия бөлінеді. Сонымен қатар, 2025 жылдың қаңтарында компания сол зауытта қуаты 280 аттың күші болатын тракторды оқшаулауды (құрастыруды) жоспарлап отыр. «Агротехменеджмент» компаниясы жеткізетін барлық YTO техникасына екі жыл мерзімге кепілдік беріледі.
Сонымен қатар, «Агротехменеджмент» компаниясы LiuGong құрылыс, жол, жер қазу техникасын бір жылға дейін немесе 2000 мотосағатқа дейін кепілдік қызмет көрсетумен қамтамасыз етеді, сондай-ақ, кейбір модельдерге 5000 мотосағатқа дейін кеңейтілген кепілдік таратылады. Бүгінгі таңда LiuGong табыс тарихының үлгісі болып табылады және 19 өнім желісін ұсынады. Компания Польша, Бразилия, Үндістан және Аргентинадағы зауыттарды қоса алғанда, 21 өндірістік кәсіпорынға иелік етеді және 130-дан астам елде 300-ден астам дилері бар.
«Агротехменеджменттің» әрбір филиалында сервистік паркі мен қойма алаңдары бар. Соның есебінен техникаға қызмет көрсетуде барынша жеделдікті қамтамасыз етуге қабілетті,- дейді «Агротехменеджмент» ЖШС-ның Тараз филиалының басшысы Ернұр Нұржігітов.
Семинардың негізгі бөлімінен кейін оған қатысушы шаруалар орталық алаңда «АгроТехМенеджмент» ЖШС-ның Қытайдан Қазақстанға жеткізілген YTO тракторларымен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, аудан шаруаларына YTOХ-1304, YTO Х-904 доңғалақты тракторлары және LiuGong маркалы қуатты әмбебап жүктиегіш (погрузчик) техникасы таныстырылды. Онда шаруаларға ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңартуға бағытталған ұтымды ұсыныстар айтылып, жаңа техникалардың сервистік қызмет көрсету құны да жан-жақты сөз болды. Қосымша айта кететін болсақ, осы уақытқа дейін жуалылық шаруалар YTO тракторларының 30-ға жуық бірлігін сатып алып, шаруашылық ісіне пайдалану үстінде. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық ретінде ұйымдастырылған семинар компания өкілдері мен шаруалар үшін де тиімді болды деуге негіз бар.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»