Basty bet

Жанұя һәм дәстүр жарастығы – Отанның биік беделі

Аудандық «Достық» мәдениет үйінің алаңында аудан әкімдігінің жанынан құрылған «Бастау» ресурстық тобының ұйымдастыруымен «Бастау: Ізгілік қалсын әр ізде…» айдарымен «Ақ отауға – ақ бата» тақырыбында жас отбасыларға арналған танымдық кеш өтті.

Ақ отауға – ақ бата
Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған салтанатты кешке аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, аналар алқасының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова және аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрилә Мәлібекова қатысты.
Кештің шымылдығы «Той жыры» әнімен бірге жас жұбайлардың театрландырылған көрінісімен ашылды. Сонымен қатар, «Жар-жар» әнінің ырғағымен жас жұбайлар ортаға шақырылып, жеке-жеке таныстырылды.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев сөз сөйлеп, жас отбасыларға ізгі тілектерін жеткізді.
Шара барысында жас отбасыларға неке куәліктері табысталып, «Халің қалай, ақ келін?» атты айдармен келіндердің және өмірде жігер беретін, дұрыс өмір сүруге бағыттайтын «Тамшы сөз бен қамшы сөз» айдарымен күйеу жігіттердің қатысуымен сұрақ-жауап, нақыл сөздерден ойтанымдық жарыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шарада мәдениет үйінің қызметкерлері әннен шашу шашып, би де билеп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сылай білді.

Қасиетіңнен айналдым, қара шаңырақ!
Әрі қарай кеш мәдениет үйінің үлкен залында «Қасиетіңнен айналдым, қара шаңырақ!» тақырыбындағы сырласу кешімен жалғасын тапты.
«Қара шаңырақ» әнімен бастау алған сырласу кешінде қасиетті қара шаңырақ турасында құнды деректер айтылып, шаңырақтың ұйытқысы, жылу берер, жарық берер шырағы аяулы аналар мен ақжарқын келіндер туралы да мағлұмат берілді.
Ізгілік нұрын сепкен кеште аудандық аналар алқасының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрилә Мәлібекова сөз сөйлеп, келін, ене болған кездеріндегі өмірлік тәжірибелерінен сыр шертті.
Шараға ауданымыздағы бір-бір әулеттің дана әжелері және олардың келіндері мен немерелері қатысты.
Атап айтар болсақ, тағылымы мол киелі шаңырақтың ақжаулықты анасы, Батыр ана атанған Ранай Аймағанбетова, мәдениет саласының ардагері, 40 жылдан астам ғұмырын кітапхана ісіне арнаған Бақыткүл Қанаева, үлгілі әже Мәрзия Баққараева, аудандық мұрағаттың меңгерушісі Ажар Ақбалаева келіндерімен және немерелерімен бірге көрермендердің қатарынан орын алды.
Қатысушы әжелер мен келіндері қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері «Ат тергеу», «Енші беру», «Сәлем салу», «Құрсақ шашу» рәсімдерінен көріністер көрсетті.
Кеш соңында көпбалалы ана Ранай апа көпшілікке қос алақанын жайып жіберіп, ақ батасын берді.

Отбасы – Отанымыздың алтын діңгегі!
Әрі қарай мәдениет үйінің алаңында отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру және отбасы құндылықтарын дәріптеу, бала тәрбиесіндегі ата-ананың көзқарасын кеңейту мақсатында «Отбасы – Отанымыздың алтын діңгегі» атты аға буын өкілдерінің жас отбасыларға кеңес беру алаңы өтті.
Кеңес беру алаңына аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, аналар алқасының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова және аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрилә Мәлібекова қатысты.
Шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов ашып, жүргізіп отырды.
Отбасы құндылықтары, шаңырақ шаттығының сырлары мен өз өмір жолдары туралы сөз қозғаған қонақтар жас отбасыларға жүрекжарды тілектерін білдіріп, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға тиянақты жауаптар беріп отырды.
Айта кету керек, өткізілген шараларға аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы, аудандық «Жастар ресурстық орталығы», аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемелері мұрындық болды.

 

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close