Basty bet

Маскүнемдік – қоғам дерті

Маскүнемдік бұл спиртті ішімдіктерге салынушылық. Бұл адамның денсаулығына, тұрмысына, еңбек қабілетіне және қоғам өміріне зиян келтіреді. Маскүнемдік мінез-құлықты бұзумен қоса, қылмысқа да итермелейді. Ішімдікке әуес адамдар өз отбасының, балаларының, тіпті өз туысқандарының берекесін алады, ортада құрметі кетеді. Мас адам бағыт-бағдарынан айырылып тәлтіректеп жүре алмайды, соның салдарынан бақытсыз жағдайға ұшырайды, жұмыс қабілетінен айырылады. Ішкіліктің болашақ ұрпаққа зиянды екендігі де дәлелденген: маскүнемнің балалары көп жағдайда ақыл-есі кем болып туады.
Ішімдікке салыну, тіпті аз мөлшерде ішкеннің өзінде де, созылмалы алкоголизмге ішпесе тұра алмайтын дертке шалдықтыруы, ішкі органдары кеселге ұшыратуы, адамның мінез-құлқын өзгертуі мүмкін. Ауру бірте-бірте өршиді. Маскүнемдікке салыну әуелі әуестіктен, соңынан әр нәрсені сылтау етіп, әйтеуір ішуді мақсат етуден, соны үйреншікті әдетке айналдырудан келіп туады. Бірте-бірте организм спиртті ішімдікке дағдыланады. Бұрынғы ішіп жүрген мөлшер ешқандай әсер етпейді, мастық күйге жету үшін әлдеқайда көп ішу қажет болады. Мас адам ашушаң,кінәшіл, тым батыл келеді. Ішпей бір қалыпты жүргенде бей-жай, көңілсіз күйде болып, сергу үшін қайтадан ішуге құмартатын адамдардың бар екені бәріне мәлім. Бара-бара адам ішпесе тұра алмайтын халге жетеді. Соның кесірінен адам күнделікті өмірінен алшақтап, ішімдікке қатты әуестеніп кетеді. Мас болу, ішімдікке қаражат құрту күнделікті үйреншікті іс болып қалады. Бірақ адам бұл ісімен бірінші өзіне, екінші кезекте айналасына зиян келтіріп жатқанын аңғармайды.
Маскүнемдіктің алғашқы сатысы шамамен 5-7 жылға созылады. Ішкілік дертіне шалдығудың екінші сатысы – бас жазу. Маскүнемдік өршіген сайын ішімдіктің қолайсыз әсері күшейе түседі: мастығы тарқағанда қолы қалтырайды, терлейді, ұйқысы қашады, өз-өзінен үрейі ұшып, мазасы кетеді. Басын жазғаннан кейін мұндай белгілері басылып, жадырағандай болады. Әуелі басын жазу үшін бір саптыаяқ сыра, не бір саптаяқ арақ жеткілікті, бірақ бара-бара мұның өзі көбейіп, тоқтаусыз, бірнеше күн қатарынан ішуге айналады. Маскүнемдер бірнеше айлап, тіпті жылдап күн сайын ішіп, мас болады, ертеңіне міндетті түрде басын жазады. Мұндайда (бірнеше күннен екі-үш аптаға дейін) спиртті ішімдіктерді өлшеусіз ішеді (күніне 1 литрге дейін,не 2 литрдей шарап), суррогаттарды да (әтір, политура) ішеді. Бірте-бірте мұндай жағдай жиілей түседі. Маскүнемдіктің екінші сатысында ішкі органдар мен нерв жүйелері едәуір зақымданады, қатты және созылмалы алкоголь психозы пайда болады – еліреді, көзіне әр нәрсе елестейді. Маскүнемдіктің екінші сатысы 10-15 жылға созылып, үшінші сатысына ауысады да, мидың жүйке клеткалары тұтастай зақымданады – алкоголь энцефалопатиясына ұшырайды. Мұндайда адам алкогольді көтере алмайды, спиртті ішімдіктің шағын дозасының өзі мас етеді. Еңбекке жарамайды, ақыл-есінен айырылады.
Статистика бойынша айтар болсақ, Қазақстан Республикасы әлем бойынша алкоголь тұтынудан ерлер арасында 11-орын, ал әйелдер арасында 19-орын алып тұр. Ал еліміздің алкоголь бойынша ішкі статистикасы мынандай: ерлер арасындағы алкоголь тұтыну көрсеткіші 9,52%-ды, ал әйелдер арасында 1,48%-ды құрайды. Алкоголь тұтыну жағдайына байланысты соңғы жылдарда елімізде бірқатар шектеулер жасалып, тыйым салынды. Яғни, алкоголь сатылымына бірнеше шектеу салынды, жасқа байланысты және алкогольдің жарнамасына байланысты бірнеше шектеулер қойылды. Сонымен қатар, мас болып көлік айдап ұсталған жүргізушілерге жаза қатаңдатылды.
«Қазақстан халқы неге ішімідік ішеді?» деген сұраққа мамандар халықтың көп стресске түсуінен деп жауап береді. Стрессогендіктен деп айтуға да болады. Яғни адамдар әртүрлі ортадан стресс алуынан ішкілікке салынады. Мысалы, жұмыстың әсерінен немесе үйдегі отбасылық жағдайдан адамдар стресс, апатия халіне түсіп, соның әсерінен алкогольге жүгінеді.Алкоголь тұтыну алкоголизм өсуіне әсер етіп жатқандықтан қазірге таңда бұл басты назарға алынуы тиіс әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Алкогольден планетамыздағы 20-шы адам қайтыс болуда, соның 75%-ы ер адамдар. Сондықтан алкоголь мәселесін бейжай қалдырмай алдын алуға, адамдардың жақсы жаққа бұруға арнайы іс-шаралар жасалуы тиіс.
Ауру асқынбай тұрғанда – созылмалы маскүнемдікке дейін – әркімнің ішімдіктен бас тартуына болады. Тек өзіне ерік беріп, ішімдікке салынудың денсаулығына да, туыстары мен жора-жолдастарына да, қоғамға да зиянды екендігін түсінсе болғаны. Созылмалы маскүнемдікке шалдыққан адам, әдетте, еркінен айырылып, үйренген дағдысынан бастарта алмайды. Алайда маскүнем осы аурудан арылуға өзі ұмтылмаса, оны емдеу шараларын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес. Сонымен бірге, дәрігерге неғұрлым ертерек, аішімдіктің уытты зардабы бойға сіңбей тұрғанда қаралғаны жөн. ҚР Денсаулықсақтау министрлігінде созылмалы маскүнемдікке шалдыққан адамды міндетті түрде емдеудің алғашқы қурсы бекітілген. Бұл курс 1 жыл ұдайы бақылау және емдеу мерзімінен тұрады, осыдан кейін (егер осы уақытта аузына ішімдік алмаса) 2 жылдай бақылауда болады. Емдеудің басты мақсаты – маскүнем спиртті ішімдіктерді аузына алмауына қол жеткізу. Емдеуден кейін аздап ішсе де, ол қайтадан маскүнемдікке соқтырады. Емдеудің негізгі үш кезеңі бар: олар – алкогольден улану зардабын жою және жалпы көңіл-күйін қалпына келтіру; ішімдікке әуестік әдетті жойып, спиртті ішімдіктерге жиіркеніш тудыру және оған төзе алмаушылықты қалыптастыру; аурудың қайталамауына бағытталған емдік шараларды ұзақ уақыт қолдану. Дәрі-дәрмекті және психотерапияны қолданумен қоса, ауру адамды қамқорлыққа алудың, тұрмыс жағдайын түзейтін әлеуметтік шаралар жасаудың айрықша маңызы бар. Маскүнемдерді емдейтін арнайы наркологиялық қызмет орындары – республикалық, өлкелік, облыстық, қалалық наркологиялық диспансерлер, сондай-ақ наркологиялық стационарлар бар. Сонымен бірге еңбекке қатыстыра отырып жартылай стационарда емдеу (мәселен,күндізгі стационарлар мен өнеркәсіп орындары жанындағы түнгі профилакторийлер)түрлері қолданылады. Ауылдық жерлерде маскүнемдерді емдеу үшін аудандық орталық аурухана жанынан наркологиялық кабинеттер ұйымдастырылған. Қажет болған жағдайда маскүнемдерді психиатрия ауруханасының жанындағы арнайы наркологиялық бөлімге жібереді. Заң бойынша емделуден бас тартқан, не емделгеннен кейін спиртті ішімдіктерді ішуін тоқтатпаған маскүнемдерді еркінен» тыс ықтиярсыз емдету және еңбекпен түзеу шаралары, халық сотының шешімі бойынша дәрігердің қорытындысы болған жағдайда)емдеу-еңбекпен түзеу мекемелерінде (профилакторийде) 1 жылдан 2 жыл мерзімге дейін жүргізіледі. Мастықтың әсерінен ауруға шалдыққан адамға аурулығы туралы парақ берілмейді және де уақытша еңбекке жарамсыздығы жөніндегі жәрдем төленбейді.
Спиртті ішімдікке салыну салдарынан өз жанұясының материалдық жағдайын ауырлатқан адамдарға, сот арқылы жанұясына жәрдем көрсетуі міндеттеледі.

Зоя Бердіходжаева,
аудандық емхананың психиатр- нарколог дәрігері

Таңдаулы материалдар

Close