Basty bet

Президент Жолдауы – басты бағдарымыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел дамуының алғышарты. Айт кету керек, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлының халыққа арнаған бұл кезекті Жолдауы пандемиямен күрес кезінде белсенділік танытқан дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғыс айтудан басталды. Себебі, коронавируспен күресте алғы шепте болып, тіпті өз бастарын қатерге тігіп, індетпен күрескен медицина қызметкерлері қандай құрметке де лайық.

«Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшіні бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды»,- деп атап өтті Президент.
Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін жоспарлы жұмыс істеудің, халықтың бір мақсатта болуы бәрінен маңызды болмақ. Апта басында аудан әкімі Нарбай Ергебеков Президент Жолдауын түсіндіру үшін аудан орталығымен іргелес орналасқан Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылында болып, тұрғындармен кездесті. Даңқты қолбасшы Б.Момышұлы мемориалдық музейінде өткен кездесу барысында аудан әкімі Н.Ергебеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел дамуының алғышарты екеніне кеңінен тоқталды.
-Өздеріңізге белгілі, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы халқымыз күрделі кезеңмен бетпе-бет келген қиын кезеңде жарияланып отыр. Президент аталған құжатта ең алдымен пандемиямен күрес жүргізуге атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді. Аты жаман індетпен күресте біздің қазақ халқының бір-бірлеріне деген жанашырлығы, қиын кезеңде қиналғанға қол ұшын созып, жақынымызға жәрдем ете алатын асыл қасиеттерімізді ашып көрсетті. Бұл – біздің жеңісіміз. Алдағы уақытта да осы ынтымағымызды ары қарай бекемдей түсейік.
Жаңа Жолдауда елдің алдағы дамуын, даму мен өркендеуге қатысты бағыт-бағдарлары айқындалды. Президент ең алдымен қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалуға көңіл бөліп отыр. Қазір жағдай өте күрделі. Індет ел экономикасына орасан зор шығын келтіріп, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне көптеген өзгеріс әкелді. Жаңа жағдайдағы іс-қимылымыздың қандай болмағы Жолдауда жан-жақты айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын негізгі 11 басымдықтан тұрады. Атап айтар болсам, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму, теңгерімді аймақтық даму, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының артуы, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық саласын дамыту, экологиялық және биологиялық әркелкілікті қорғау, тағы да басқа бағыттары еліміздің алдағы дамуын айқындып берді деп санаймын. Ұзақмерзімді даму стратегиясы болмайынша ел де ары қарай дамып, өркендей алмайды. Сол себептен бас құжатта айтылған мақсат-міндеттерді сапалы жүзеге асыру сіз бен бізге байланысты,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Жиын барысында ауыл тұрғындары да белсенділік танытып, аудан басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кейбір мәселелерді ақылдасып шешу қажеттігін де тоқталды. Тұрғындардың атынан сөз алған ауылдың қадірменді қариясы Аманжол қажы Дүрәліұлы Президент Жолдауының маңыздылығына тоқталып, жиналғандарды басым бағыттарды жүзеге асыруға күш біріктіру қажеттігін еске салды. Жиынды аудан әкімі Н.Ергебеков қорытындылады.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close