Basty bet

Ұлылардан ұлағат

«Біз майданда болдық. Белуардан қан кешіп, тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн-түн демей еңбек етіп, Жеңіс үшін тер төктік. Осының бәрін біз тарих алдында, Отан алдында, адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды ақтау үшін істедік. Сөйтіп, оны абыроймен ақтадық. Бұл Жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары да аз емес. Қол-аяғын беріп, елге мүгедек болып қайтқан ерлеріміз де аз емес. Ұлы Отан, туған елім, туған жерім. Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бірде-бір семья жоқ. Соғыс қайғысы, соғыс мұңы әрқайсымыздың басымыздан өтті. Солдаттың сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсымыздың басымыздан өтті». Даңқты қолбасшы, Отан соғысының басты қаһармандарының бірі, қазақ халқының аймаңдай перзенті Бауыржан Момышұлы соғыс туралы осылай толғайды. Қан майданды өз көзімен көріп, от пен оқтың ортасынан аман келген хас Батырдың бұл сөзі соғыстың қалай болғанын, тылдағылардың ауыр еңбегін түсінікті етіп суреттеп тұр емес пе?!

«Қадірін білмепппіз ғой тірі кезде, Деп жылар, сорлы қазақ мен өлгенде. Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, Тарихтың түкпірінен сөз келгенде» де келер күнді сұңғылалықпен алдын ала болжай білген Батырдың мерейтойлары өзінің кіндік қаны тамған қасиетті Жуалы жерінде аталып өтіліп келеді. Соның бірі – 2010 жылы өткен Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы. «Батыр тойы – ел тойы» деген ұранмен бұл маңызды іс-шараға барша халық атсалысқаны белгілі. Иә, тойдың болғанынан боладысы қызық. Батыр тойына Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақтар келді. Ел басқарып жүрген лауазымды кісілер де Жуалы жерінің қасиетті топырағына табанын тигізді. Батыр тойына шақырылған құрметті қонақтардың арасында Халық жазушысы, майдангер Әзілхан Нұршайықов, сонымен қатар, тарих ғылымдарының докторы, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған да болған еді.
Аталған екі азамат Жуалыға келген сапарында Нұрлыкент ауылының тұрғыны, зейнеткер ұстаз, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рәтбек Беркімбайдың шаңырағында қонақта болған еді. Қазір мұны біреу білсе, біреу білмес. Ол туралы зейнеткер ұстаздың өзі бізге айтып берді.
-Иә, Баукеңнің 100 жылдығына байланысты Батыр тойына Жуалыда дайындық қызу жүріп жатты. Тойға бір күн қалғанда үйдің телефонына қоңырау түсті. Тұтқаның ар жағындағы дауыс: – Сізді тойға келген құрметті қонақтың бірі Бүркітбай Аяған іздеп жатыр. Аудан орталығына келуіңіз керек. Сізді үйіңізден алып кетеміз,- деді телефон шалған жігіт. Уақыт түнгі сағат 12-лерге таяп қалған. Тездетіп киініп, көлікпен орталықтағы «Береке» дәмханасына келдім. Бүркітбай мені үстел басында күтіп отыр екен. Екеуміз біраз әңгімелесіп, өткен күндерді еске түсіріп жатырмыз.
Бүркітбайдың мені іздейтін себебі, 1972 жылы оқуға түсе алмай қалдым. Содан бізді Алматы облысының Талғар ауданына бүкілодақтық құрылыс жасағының құрамында жұмысқа жіберді. Сонда барған азаматтар «Жетіген» кешенінің құрылысына атсалыстық. Бүркітбай екеуміз сонда танысып, жақын дос боп кеттік. Алматы қаласында қызығы мол студенттік жылдарды да бірге өткізген болатынбыз. Ол Шығыс Қазақстан облысының түлегі, мен оңтүстіктен болсақ та, арамызды адал достық жалғастырып тұрды.
Елімізге белгілі тарихшы, айтулы азамат Бүркітбай Аяған бірқатар лауазымды жауапты қызметтерді атқарған. Қазіргі таңда Мемлекет тарихы институтының директоры қызметін абыроймен атқаруда.
Сонымен, ертеңіне Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы өзінің кіндік қаны тамған туған жерінде дүрілдеп өтті. Той аяқталған соң Бүркітбай біздің үйге қонаққа келді. Сонда ол кісінің жанында Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов та болды. Асықпай, кең отырып, әңгімелестік. Отбасымыз, жұмысымыз жайлы сұрады. Қонақтар жұбайым Еркіншай Қораласбайқызы жайған ақ дастарқаннан дәм татты. Қазақи дәстүрмен жазушыға қойдың басын тарттық. Бүркітбай досыма да дәл осындай сый-құрмет көрсеттік. Сонда бір байқағаным, марқұм Әзілхан атамыз өте қарапайым кісі екен. Қайтарында ақ батасын беріп, аттанды. Содан шамамен үш ай уақыт өтпестен Әзілхан Нұршайықов дүниеден өтті деген суық хабар жетті…
«Жақсыдан – шарапат» демекші, осыдан он жыл бұрын Батырдың 100 жылдығында болған осы оқиғаны біз отбасымызбен үнемі еске алып отырамыз. Баукеңнің 110 жылдығы тұсында осы оқиға тағы да ойымызға түсті. Ұлылар келеді, ұлылыр кетеді. Кеше ғана арамызда аман жүрген жазушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әзілхан Нұршайықов қазір ортамызда жоқ. Бұл кісі өз кезегінде даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының өмірі туралы «Ақиқат пен аңыз» деп аталатын кітап, басқа да танымдық дүниелер жазып, кейінгі жас ұрпаққа қалдырды. «Ұлылар өнегесі» дегеніміз осы шығар,- дейді Рәтбек Қасымбектегі.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close