Basty bet

Демократиялық өзгерістерді тереңдету жолында

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізу мерзімі белгіленді. Осыған орай Мемлекет басшысы отандастарға Үндеу жариялады.
1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған кезден бастап, мен ауданда «Мехрибан» әзербайжан этномәдени бірлестігін құрдым. Содан бергі аралықта ұлттар арасындағы достық пен татулықты ту етіп көтеріп, ынтымақ пен береке-бірлікті жалықпай-талмай насихаттап келемін.
Мен 2012, 2016 жылдардағы аудандық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты болдым. Алғаш 2012 жылы қаңтар айында өткен сайлауға Ақсай сайлау округінен қатыстым. Елбасының гендерлік теңдік саясаты мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті өкілді органдарда этностар өкілдігін қамтамасыз ету қажет деген талабының арқасында нәзік жанды әрі өзге ұлт өкілі болып, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайландым.
2016 жылғы шақырылымда сайлауға Мыңбұлақ сайлау округінен қатыстым. Бұл кезеңде Талапты ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте ағымды жөндеу жүргізілуіне, ауыл көшелерінің жолдарының жөнделуіне, жарықтандырылуына мұрындық болдым. Мәслихат депутаты бола жүріп, сайлаушылардың талап-тілектері мен аманатын тиісті орындарға жеткізіп, орындалуына барынша күш-жігерімді жұмсағаным үшін өзімді бақытты сезінемін.
Қазір елімізде демократиялық өзгерістер тереңдей түсіп, халықты мемлекет басқару ісіне барынша жақындату үдерісі жүруде. Осы мақсатта алдағы 2021 жылы өтетін сайлау партиялық тізім бойынша өтіп, заң шығару және өкілдік органдарда барлық саяси күштердің көрініс табуы қамтамасыз етілмек. Өзім Президенттің бұл бастамасын қуана қолдаймын.
Эсмира МАМЕДОВА,
аудандық мәслихаттың депутаты.
«Мехрибан» әзербайжан
этномәдени бірлестігінің төрайымы

Таңдаулы материалдар

Close