Basty bet
Басты бағыт – еңбекке ынталандыру
Әлеуметтік сала – еліміздегі салалардың ең маңыздысы. Аталған салада 2020 жылы елеулі өзгерістер орын алғалы отыр. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдемелері жұмыс істейтін болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Үкімет алдына атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тетігін, оның ашықтығын, әділдігін және еңбекке деген ынтаны қамтамасыз ету мақсатында түзету, сондай-ақ табысы төмен отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы енгізу қажеттігі туралы нақты міндет қойды.
Өткен жылдың 1 сәуірінен бастап кедейлік шегі 50 пайыздан 70 пайызға дейін өсті (14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін). Аз қамтылған отбасының әрбір баласына 20789 теңге немесе ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде белгіленді. Сонымен қатар, шартсыз ақшалай көмек көрсету мерзімі 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды.
2019 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу бойынша аудандағы 14 ауылдық округ және Халықты жұмыспен қамту орталығы аз қамтылған 16216 адамы бар 3282 отбасынан өтініштер қабылдады. Оның ішінде шартсыз ақшалай көмекке 839 адамы бар 220 отбасы және шартты ақшалай көмекке 13042 адамы бар 2613 отбасының өтініштері оң шешімін тапты. Барлығы 13881 адамы бар 2833 отбасына жалпы сомасы 1 млрд 838 млн 479 мың теңге көлемінде көмек тағайындалып, төлем жүргізілді.
2019 жылдың 1 сәуірінен бастап енгізілген АӘК тетігінде оң және теріс фактілер де орын алды. Біріншіден, мұқтаж отбасылар мемлекеттен нақты қолдау алып, олардың жартысы көпбалалы, сондай-ақ кейбіреулері табысы аз санаты қатарынан шыға алды. Мысалы, ағымдағы жылы 1518 көпбалалы отбасыға 956340,0 мың теңге АӘК төленді. Екіншіден аталған атаулы әлеуметтік көмек халықтың әл-ауқатының көтерілуіне біршама жағдай жасағанымен, жекелеген топтар осы жәрдемақы аясында әлеуметтік шиеленістер туғызып, басқа да жағымсыз әрекеттерге барды. Мәселен, АӘК тағайындау және төлеу барысында кемшіліктерді жою үшін ҚР «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-на 481 отбасының тізімі жолданған, оның ішінде 120 отбасыға заңсыз тағайындалған (жалған мәлімет ұсынған, табыстарын жасырған) 20080,5 мың теңге бюджетке қайтарылуы қажет. Бүгінгі күнге 9908,3 мың теңге 94 отбасынан қайтарылды. Қалған қаражаттарды қайтару бойынша жұмыс жалғасуда (өз еркімен қайтарту, сотқа беру және т.б). Қалған 361 отбасы бойынша қайта есептеу жүргізілді (жәрдемақы мөлшері өзгерді, төлемдері жалғасты).
2020 жылдың 1 қаңтарынан енгізілетін атаулы әлеуметтік көмектің басты бағыты – еңбекке ынталандыру. Ұсынылып отырған жаңа ұстанымдар көпбалалы аналарды қолдауды, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмекті мұқтаж отбасына тағайындауды, кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын болады. Осыған байланысты, келесі негізгі тетіктері ұсынылады:
Біріншіден, табысы аз отбасылардың 50%-ға жуығы көпбалалы отбасылар. Осыған байланысты, олардың табысына қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақы тағайындау. Көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны бала санына қарай 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін төлем ұсынылады.
Бүгінгі күнге аудан бойынша 2018-2019 жылдары төрт баласы бар 384 отбасының тізімдері нақтыланып, отбасының мекенжайымен құжаттары рәсімделді. Бұрынғы жылдары рәсімделген 4 және одан көп балалары бар көпбалалы отбасыларына жаңа жәрдемақы автоматты түрде тағайындалып, төленетін болады.
Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс:
1. АӘК-тің тоқсан сайынғы тағайындау тәртібін қайтару, яғни шартты және шартсыз көмекті 3 айға тағайындау.
Бұл АӘК алушылардың табысын жасыру мүмкіндігін асыра пайдалану жағдайларын барынша төмендететін болады.
2. Барлық отбасы мүшелеріне АӘК орта табысымен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төлеу.
3. Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған белсенді жұмыспен қамту шаралардан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылатын болады.
Сондай-ақ, бала күтімімен айналысатын ата-аналарға баласы 3 жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығы беріледі.
АӘК тағайындаудың жоғарыда көрсетілген өзгерген тәсілдеріне байланысты 2020 жылы аудан бойынша 1307 отбасына (6511 адам) АӘК көрсетіледі деп жоспарлануда. Осы мақсатқа републикалық бюджеттен 536,3 млн теңге, жергілікті бюджеттен 247,3 млн теңге, облыстық бюджеттен 164,8 млн теңге қарастырылуда.
4. Учаскелік комиссиялар жұмысын күшейту.
2019 жылы жеке қосалқы шаруашылықтарында үлкен көлемде болған мысалдар аз емес. Бұл жағдайлар учаскелік комиссиялардың жауапкершілігінде болып отыр. Сондықтан, учаскелік комиссияның қорытындысына АӘК беруге мұқтаж емес отбасыларды тағайындаудан бас тарту негіздерін толықтыру ұсынылды.
Учаскелік комиссия – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылы 28 қаңтардағы №29-п бұйрығымен бекітілген учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережеге сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия.
Комиссиялардың негізгі міндеті ауылдық жерлерде – ауыл, ауылдық округ әкімдеріне халыққа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек немесе жергілікті өкілетті органдар бекітетін әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмек көрсету, олардың атаулылығын арттыру жөніндегі қызметіне жәрдемдесу болып табылады.
Бүгінгі таңда аудан бойынша Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппараты және 13 ауылдық округте 14 учаскелік комиссия қызмет атқарады. Осы учаскелік комиссиялар қызметінде қолданатын мұқтаждықты анықтау критерийлері бойынша учаскелік комиссиялар туралы Ережеге өзгеріс енгізу, яғни отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімін 3 күннен 7 күнге дейін ұзарту ұсынылды.
2019 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда жіберілген кемшіліктер тікелей учаскелік комиссиялардың қызметімен байланысты болғандықтан, (елді мекендерде өтініш берушілердің АӘК алу үшін жеке қосалқы қожалықтарындағы малдары көрсетілмеген), яғни Үкімет алдына қойылған атаулы әлеуметтік көмекті төлеу міндетін орындау мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауылдық округтердің әкімдері учаскелік комиссия құрамын қайта қарап, учаскелік комиссиялардың жаңа құрамын құру туралы шешім қабылдау қажет. Яғни комиссияның жұмысын күшейту мақсатында үкіметтік емес ұйымдарының белсенді мүшелерін, сонымен қатар қоғамдық кеңес мүшелерін қосуды ұсынамыз.
Үшіншіден, Мемлекеттік атаулы көмек туралы заңы табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілді әлеуметтік топтаманы енгізумен кеңейтіледі деп күтілуде.
Мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етілетін болады. Ал, оқушы балалар үшін мектептерде тегін ыстық тамақты, күнделікті мектепке дейін және кері тегін жол жүруді, сондай-ақ мектеп формасы мен оқу құралдары мемлекет есебінен берілетін болады.
2020 жылға АӘК-дан үміткер отбасылардың 1-6 жастағы және 6-18 жастағы балалар саны ауылдық округтегі мамандармен зерделеніп, анықталды. Аудан бойынша АӘК-ға үміткер отбасылардың 1-3 жастағы балалар саны – 587-ні, 3-6 жасқа дейінгі балалар саны- 901-ді және 6-18 жастағы балалар саны 3351-ді құрады.
2020 жылға бұл жоба бойынша АӘК-дан үміткер отбасылардың 1-6 жастағы 1488 балаға 54236,0 мың теңге қаралып отыр. Жоба мемлекеттік сатып алу Заңына сәйкес іске асырылады.
Керімхан ТӨРЕҚҰЛОВ,
аудан әкімдігінің
жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің басшысы