Basty bet

Қос азаматтың өнегелі ісі

Бауыржан Момышұлының: «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып істе» деген аталы сөзі бар. Бұл сөздің мән-мағынасы терең және ұрпаққа берер ұлағаты көп. Осындай аталы сөздерді бойына сіңіріп өскен азаматтар да елінің мақтанышы болуға асық болары анық. Елі мен жеріне қашанда емірене қызмет еткен азаматтар халқының жүрегінен мәңгіге орын алады және ешқашан да ұмытылмайды.
Ауыл – біздің қастерлі қонысымыз. «Елдің елдігі ерінен танылар, елдің байлығы жерінен танылар» – демекші, ауылда өзінің айтулы істерімен халық жүрегінен орын алған азаматтар бар. Әрбір саналы азамат үшін өз халқына қызмет етуден басқа үлкен бақыт жоқ.
Еліміздің абырой-беделі әрі қарай өрлей беруі үшін жастарға білім алулары үшін қажетті жағдай жасалынуы керек деп ойлаймын. Бүгінгі сөз еткелі отырған қос азамат осындай өнегелі ісімен ауылдың мақтаныштары болып отыр.
Бақалы ауылының тұрғындары, яғни Ауған соғысының ардагері, өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып, шаруашылықпен айналысып жүрген жеке кәсіпкер Кенжехан Раздықов және С.Сейфуллин атындағы орта мектептің түлегі, қазіргі таңда осы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғалым Қожағұловты игі іс атқарған азаматтар деп айтсам қателеспеймін.
Қыс мезгіліне байланысты ауа райы да суып, қар жиі жауып, күннің ерте бататындығы баршамызға белгілі. Осындай қыс ауасы кезінде елімізде болып жатқан карантиндік шараға байланысты №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектеп бүгінде екі ауысымда оқушыларға білім беруде. Осы орайда, қазіргі таңда сабақ аяқталғанда оқушылар кеш, яғни қараңғыда үйлеріне қайтуда. Оған себеп, мектеп алдында жарықтың болмауы. Білім алып жүрген балалардың осындай суықта, қараңғыда үйлеріне қайтып жүргендігі ауылымыздың қос азаматын ойландырмай қоймады. Олар осы жағдайлардың бәрін ескере отырып, мектебіміздің алдын жарықтандыруға демеушілік жасап, игілікті іске өз үлестерін қосты. Енді оқушылар алаңдаусыз жарық көшемен үйлеріне қайтатын болды.
Білім алуға талпынған талаптының жай-күйін назардан тыс қалдырмаған, олардың мектепке қауіпсіз барып-келулеріне алаңдаған жанашыр азаматтарымыздың істері көңіл қуантады. Бізді қуантқан азаматтардың осындай істері мектеп оқушыларының шын қуанышы. Олар өздерінің ерекше ықыластарын жаудыруда.

Гүлзия Таласбаева,
№ 16 С.Сейфуллин атындағы
орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close