Basty bet

Балық шаруашылығы – байлық көзі

Ел экономикасы мен адамдардың тұрмыс сапасын арттырып, бизнестің тұрақты көзі болатын саланың бірі – балық шаруашылығы. Біздің еліміз балық қорына бай. Каспий теңізін қоспағанның өзінде су тоғандарының жалпы ауданы 5 млн гектар шамасында. Бұл жерлерде балық өсіру мен балық аулауды қарқынды дамытуға қолайлы жағдайлар жасалған. Кеңес Одағы тұсында республикада арнайы балық шаруашылығы министрлігі құрылып, жүйелі мемлекеттік саясат қалыптасқан болатын. Балық аулау мен балық өнімдері өндірісінің жалпы көлемі кей жылдары 111 мың тоннадан асқан. Мұндағы адамдар осы салада тұрақты жұмыспен қамтылып, табысты еңбек етті.

Қазір балық шаруашылығының осы мүмкіндігі толық пайдаланылмауда. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экономиканың жетекші саласы болған балық шаруашылығына жете көңіл бөлмегендіктен бұл сала құлдырауға ұшырады. Қазір де сол жағдайдан шыға алмай келеді. Алайда, елімізде соңғы жылдары балық шаруашылығына көңіл бөліне бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында балық шаруашылығына ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтқан болатын.
Балық еті адам денсаулығына өте пайдалы. Одан жасалатын өнімнен де түсім мол. Қазақстан аумағында Қызыл кітапқа енген балықтар – бекіре, көксерке, шортанның кейбір түрлері сұранысқа ие. Халыққа қолжетімді сазан, дөңмаңдай, сонымен қатар, сүйегі аз, еті дәмді көксерке балығы да өтімді.
Балық өсірушілер сазан, ақ амур, бақтақ түрлерін өсіру тиімді екенін айтады. Олар асырауға қолайлы, шығыны аз, су талғамайды.
Елімізде балық шаруашылығымен айналысушыларға кеңес беретін «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС балық шаруашылығының, оның ішінде гидробиология, ихтиология, аквамәдениет саласындағы барлық сұрақтарға әдістемелік-консультациялық көмек көрсетеді.
Негізінен егер технологияның барлық талаптары ескеріліп, қажетті температура мен дұрыс қорек жасалса, балық тез өседі.
Біздің ауданда балық шаруашылығымен бірқатар шаруа қожалықтары айналысады. Мысалы, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарының мәлімдеуінше, Жетітөбе ауылдық округі Кәріқорған ауылына қарасты «Қамбар» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлмира Наушабаеваның иелігіндегі «Қоңыртөбе -1» және «Қоңыртөбе-2» су айдындарында бүгінгі күнге балықты көбейту мақсатында 20 мың шабақ жіберілген. Алдағы уақытта карантиндік шектеулер аяқталғаннан кейін тағы да 20 мыңын жіберу жоспарлануда.
Сонымен қатар Нұрлыкент ауылдық округі Нұрлыкент ауылына қарасты «Боранды» шаруа қожалығының жетекшісі Айбек Елекбаевтың иелігіндегі «Теріс-Ащыбұлақ» су айдынына 2019 жылдың күзінде Жамбыл ауданында орналасқан «Сандель» ЖШС-нен 45 мың тұқы шабағын сатып алып жіберген. 2019 жылға бұл су айдынында балық аулаудың шектеуі 3 тонна болса, биылғы жылға шектеу зерттеулер арқасында 28 тоннаға дейін көтерілген. Бүгінгі күнге балық ауланып, Б.Момышұлы ауылының орталық базарына өткізіліп жатыр.
Ал, Ақсай ауылдық округі Диқан ауылына қарасты «Жургараева Ж.А.» ЖК иесі Жанат Жүрғараеваның иелігіндегі «Диқан» су айдынына 2019 жылдың күзінде Жамбыл ауданында орналасқан «Сандель» ЖШС-нен 3 мың тұқы шабағын сатып алып жіберген және ағымдағы жылы да 3 мың шабақ жіберу жоспарлануда. 2019 жылға бұл су айдынында балық аулаудың шектеуі 60 кг болса, биылғы жылға 60 кг аулауға шектеу қойылған. Алайда су айдыны бұлақ көздерінен толатындықтан суы салқын болу себебінен жіберілген шабақтар кішкентай болып, былтырғы жылы және ағымдағы жылы да балық аулау көзделіп отырған жоқ. Биылғы жылы «Таза ауа» акциясы барысында сенбілік жасалып, су айдыны айналасында күл-қоқыстан тазалау және талдар егу жұмыстары жүргізілген.
Шақпақ ауылдық округі Шақпақата ауылына қарасты «Ерсұл» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлжан Сабиева иелігіндегі «Төрт ауыл» су айдынына 2019 жылдың күзінде Жамбыл ауданында орналасқан «Сандель» ЖШС-нен 2,5 мың ақ амур шабақтарын сатып алып жіберген және ағымдағы жылы да 500 шабақ жіберу жоспарлануда. 2019 жылға бұл су айдынында балық аулаудың шектеуі 250 кг болса, биылғы жылға 250 кг аулауға шектеу қойылған. 2019 жылы су айдынынан балық ауланған жоқ, алайда биылғы жылы су айдынынан шектелген көлемде балық аулап, аудан базарына өткізілуде.
Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылына қарасты «Қырғызбаев» шаруа қожалығының жетекшісі Ботабек Кырғызбаев Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылы маңындағы «Ботақара» су айдынына 2017 жылдың күзінде Жамбыл ауданында орналасқан «Сандель» ЖШС-нен 6 мың сазан, тұқы шабақ және жылтыр тұқы шабақтарын сатып алып жіберсе, 2018 жылы сол балықтардың тағы 1 мыңын жіберген. 2019 жылы және ағымдағы жылы су айдынына балық ауламай тек басын көбейту үстінде. Былтырғы жылы «Ботақара» өзенінен 3 шақырым арық қазылып, «Ботақара» су айдынының деңгейін 2 м биіктікке дейін көтерген. Бүгінгі күнге су айдынының айналасын күл-қоқыстардан тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Шақпақ ауылдық округі Шақпақата ауылына қарасты «Пірәлі» шаруа қожалығының жетекшісі Пірәлі Амангелді иелігіндегі «Шақпақ» су айдынына 2019 жылдың күзінде Жамбыл ауданында орналасқан «Сандель» ЖШС-нен 2 мың тұқы шабақтарын сатып алып жіберген және ағымдағы жылы да 2 мың тұқы шабақтарын жіберу жоспарлануда. 2019 жылға бұл су айдынында балық аулаудың шектеуі 200 кг болса, биылғы жылға 200 кг аулауға шектеу қойылған. 2019 жылы су айдынынан балық ауланған жоқ, алайда биылғы жылы су айдынынан шектелген көлемде балық аулап, аудан базарына өткізілуде.
Жақында Жетітіөбе ауылындағы «Қамбар» шаруа қожалығының иелігіндегі «Қоңыртөбе-1» су тоғанына бардық. Тоғанның айналасына жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
-Былтыр қыркүйек айында «Бастау-Бизнес» жобасы асында балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2,5 млн теңге қаржы грант ұтып алғанмын. Ондағы мақсат – саланың дамуына өз үлесімді қосу.
Балық шаруашылығымен айналысу – тиімді кәсіптердің бірі.
Жалпы бұл жұмысты атқаруыма әкемнің бағыт-бағдары себеп болды. Онымен айналысуға толық мүмкіндік бар. Іргетасы қаланған. Яғни, әкем Қанат Наушабаев су тоғанына 1998 жылдары сазанның шабақтарын жіберген болатын. Ондағы мақсаты – ауыл тұрғындары балық ауласын деген ой болатын. Содан бері біраз уақыт өтті. Өзіміз де, ауыл тұрғындары да игілігін көрді. Енді қайта қолға алатын кез келді.
Былтыр қазан айында 25 мың шабақ жіберсек, биыл сәуір айында 667 кг шабақ жіберілді. Шабақтар сазан және тұқы балықтарының тұқымдары.
Ақпан айынан бастап екі кісіні жұмысқа алдық. Олар балықтардың жемін беріп, суды уақтылы тазалап тұрады. Қысты күні мұзды ойып, балықтарды азықтандырады. Балықтар бірінші және екінші тоғандарға жіберілді,- дейді грант иесі Ерболат Қанатұлы (суретте).
Ауданымызда балық шаруашылығымен айналысатын шаруалар істі мықтап қолға алып, оны әрі қарай дамытуға күш салса, Үкімет тарапынан нақты қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, балық шаруашылығы тек табыс көзі ғана емес, балық – адам денсаулығын да өте пайдалы азық. Сондықтан оның түрінің көп болғаны, бағасының қолжетімді болғаны халыққа да, мемлекетке де үлкен пайда.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close