Basty bet

санитариялық автокөліктер берілді

Биылдан бастап денсаулық сақтау саласында «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қолға алынған болатын. Аталған бағдарламаға сәйкес мемлекет тарапынан қазіргі таңда бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге басымдық беріліп отырғаны белгілі.

Қалың көпшілікке белгілі, биыл пандемияға байланысты дүние жүзі елдерінде аса күрделі жағдай қалыптасып отыр. Біздің ауданның жұртшылығын да коронавирустық инфекция айналып өткен жоқ. Осы ретте алғашқы медициналық көмектің, медициналық кешен автокөліктерінің қажеттілігі екі есеге арта түсті.
Міне, Тәуелсіздік күні қарсаңында республикалық бюджет қаражаты есебінен аудандық орталық ауруханаға қарасты денсаулық сақтау мекемелеріне «Жылжымалы медициналық кешен» (арнайы жабдықталған автобус), одан бөлек, бес дана санитариялық автокөлік берілді.
Тәуелсіздік күніндегі қуанышқа аудан әкімі Нарбай Ергебеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов қатысып, сөз сөйледі. Аудан басшысы Н.Ергебеков өз сөзінде биылғы пандемия кезінде кәсіпкер азаматтардың денсаулық сақтау ісін дамытуға қосқан қомақты үлестерін атап өтсе, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Х.Мырзақасымов та облыс тұрғындарына сапалы медициналық қызметтің ұдайы көрсетіле беретінін тілге тиек етті.
Екі бірдей «LADA LARGUS» санитариялық автокөлігі аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Айтбаеваға, сонымен қатар, аурухананың аға фельдшері Орынбасар Егізбаевқа берілді. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға да санитариялық көліктердің беріліп отырғанын айта кеткен жөн. Атап айтсақ, Қошқарата, Қарасаз, Ақтөбе дәрігерлік амбулаторияларының аға дәрігерлеріне үш дана «УАЗ 396295-4550» маркалы санитариялық автокөліктердің кілттері салтанатты жағдайда тапсырылды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close