Basty bet
Алатау ауылында мектеп салынады
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны Қызыларық ауылдық округінде жалғасты. Ақтөбе ауылдық мәдениет үйінде өткен жиынға аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Нұралиев, аудан әкімдігінің сала бойынша ұсыныс жасалған бөлім басшылары мен мекеме басшылары қатысып, ауыл тұрғындары шақырылды.
Есеп беру жиынын ауылдық округ әкімі Марат Қасымбеков ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Есен Әлиасқаров өткен жылда атқарған жұмыстары туралы баяндады. Өткен жылы ауылдық округте төрт қылмыс тіркеліп, барлығы ашылған. Ауылдық округте қылмысты болдырмау және алдын алу мақсатында 153 әкімшілік хаттама толтырылған. Тұрғындар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және кәмелетке толмағандар арасында қылмысқа жол берілмеген. Ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірлесіп, белгіленбеген жерлерге күл-қоқыс қалдықтарын тастағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік жаза ретінде 32 азаматқа ескерту жасалған. Сонымен қатар, жолда жол жүру ережесін бұзғаны үшін 63 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған.
Одан әрі қарай ауылдық округ әкімі Марат Қасымбековтың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2021 жылға атқаратын міндеттері туралы қорытынды есебін көпшілікке баяндалды. Ауыл әкімі жүйелі жұмыстарды саралай келе, 2020 жылы атқарылған шаралардың нәтижесінде округтің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы қамтамасыз етіліп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жылдан-жылға артып келе жатқанын жеткізді. Біршама жұмыстар қолға алынып, тұрғындардың өтініштері мен сұраныстары қараусыз қалмаған. Салық түсімдері уақтылы жиналып, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес 364 қызмет түрі көрсетілген. Аймақ тұрғындарының дені ауыл шаруашылығы саласымен айналысып, кәсіпкерлікке бет бұрған. Осы ретте, мұнда өткен жылы 157 кәсіпкерлік субъект, яғни оның ішіндегі 37 жеке кәсіпкер, 120 шаруа қожалық тіркелген.
Округте мал басы жылдан-жылға артып отыр. Мәселен, округте 1978 бас мүйізді ірі қара, 11309 бас қой-ешкі, 1013 бас жылқы және 6295 бас құс бар. Мал басының кейбір түрлері есепті жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда артып, кейбірі кеміген екен. Сонымен қатар, округтің шаруа қожалықтарының дені картоп өнімін өсіріп-баптаумен айналысады. Осы мақсатта, өткен жылы «Тараз» ӘКК арқылы шаруалар 140,0 млн теңгені құрайтын 10 дана жаңа тракторды қосалқы бөлшектерімен сатып алған. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникалары паркі 70 процентке жаңартылған.
Ауылдық округте құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мұнда автомобиль жолдары жөнделіп, бірнеше көше жарықтандырылған. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында инфрақұрылым жобаларын іске асыру тәртібіне сәйкес Алатау ауылын ауызсумен қамтамасыз етуге 155792,0 мың теңге қаржы, Сұрым, Теріс-Ащыбұлақ ауылдарын ауызсумен қамтамасыз етуге 151846,0 мың теңге қаржы қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, «Байсын-А» ЖШС жеңімпаз болып табылып, ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы жоба аясында жұмыссыз жүрген 51 адам жұмысқа тартылған.
Елді мекенде қордаланған мәселенің бірі яғни, Алатау ауылында «100 орындық орта мектеп құрылысын салу» жұмыс жобасы бойынша қорытынды алынған. Аудандағы елдімекендерді дамыту жоспарына сәйкес Алатау ауылына мектеп құрылысын жүргізу 2021-2022 жылдарға жоспарланған. Сонымен қатар, ауыл әкімі 2021 жылға әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы да баяндап өтті.
Келесі кезекте аудан әкімі Нарбай Ергебеков өткен жылы ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар туралы баяндады.
Көпшілік өткен жылы атқарылған жұмыстармен танысып, жарыссөзге шықты. Жарыссөзде алғашқылардың бірі болып жергілікті қоғамдастық төрағасы Серік Садиров сөз алып, кез келген іс-әрекеттің сұрауы бар екенін тілге тиек ете келе, ауызбіршілік пен ынтымақта атқарған тірліктің берекесі болатынын атап өтті. «Бүгінде елімізде ауылға көп көңіл бөлінуде. Өткенге көз жүгіртсек, былтыр өңірде тұрғындарға қажетті жол, жарық, ауызсу, табиғи газ мәселелері шешімін біртіндеп тауып жатыр. Алайда үнемдеуді, ысырап етпеуді үйренуіміз керек. Ауыл тазалығы – баршаға ортақ. Ауылына қарап, азаматын таниды. Сондықтан барша тұрғынды ауызбіршілікке, үнемшілдікке, тазалыққа шақырамын» деді ол.
Одан кейін Тоқтағұл Құдайқұлов сөз алып, округтегі мектеп салу мәселесінің шешімін тапқанына ризашылығын білдірді.
Теріс-Ащыбұлақ ауылының тұрғыны елдімекендегі Айнабұлақ көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізсе, Шаркүл Исматова өзі құрған шаруа қожалығына әлі күнге дейін жер берілмегенін, ауылды көріктендіруге атсалысуы үшін тал-дарақ егу жоспарында бар екенін айтып өтті.
Тұрғындар тарапынан ауа райының қолайсыз күндері жарықтың өшіп қалатыны, иттердің бос жүруі, жайылым жер, ағынсу мәселелері көтерілді. Олардың тарапынан түскен сұрақтарға аудан әкімі Н.Ергебеков және тиісті сала басшылары жауап берді.
Аудан басшысы шаруасы шалқыған қызыларықтықтардың ісіне сәттілік тілеп, жастарды еңбекке баулып, ауылдың тазалығына біркісідей атсалысуға шақырды.
Беттегі суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ